Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында жаңа музыкалық өнер мектебінің құрылысын бастау шеңберінде уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Аталған мектептің құрылысы – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қайтарылған капиталды халық игілігі үшін тиімді пайдалану аясында Үкіметпен мақұлданған әлеуметтік жобалардың бірі, деп жазады Egemen.kz.
Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Бас прокуратураның активтерді қайтару комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков, облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев және ауыл тұрғындары қатысты. Жергілікті ақсақалдың батасынан кейін қатысушылар болашақ ұрпаққа арналған уақыт капсуласын салды. Құны 890 млн теңге тұратын 300 оқушыға арналған жаңа мектеп көршілес ауылдардың оқушыларын да қабылдайтын болады.
Іс-шара барысында Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет арнайы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту салаларында 280 әлеуметтік нысанның құрылысын қаржыландыру үшін қаражат бөлгені айтылды. Бүгінге мемлекет пайдасына жалпы сомасы шамамен 610 млрд теңге көлемінде активтер қайтарылған, оның ішінде 506 млрд теңге – ақшалай қаражат, 103 млрд теңге – мүлік.
Айта кетейік, бұған дейін ауылда 1974 жылы салынған, қазіргі таңда апатты жағдайда тұрған музыкалық мектеп жұмыс істеп келген болатын.