Атырау облысында Ресеймен арадағы шекараға таяу, бірақ аудан орталығынан 200 шақырым қашықта орналасқан 10 елді мекен бар. Бұл ауылдарға жеткізетін жолға қиыршық тас та, асфальт та төселмеген. Бірақ жыл сайын облыс бюджетінен қара жолдағы сазды топырақты қыру, тегістеуге ғана қаржы бөлінеді.
Саз төселген жол
Еліміздің батыс қақпасындағы Құрманғазы ауданында №7 разъезден басталып, Сүйіндік ауылына дейін созылатын жол бар. Жол бойында төрт ауылдық округтің 10 елді мекені орналасқан. Асфальты жоқ қара жолмен Қошалақ, Асан, Үштаған Азғыр, Балқұдық, Жалғызапан, Қоңыртерек, Егінқұдық, Батырбек, Сүйіндік ауылдарының тұрғындары қатынайды.
Балқұдық ауылы мен аудан орталығының ара қашықтығы – 260 шақырым. Ауылдағы алғашқы мектеп 1928 жылы ашылыпты. Қазір мұнда 1 395 адам тұрады. Осы округтегі Азғыр ауылы 1928–1930 жылдары Орал округіндегі Азғыр ауданының орталығы болған деген дерек бар. Кезінде жерасты сынағы жасалған Азғыр ядролық полигонының дәл іргесінде орын тепкен елді мекенде 380, Қоңыртеректе 265 тұрғын ірге көтермей отыр.
Асан ауылы аудан орталығынан 190 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда 569, Үштаған ауылында 653 адам тіркеліпті. Сүйіндік ауылдық округі орталығының іргесі 1957 жылы қаланған. Сүйіндік, Жалғызапан, Батырбек, Егінқұдық елді мекендеріндегі тұрғындар саны – 2 504.
Азғыр ауылдық округінің орталығы Балқұдық ауылының байырғы тұрғыны, Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаты Мансұр Қуанышалиннің айтуына қарағанда, кеңес дәуірі кезінде де шалғайдағы аталған елді мекеннің тұрғындары аудан орталығына қара жолмен қатынаған. Еліміз тәуелсіздігін алғанына 34 жыл болғанымен, «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр. Көктем мен күзгі лайсаңды, қысқы мезгілдегі қардың әлегін айтпағанда, әсіресе 40 күн шілденің ыстығында бұл жолмен көліктің жүруі тіпті мүмкін емес.
«Жол құм арасымен өтеді. Күн әбден ысыған кезде құм сұйылып, көліктің жүруіне қиындық келтіреді. Көліктер құмға батып қалғанын талай көрдік. Аудан басшылығы 80-жылдары қара жолға сазды топырақ төгіп, әбден нығыздады. Өйткені сол кезде Балқұдық асыл тұқымды қой зауытында 50 мыңға жуық қой, 6 мыңдай жылқы, Сүйіндік асыл тұқымды қой зауытында 50 мыңнан астам қой, 7 мыңның шамасында жылқы болды. Шаруашылықтар шопандар мен жылқышыларға саз төселген жолмен жем, пішен тасыды. Қазір мұндай ірі шаруашылықтар жоқ», дейді М.Қуанышалин.
Жол – екі елдің шекарасына таяу орналасқан ауылдар тұрғындарының жанына бататын түйткіл. Бірақ жол салу мәселесі шешімін таппай келеді.
«Жол салу мәселесі қозғалғалы 40 жылдан асты. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін де бұл мәселе талай көтерілді. Бірақ әлі күнге дейін нақты шешім қабылданған жоқ. Облысты басқарған әкім де, Парламент депутаттары да, түрлі министрліктің өкілдері де осы жолмен жүріп өткен. Бұл – мемлекеттік деңгейде көтерілетін мәселе», дейді М.Қуанышалин.
Облыстық маңызы бар №7 разъезд – Асан – Балқұдық – Сүйіндік автомобиль жолын күтіп-ұстауға 491 млн теңге бөлінген. Қаржының 169 млн теңгесі биыл атқарылатын жұмысқа қарастырылып отыр.
«Жолды күтіп-ұстауға 12 ақпанда «Ганюшкин-Құрылыс» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Оның ішінде 2025 жылға 169 млн теңге қаралды. Келісімшарт мерзімі – 3 жыл. Мердігер аталған жолдың топырағын тегістеп, қыру жұмыстарын атқарады. Тапсырыс беруші – облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы», дейді Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиев.
