Қарағанды облысында «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6505 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері ерлік танытты, деп жазады Egemen.kz.
Ефрейторлар Асхат Байсеитов, Қыдырбай Ерлан, Вячеслав Қожахметов және 3 сынып сержанты Михаил Бубнов қызметке бара жатқан жолда Долинка кентіндегі тұрғын үйдің өртеніп жатқанын байқап қалады.
Әскерилер еш ойланбастан оқиға орнына дереу жетіп, өрт шалған үйге кірді. Олар іште қалған үш баланы қауіпсіз жерге алып шықты. Тек балаларды ғана емес, үй ішіндегі жарылыс қаупі бар 50 литрлік газ баллонын да сыртқа шығарып, үлкен апаттың алдын алды.
– Бұл – біздің міндетіміз! Біз өрт шалған үйді байқап, бірден көмек көрсетуге кірістік. Бұл әрекетімізді ерлік деп санамаймыз, бұл — біздің қызметіміздің бір бөлігі, — дейді ұландықтар.
Әскери қызметкерлердің батыл әрі шапшаң әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың алды алынды. Олар азаматтық борыштарын абыроймен орындап, нағыз ерлік үлгісін көрсетті.