• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Сәуір, 2025

«Самұрық-Қазына» қорының үшінші креативті хабы Оралда ашылды

30 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан өңірі шығармашыл жастардың орталығына айналады. Дизайнер, аниматор, музыкант, креаторлар және басқа да өнер және мәдениет мамандары аймақта жаңа жобаларды жүзеге асырмақ.

Облыс орталығы Оралда Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен серіктестікте «Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен «OzgeEpic Oral» креативті хабы жұмысын бастады. Өнер, технология және зияткерлік ізденісті біріктіретін орталықтың салтанатты ашылуына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, креативті жастар мен шығармашылық қауым өкілдері қатысты. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шығармашылық индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр.

Жобаға «Samruk-Kazyna Trust» қоры 211 млн теңге бөлді. Бұл қаржы ғимараттың дизайнына, кеңістікті заманауи жиһазбен және жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықтауға жұмсалды. Алдағы уақытта креативті индустрия саласында 200 жаңа маман даярланады. Соның ішінде 10 маман-аниматорды оқыту арқылы облыста алғашқы анимациялық студия құру жоспарланып отыр. 

«Бүгін дарынды жастар мен шығармашылық саланың азаматтары үшін маңызды күн. Себебі халыққа қажетті, сұраныстағы түрлі контент дайындайтын әрі креативті мамандардың кәсіби ортасын қалыптастыратын орта пайда болды. Оралдағы ор­талық – «Самұрық-Қазына» қо­рының елімізде ашқан үшінші креативті хабы. Осыған дейін Ақтөбе мен Пет­ропавлда пайдалануға берілді. Жалпы, Батыс Қазақстанда кейін­гі төрт жылда 1,5 млрд теңге бола­­тын 16 әлеуметтік жоба жа­са­дық. Солардың бірі жыл сайын 700 ерекше бала көмек алатын «Қамқорлық» оңал­ту ор­та­лықтары. Қазіргі таңда тас­қын салдарынан зардап шеккен Жаңа­өмір ауылында көп­функ­ционалды спорт кешенін салу жоспарланған. Бұл да Қор компаниялар тобының өңір­лердің инфрақұрылымын да­мытуға, халықты әлеуметтік қол­дауға жасап жатқан қада­мының бірі», деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

«OzgeEpic Oral» хабы екі қа­баттан тұрады: төменгі қабатта – театр, концерттік алаң, кинозал, кітапхана мен кафетерий, ал жоғарғысында – галерея, музей, дәрісхана, коворкинг, АІ зерт­ханасы, мультимедиялық көрме және өндірістік цехтар бар. Мұнда тұрғындар спек­такль­­дер мен анимация жа­сауға, дуб­ляжға және басқа да шығар­машы­лық жобаларға менторлар жете­кшілігімен қатыса алады. Хаб креативті жастарды бірікті­ретін заманауи медиаконтент орталығы­на айналмақ. Сонымен бірге шығар­­машылық пен кәсіпкерлікті ұштастыру міндеті бар.

Айта кетейік, 2020 жылдан бері «Samruk-Kazyna Trust» қоры Батыс Қазақстан облысында жалпы сомасы 1 млрд 494 миллион теңгені құрайтын 16 әлеуметтік жобаны қолдаған болатын.

 

Батыс Қазақстан облысы