Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың атына депутаттық сауал жолдап, онда еліміздегі фармацевтикалық өнеркәсіпке қатысты мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, Мемлекет Басшысы халыққа Жолдауында фармацевтика саласын дамытуды стратегиялық бағыт ретінде айқындап, Үкіметке отандық өндірістің үлесін 50 пайызға жеткізу міндетін нақты қойғанымен, бұл тапсырманың орындалу барысы көңіл көншітпейді.
«Жалпы Қазақстанда 97 фармацевтикалық өндіруші жұмыс істейді, оның 34-і дәрілік заттарды шығаруға және 63-і медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісіне маманданған. Парламент Мәжілісіне отандық фармацевтикалық тауар өндірушілер тобы (бұдан әрі – Компаниялар) жүгінді. Олар Министрлік пен Комитет тарапынан фармацевтика өнеркәсібі саласындағы бюрократиялық қиындықтарға тап болып отыр. Компаниялар дәрілік заттарды шығарып, оларды емдеу мекемелеріне жеткізумен айналысады. Олар үшін туындап отырған проблемалардың негізгі себебі – өндірілген дәрілік заттардың саудалық атауына шекті бағаларды бекіту туралы Министрліктің №№ 77, 88 және 96 бұйрықтар тізбесіне енгізілу процесінің негізсіз, ұзақ уақытқа созылуы», деді депутат.
Қайрат Балабиевтың пікірінше, мұндай кідірістер тек өндірісті тежеп қоймай, жаңа дәрілік заттардың емдеу мекемелеріне уақытында жетпеуіне, ал бұл өз кезегінде халық денсаулығына қауіп төндіруіне алып келіп отыр.
«Министрліктің жоғарыда аталған бұйрықтарды бекіту тәртібін сақтамауы «СК Фармация» ЖШС-нің бірыңғай дистрибьюторына медициналық бұйымдарды уақтылы шығаруға және жеткізуге кедергі келтіреді. Осыған байланысты инвестициялық жобаларды іске қосу мерзімі 1 жылдан бастап 9 жылды құрайды. Мұндай қиындықтар олардың қалыпты қызметін дамытуға, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыруға және жаңғыртуға кедергі келтіреді. Компаниялар шығарылатын өнім тізбесінің тиісті бұйрықтарға енгізілуінің негізсіз кешіктірілуіне байланысты Министрлік пен Комитетке бірнеше рет жүгінген. Министрліктің деректері бойынша, шығарылатын өнімге қатысты барлық мәселелер отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша қажетті шаралар қабылдау үшін Комитетке уақтылы тапсырылады», деді Қ.Балабиев.
Оның мәліметінше, 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Комитет негізсіз себептермен Министрліктің бұйрықтарына Компаниялар шығаратын өнімдердің тізбесін енгізу процесін ұзаққа созып келеді. Басқа да отандық фармацевтикалық өндірушілер дәл осындай жағдайда. Осының салдарынан терапияны түбегейлі өзгертетін және сырқаты жазылмайтын ауруларды емдейтін жаңа препараттар қазақстандықтарға кідіріп, өте кеш жетеді.
«Егер Министрлік пен Комитеттің отандық өндірушіге деген қатынасы осындай болғанда, өндірілетін өнімді ведомстволық бұйрықтарға енгізу процесі 3 жылдан 5 жылға дейін кешіктірілсе, онда фармацевтикалық индустрияны мемлекеттік қолдау туралы сөз қозғауға да қажеті жоқ. Осыған байланысты, елдегі меншікті фармацевтикалық өндірістің үлесі 10 %-дан аспай, бұрынғы деңгейде қалып отыр. Сонымен қатар, жасанды түрде жасалған бюрократиялық қиындықтар фармацевтика өнеркәсібінің қалыпты жағдайда дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, сонымен қатар жұмыс орындарының қысқару қаупін тудырады және жиынтығында банкроттыққа және өндірістердің жабылуына әкелетіні сөзсіз», деді депутат.
Сауал соңында Қайрат Балабиев Үкіметтен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды №77, 88 және 96 бұйрықтардың тізбесіне енгізу процесін жеңілдетуді және Денсаулық сақтау министрлігіне аталған бұйрықтарды шұғыл қайта қарауды тапсырған жөн екенін атап өтті.
«Фармацевтика индустриясы ұлттық экономика құрылымындағы негізгі саланың бірі болып табылады және тиімді мемлекеттік қолдау жасалған кезде импортқа тәуелділікті азайтуға, сондай-ақ ішкі нарықтағы дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен, фармацевтика саласында барлық қажетті шешімдердің жедел қабылдануы, ал саланы дамыту үшін қажетті шаралар кідіріссіз іске асырылуы үшін тиісті шаралар қабылдап, қолайлы жағдайлар жасау қажет», деп түйіндеді депутат.