Өткен апта бойынша спортшылардың жеңістері туралы шолу мағлұмат – сала министрлігінен мәлім болды, деп жазады Egemen.kz.
Спорттық гимнастика: Каир (Мысыр) қаласында Әлем кубогі кезеңінде Милад Карими топ жарды. Ол еркін жаттығу финалында 14.133 ұпай жинады.
Дзюдо: Таиландтың Бангкок қаласында Азия чемпионатында қоржынға 4 қола медаль түсті: Ғалия Тынбаева (48 кг), Шерзод Давлатов (60 кг), Бақыт Құсақбаева (57 кг), Максим Мейірлан (90 кг).
Волейбол: Филиппинде әйелдер командалары арасындағы Азия чемпиондар лигасында «Жетісу» командасы финалда Вьетнам клубын 3:1 есебімен ұтып, жеңімпаз болды.
Таэквондо: Қытайдың Тайань қаласында President’s Cup – Asian Region турнирінде отандық спортшылар 3 медаль жеңіп алды. Самирхон Абабакиров (63 кг) күміс жүлдегер атанса, Батырхан Төлеуғали (80 кг) және Азиза Қаражанова (53 кг) қола жүлдегер атанды.
Көркем гимнастика: Ташкентте Әлем кубогі кезеңінде Қазақстан командасы топтық сында үздік үштіктің қатарына енді. Команда құрамында Жасмин Юнусбаева, Айзере Кеңес, Аида Хәкімжанова, Мадина Мырзабай, Айзере Нұрмағамбетова бар.
Велоспорт: Қытайда велотректен Hong Kong International Track Cup турнирінде Қазақстан велошабандоздары 2 күміс пен 1 қола медаль еншіледі.