Асфальтсыз жолдың азабы
«Құрманғазы жолдары» ЖШС директоры Аслан Байменовтің айтуынша, аталған жолды күтіп-ұстау оңай шаруа емес. Өйткені ол асфальтсыз жолды күтіп-ұстау жұмысының қиындығын жетік біледі.
«Біздің компания 2011 жылдан бері осы жұмысты атқарып келді. Жолдың қашықтығы – 286 шақырым. Жолға асфальтты айтпағанның өзінде, қиыршық тас та төселмеген. Кезінде саз топырақ қана төгілген. Содан бері ештеңе төселген жоқ. Біз жыл сайын сол сазды тегістеп, көліктің тоқтаусыз жүруіне қолайлы жағдай жасадық. Алайда саз төселген жолға қыру, тегістеу секілді жұмыстың жасалғаны көрінбейді. Себебі бір-екі ауыр жүк көлігі жүріп өтсе, жол қайтадан бүлінеді», дейді А.Байменов.
Тәжірибелі жолшының пікірінше, жолды тегістеу, қыру жұмыстарының нәтижесі байқалатын екі кезең бар. Біріншісі – наурыз, сәуір, мамыр айлары. Сонан соң қазаннан желтоқсанға дейінгі аралықта атқарылған жұмыстың нәтижесі көрінеді.
«Жүргізушілер жазғы мезгілде 40 күнге созылатын аптап ыстықта жолды тегістемеуді сұрайды. Себебі маусымнан тамызға дейін құм сұйылып, көліктің жүруі қиындайды. Осы кезде жол тегістелсе, бұрынғы қалпынан айырылып қалады», дейді ол.
Биыл аталған асфальт түгілі қиыршық тасы жоқ жолдағы күтіп-ұстау жұмысын атқаратын мердігер өзгеріпті. Енді бұл міндет «Ганюшкин-Құрылыс» ЖШС-ға жүктеліп отыр. Компания директоры Ербол Құрмановтың мәліметіне сүйенсек, жұмысқа 16 адам тартылған.
«Бізде жолды тегістейтін 3 автогрейдер, қажетті инертті материалдарды тасымалдайтын 3 «МАЗ», 3 жүк тиейтін техника бар. Жұмысшыларды 1 «УАЗ», 2 «ГАЗель» көлігімен тасымалдаймыз. Жазда шаң болмас үшін 1 техника су шашады. Қысқы маусымда 3 техникамен тұз себеміз», дейді Е.Құрманов.
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері Құрманғазы ауданын да, Атырау облысын да бірнеше әкім басқарды. Ауданның бұрынғы төрт әкімінің біреуі қазір Сенаттың депутаты, екеуі Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып отыр. Мұнайлы облыстың бұрынғы әкімдерінің бірі Президент Әкімшілігіне, өзгелері Үкімет пен Парламент Мәжілісіне, министрліктерге жетекшілік етті. Бірақ неге екені белгісіз, облыс әкімінің орынтағынан кейін жоғары лауазымдағы қызметке тағайындалған шенеуніктер Ресеймен шекарадағы 10 ауылға жол салу мәселесін қозғаған емес.
Қазір облыстың бұрынғы әкімінің бірі – Парламент Мәжілісінің депутаты. Көрші елмен шекарада шетқақпай қалған 10 ауылдың тұрғындары елорда мен облыстан келіп-кететін ақ жағалыларға «Аудан орталығына дейін қатынайтын жол салуға ықпал ете ме?» деген үмітпен қарайды. Бірақ тұрғындар үміті әзір ақталар емес.
«Үш жыл бұрын осы жолдың 36 шақырымына орташа жөндеу жүргізеді дегенді естіп, қуанған едік. Бірақ жөнделген жолды көрмедік. Жолдың шамамен 15 шақырымына топырақ төгілді. Басқа ешқандай жұмыс атқарылған жоқ», дейді М.Қуанышалин.
Тегінде ел егемендігінің жемісі тұрғындардың бақуатты тұрмысы, ауылдарға қатынайтын асфальт жол секілді игіліктермен астасады. Осы орайда облысты айтпағанда, аудан орталығынан шалғайда, шетқақпай қалған елді мекендердегі тұрғындардың көкейкесті мәселесіне назар аударатын мезгіл жетті. Президенттің шекарадағы ауылдарды дамыту жөніндегі тапсырмасына сай жол салуды қолға алып, алтын бесігінен көшпеген жандарға жанашыр болар лауазым иесі, есті-басты азаматтар табылса игі.
Атырау облысы