• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Жастар Кеше

«Тәуелсіздік ұрпақтарының» рухани қазынасы

50 рет
көрсетілді

Алматыда өнерсүйер қауым ерекше рухани кештің куәсі болды. А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектебінің «Giovani Talenti» камералық оркестрі еліміздің композиторлары шығармаларынан құралған жаңа жинақтың тұсаукесер концертін өткізді.

Жас таланттардан тұратын «Giovani Talenti» каме­ралық оркестрінің ре­пер­туарындағы «Қазақстан компози­тор­ларының шығармалары» жинағын өнер­танушылар жылы қабылдады. Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған «Тәуел­сіздік ұрпақтары» мемлекеттік гранты аясында жарық көріп отыр.

Жинаққа енген туындылар — өнер­ге өз өрнегімен келген талантты жас композиторлардың камералық оркестр­ге арналған шығармаларын қам­тыған. Жоба авторлары жинақты шығарудағы мақсат дарынды музы­кант­тарға қолжетімді, әрі сапалы ұлттық репертуар ұсыну болғанын айтады. Өнер­танушылардың сөзінше, жинақ болашақ өнерпаздардың кәсіби дамуы­на, ұлттық музыканы терең тануына ықпал етпек.

Кеште «Giovani Talenti» оркестрі  Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектептің 25 шәкірті өнер көрсетті. Олар Бах, Чайковский, Григ сияқты классиктердің туындыларын, сондай-ақ отандық композиторлардың премье­ралық шығармаларын орындап, кө­рермен ықыласына бөленді.

Шеберлік пен шабыт тоғысқан оркестрге халықаралық деңгейдегі дирижер, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпазы Аршат Шәріп жетекшілік етті. Кеш шы­мылдығын П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының түлектері — Карина Измайлова мен Абылай Нұрлыбек ашып, олардың кәсіби орындау шеберлігі мен сахна мәдениеті көрермендерге рухани демалыс сыйлады. Іс-шара еліміздегі ака­демиялық музыка мектебінің негізін қалаушы, ұлт мәдениетінің алыбы Ахмет Жұбановтың туған күніне орай ұйымдастырылып отыр.

«Ұлы ұстаздың өнер мұрасын ұлық­тау — бүгінгі ұрпақтың парызы. Музыка тілі адамзат баласын бір-бі­ріне жақындастыратын құдірет. Өнер­де шекара болмайтыны сондықтан. Халқымыздың рухани бай мәдениеті ұлттық музыкамыздың өзегінде жатыр. Оны заманға сай түрлендіру, әрі қарай дамыту – жас композиторларға жүктелетін жауапты міндет. Жобаға қол­дау көрсеткен жандарға алғыс айтамыз», дейді «Мәдениет» бағыты бойынша «Тәуелсіздік ұрпақтары» мемлекеттік грантының жеңімпазы Аршат Шәріп.

Айтулы кеш Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы ұсынған «Дәуірлер үндестігі» көрмесіне ұласты. Көрме ұлт аспаптарын орындау мен зерттеп-зерделеуді биік белеске көтерген еліміздің композиторлық мектебін қа­лыптастырушы, алғашқы кәсіби музыкатанушы Ахмет Жұбановтың өмір тынысы мен шығармашылық мұрасынан сыр шертеді. 1945 жылы А.Жұбановтың басшылығымен консерваторияда Ха­лық аспаптары кафедрасы құрылып, кафедра 1980 жылы Халық аспаптары факультеті ретінде аясын кеңейткен бо­латын. Ұлтымыздың кәсіби ауызша орындаушылық дәстүрлерін жандандыру мақсатымен факультет жанынан 1987 жылы ашылған «Халық әні» кафедрасы да өнер кеңістігінде қаншама таланттарды қанаттандырған киелі шаңырақ.

 

АЛМАТЫ