Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың тарағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, онда депутаттар бірқатар заң жобаларын қарады. Атап айтсақ, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау жобасын жұмысқа қабылдап, зияткерлік меншік, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері қамтылған заң жобаларын бірінші оқылымда талқылады.
Авторлық құқық мәселелері пысықталды
«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жалпы отырыста Әділет министрі Ерлан Сәрсембав таныстырды.
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар зияткерлік меншік мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Түзетулер Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатымен әзірленген. Заң жобасында зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғау, оны дамытуға қолайлы жағдай жасау, елге инвестиция тарту және креативті экономиканы дамыту үшін қосымша құқықтық құралдар қарастырылған.
Заң жобасы Азаматтық кодекске (Ерекше бөлім), «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекске және бес заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
– Түзетулердің негізгі бағыттары – біріншіден, хабар тарату ұйымдарының құқықтарын нақтылау. Яғни авторлық құқық туралы заңды Рим конвенциясының ережелеріне сәйкестендіру үшін хабар тарату ұйымының айрықша құқықтары мен авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу тізбесінде нақтылау енгізіледі. Екіншіден, заңды Марракеш шартына сәйкестендіру үшін, яғни жария етілген туындыларды шартсыз пайдалану енгізіледі. Автордың немесе құқық иесінің келісімінсіз туындыларды Брайль шрифтімен немесе көру қабілеті шектеулі адамдарға туындыларға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін басқа да тәсілдермен жаңғыртуға рұқсат етіледі, – деді Әділет министрі Е.Сәрсембаев.
Түсіндіріп айтсақ, авторлардың жарияланған туындыларын таратуға, көпшілікке жеткізуге және көпшілік алдында орындауға байланысты құқықтарына қосымша шектеулер енгізіледі. Осылайша, зағиптар мен көру қабілеті бұзылған немесе баспа өнімдерін қабылдау қабілеті шектеулі адамдар авторлардың келісімінсіз баспа өнімдері мен жарияланған туындыларға қол жеткізе алады.
Сондай-ақ министр заң жобасы аясында өтінім берушінің өтініші бойынша тауар белгілеріне жедел сараптама енгізу ұсынылатынын атап өтті. Қазір тауар белгілеріне өтінімдер бойынша сараптама мерзімі өтінім берген күннен бастап жеті айды құрайды, бұл мерзімді қысқарту мүмкіндігі жоқ. Жедел сараптама тауар белгілерін құқықтық қорғауды үш ай ішінде (жеті айдың орнына) алуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе жоғары бәсекелестік кезінде, оның ішінде электрондық коммерцияда жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілері үшін өзекті болып отыр.
– Бұған қоса тауар белгілері иелерінің немесе мүдделі тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін тауар белгісі ретінде тіркеуге мәлімделген белгілерге қарсылықтарды жіберу мерзімін бір айдан екі айға ұзарту ұсынылды. Қарсылықтарды беруге қосымша уақыт тауар белгілеріне өтінімдерді қараудың әкімшілік тетігінің тиімділігін арттырады, сондай-ақ соттағы және сотқа дейінгі шағымдар санын азайтады, – деді министр.
Сондай-ақ ол Патент заңына формальді сараптама жүргізу кезінде іс жүргізуді тоқтатуға қатысты түзетулер енгізілетінін де айтып өтті.
Тауар таңбасын тіркеу жеделдетіледі
Зияткерлік меншік мәселелері жөніндегі заң жобасында таңбаларды тауар белгілері ретінде сараптау мен тіркеуді жеделдету нормасы қарастырылған. Алдын ала сараптама жүргізу мерзімін өтініш берілген күннен бастап бір айдан 10 жұмыс күніне дейін, ал толық сараптама жүргізу мерзімін жеті айдан үш айға дейін қысқарту ұсынылады. Бұл дамушы брендті пайдаланудан пайда табуға байланысты үшінші тұлғалар тарапынан болатын жосықсыз іс-қимылдардың алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ патенттік сенім білдірілген өкілдерді дараландыру құралдары мен өнеркәсіптік меншік объектілері бойынша мамандандыру енгізіледі. Оның болмауы қазіргі уақытта зияткерлік меншіктің жекелеген салаларында, әсіресе техникалық күрделі салаларда сараптамалардың шектелуіне әкеледі.
Заң жобасын талқылау барысында депутат Нартай Сәрсенғалиев Әділет министрі Ерлан Сәрсембавқа авторлық қоғамдардың құқығы және фонограмма жасаушылар мен орындаушыларға сыйақы төлеу туралы сұрақ қойды.
– Елімізде 15 авторлық қоғам бар. Бірақ олар авторлардың құқығын өте қатты бұзып отыр. Мәселен, автордың шығармасы орындалады және сол үшін авторлық қоғамға ақша түседі. Осы ақшаның 70 пайызы аталған қоғамда қалса, 30 пайызы автордың өзіне барады. Нақты дерекке тоқталсақ, 2023 жылы ұжымдық авторлық басқару ұйымдарына елімізде 1 млрд 550 млн теңге түскен. Соның ішінде 439 млн теңгесі ғана авторларға барған, яғни үштен бір бөлігі. Дәл осы заңсыздықты қашан түзейсіздер? Өйткені Шәмші Қалдаяқовтың 55 әнін орындағаны үшін авторлық қоғамдар үш айда композитордың ұрпағына 22 мың теңге төлеген, қазір ол сома 18 мың теңгеге түсіп кетті. Екіншіден, осы заңның 39-бабына қарасақ, фонограмманы эфирге бергендер және сол фонограмманы ретрансляция жасағандар енді фонограмманы жасаушылар мен орындаушыларға тағы сыйақы төлеу керек деп көрсетілген. Депутаттар фонограмманы жою керек деп күресіп отыр. Ал сіздер сыйақы төлеуді қамтығансыздар. Бұл қалай болғаны? Осы тетік фонограмманы жасаушыларды одан әрі жасанды музыкаға итермелейді, – деді Н.Сәрсенғалиев.
