Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы судьяларының IX Съезінде берілген тапсырмаларын іске асыру барысы туралы кеңес өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Д. Малахов өз сөзінде Академияның ведомстволық бағыныстылығының өзгеруі — Қазақстанның сот жүйесі үшін кадрлар даярлау сапасын күшейтуге бағытталған тиімді тәсілдерді әзірлеу жөніндегі жаңа стратегиялық шешім болатынын атап өтті.
«Академияның білім беру бағдарламалары қазіргі заманғы талаптарға сай болып қана қоймай, олардан озып, өзекті және сұранысқа ие болуы керек», дейді ол.
Сот төрелігі академиясының вице-ректоры Қ. Мусин Академияның Жоғарғы Соттан Жоғары Сот Кеңесінің қарауына берілген сәттен бергі қызметі туралы презентацияны ұсынды. Ол аталған оқу орнының негізгі жетістіктері мен жұмысында қолданылатын жаңа тәсілдерін атап өтті.
Жоғары Сот Кеңесі Сот төрелігі академиясымен бірлесіп болашақ судьяларды даярлау сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы маңызды қадам Кеңес Төрағасы Дмитрий Малаховтың Сот төрелігі академиясының 2025-2027 жылдарға арналған даму Тұжырымдамасын бекітуі болды, оның шеңберінде бастамалардың тұтас кешені іске асырылып жатыр. Олардың қатарында криминалистикалық полигон ашу, Академияның ғылыми қызмет субъектісі ретінде аккредитация алуы, Академияның жаңартылған ғылыми журналының шығуы, сондай-ақ ғылыми-педагогикалық магистратура мен докторантураны ашуға дайындық кіреді.
Кеңеске қатысушылар еліміздің кәсіби судьялар корпусының әлеуетін одан әрі нығайту үшін қабылданып жатқан шаралар мен жаңа тәсілдердің тиімділігін айтып, аталған жұмысты одан әрі жалғастыру керектігін атап өтті.
Қабылданған шаралардың кешені — ашықтықты қамтамасыз етуге, сот жүйесі мен Жоғары Сот Кеңесінің имиджін нығайтуға, сондай-ақ қоғам мен азаматтардың жалпы сот төрелігіне деген сенім деңгейін арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Е.Жиенбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің тұрақты Комитеттерінің төрағалары Н.Бекназаров пен С.Имашева, Сот әкімшілігінің басшысы Н. Ахметзакиров, сондай-ақ Парламентінің депутаттары, Президенті Әкімшілігі, Сот әкімшілігі және Жоғары Сот Кеңесі өкілдері қатысты.