Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рамазан Тоқтаровқа Павлодар қаласынан көше берілді. Бұдан былай облыс орталығындағы Молодогвардейцев көшесі қаламгердің атымен аталатын болды.
Павлодар облысы әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулысы мен шешімі осы аптада жарияланды. Бұл жазушының биылғы 90 жылдық мерейтойы аясында атқарылған игілікті істің бірі болғаны даусыз.
Қаламгерге туған қаласынан көше атын беру, Р.Тоқтаровтың шығармашылығын насихаттау жайында «Egemen Qazaqstan» газеті осыдан төрт жыл бұрын арнайы мақала жазған болатын. Әрі бұл мәселені осы уақытқа дейін жіті назарда ұстады. Соның нәтижесінде, 20 жыл бойы сетінемей тұрған сең қозғалып, Ертіс-Баян өңірінде қаламгерді дәріптеуге қатысты оң өзгерістер басталды.
– Рамазан Тоқтаровтың кітаптары цифрлық форматқа көшірілді. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханадан жазушыға арналған бұрыш ашылды. Оған қаламгердің жеке кітапханасынан әкелінген кітаптар мен қолжазбалар, басқа да жәдігерлер қойылды. Рамазан Тоқтаровқа Мемлекеттік сыйлық әперген «Абайдың жұмбағы» романы «Foliant» баспасынан қайта басылып шықты. «Абай» телеарнасы жазушы туралы деректі фильм түсірді. Енді, міне, Павлодар қаласынан көше беріліп отыр. Осы игі істердің барлығы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақала ел басшылығы мен әдебиет сүйер жұртшылықтың назарын аударғаннан кейін атқарылғанын атап өткен дұрыс, – дейді Р.Тоқтаров-тың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген белгілі журналист Фархат Әміренов.
Рамазан Тоқтаров Павлодар қаласында туған. Енді «Ертіс перзенті» авторының атында көше бар.
Павлодар