Ал Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев бұл мәселе өте күрделі екенін жоққа шығармады.
– Осы мәселені шешу үшін екі қадам керек. Біріншіден, заңгерлік жағынан тиісті заңдарға өзгеріс енгізу керек. Екіншіден, ұйымдастыру жағын қамту қажет. Біз тиісті платформаны әзірлеп жатырмыз, оны күзге дейін даярлаймыз. Бүгін Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы толық қабылданып, Президент қол қойғанға дейін Әділет министрлігі ұйымдастыру жағын қамтамасыз етеді деп санаймын. Осы орайда аталған мәселеге қатысты тиісті шешім жасалады. Ал фонограмма мәселесіне тоқталсам, заң жобасын екінші оқылымға дейін жұмыс тобының отырысында пысықтауға мүмкіндігіміз бар, – деді Е.Сәрсембаев.
Суқоймаларын салу ісі ілгерілейді
Су қоймаларын салу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мен орман алқаптарын алып қоюға рұқсат етіледі. Бұл туралы жалпы отырыста «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Сенат депутаты Ольга Булавкина мәлімдеді.
Мәжіліс депутаттардың бастамасымен әзірленген орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы осы салалардағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатымен әзірленген.
Жоба аясында Жер және Орман кодекстеріне және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылысжайларын және селден, топырақ көшкінінен, қар көшкінінен қорғау құрылысжайларын салуға, олардың жұмыс істеуі үшін суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын, ауыл шаруашылығы, биологиялық және ирригациялық-мелиорациялық, балық шаруашылығы бейініндегі ғылыми зерттеу және оқу орындарының тәжірибелік алқаптарының жерлерін, орман және су қорын алып қоюға рұқсат беріледі. Ауылды елді мекендердің және әлеуметтік (емдеу және білім беру мекемелері, қазіргі зираттар), инженерлік инфрақұрылым (кәріз-тазарту құрылысжайлары, электр беру желілері) объектілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін ауыстыру құқығы беріледі. Сондай-ақ инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету желілерінің коммуникацияларын салуға мемлекеттік орман қоры жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру да мүмкін болады. Сонымен қатар Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының арнайы бөлінген учаскелерінде жергілікті халықтың мұқтажы үшін шөп шабу мүмкіндігі мәселесі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен шешілмек.
Сан салаға бағытталған сауалдар
Жалпы отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қаралып болғаннан кейін депутаттар құзырлы органдардың басшыларына бағытталған сауалдарын жолдады. «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Премьер-министр Олжас Бектеновке Жайық өзенін ерекше республикалық маңызы бар су объектілерінің тізіміне енгізу туралы сауалын жолдады.
Ол бұл өзекті мәселені осымен үшінші Премьер-министрдің атына төртінші мәрте жолдап отырғанын жеткізді. Яғни бірнеше жыл бойы шешілмей келе жатқан түйкіл – стратегиялық және экологиялық маңызы зор Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері тізбесіне енгізу туралы сауалын кезекті мәрте жолдауға мәжбүр болып отырғанын айтты.
– Жайық өзені Еуропадағы ұзындығы бойынша үшінші орын алатын, еліміздің маңызды су артериясы екені бәрімізге мәлім. Өкінішке қарай, ол кейінгі жылдары өзінің экологиялық тұрақтылығын күн санап жоғалтып келеді. Мәжіліс депутаттарының алдыңғы сауалдарына қарамастан, бүгінге дейін аталған өзенге ерекше мәртебе беру бойынша нақты қадамдар жасалған жоқ, – деді депутат.
Яғни Жайық өзені өзінің аса зор маңыздылығына қарамастан, ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері тізіміне әлі күнге дейін енгізілмепті. Соның салдарынан қазіргі таңда өзен суын бақылаусыз пайдалану, өнеркәсіпте суды қайталама айналымға енгізу жүйесінің болмауы, су қоймаларының келісілмей салынуы, ластану деңгейінің артуы және экожүйенің бұзылуы секілді проблемалар етек алып, жұртшылықты алаңдатып отыр.
Депутат бұл жағдай мемлекеттік деңгейде шұғыл әрі батыл әрекеттерді талап ететінін мәлімдеді.
Депутат Жұлдыз Сүлейменова Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке кітапханашы мамандығының тартымдылығын арттыру туралы жолдаған депутаттық сауалында бұл салада әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер бар екенін жеткізді. Ол білім саласындағы ұлттық классификатор мен жоғары білім беру бағдарламаларын қайта қарап, «Кітапхана ісі» мамандығын дербес білім беру бағыты ретінде бөлек қарастыру қажеттігін айтты.
«Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Таңсәуле Серіков Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа ым-ишара (ым-жым) тілі туралы депутаттық сауалын жолдаса, Наталья Дементьева да вице-премьер Ермек Көшербаевқа кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтуді ұсынды. Қазақстан Халық партиясы фракциясының мүшесі Сейтжан Кенжеғұл мүгедектігі бар адамдарға кәсіптік білім беру төңірегіндегі мәселені көтерді.