Сенатор Айгүл Қапбарова Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында мыңдаған қазақстандықтардың осы уақытқа дейін мемлекет мойындамаған және Ұлттық жіктеуішке енгізілмеген жаңа цифрлық және заманауи кәсіптерде жұмыс істеп жүргеніне тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сенатордың айтуынша бұл мамандарды құқықтық және әлеуметтік қорғаудан айырады, кадрларды жүйелі даярлауға кедергі келтіреді және салық ашықтығын төмендетеді.
«Елімізде мыңдаған адам ресми классификаторда жоқ мамандық иесі ретінде жұмыс істеп жүр. Алайда олардың көбі көлеңкелі секторда жұмыс істейді, кәсібі ресми тіркелмеген. Бұл – еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдіктерден айырылған үлкен аудитория. Бүгінде «IT маманы», «цифрландыру саласы», «интернет технологиялары» деген кең ұғымдар өз ішінен жүздеген түрлі жеке мамандықтарға бөлінген. Бұл мамандықтардың әрқайсысы нақты кәсіби қызмет, нақты құрал мен нақты нарықтық сұранысқа ие», деп атап өтті Қапбарова.
Сенатордың пікірінше 1 миллионнан астам адам бейресми түрде және олардың біліктілігін мойындамай жұмыс істеуі ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл осындай жұмысшыларды әлеуметтік қорғауды қиындатады және адами капиталды тиімсіз пайдалануға әкеледі.
«Нарықта тұрақты сұранысқа ие цифрлық және заманауи мамандықтарды Ұлттық кәсіптер классификаторына енгізу керек. Сала сарапшылары мен қауымдастықтарымен бірлескен сараптамалық топ құру, бейресми секторда жұмыс істеп жүргендердің дағдыларын тану тетіктерін дамыту керек. Салық және әлеуметтік жүйеге бейімделіп, NEET санатындағы жастарды интеграциялау, оларды өз әлеуетін кәсіби түрде дамытуға ынталандыру керек. Еңбек нарығының заманауи құрылымын қамтитын жаңа статистикалық есеп құралдары енгізілуі тиіс», деп атап өтті Қапбарова.