• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Сәуір, 2025

Ең танымал отандық 100 кітап сауалнамасы басталды

60 рет
көрсетілді

23 сәуір - Қазақстанда алғаш рет Ұлттық кітап күні атап өтіліп жатыр. Бұл күн былтырғы жылы Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлттық құрылтайда бекітілді. Президенттің айтуынша, кітап - ұлттың интеллектуалдық және мәдени прогресінің негізі. Сондықтан, елдегі әдеби мұраны сақтау және дамыту мақсатында  отандық авторлардың 100 ең танымал кітабы туралы жалпыұлттық сауалнама жүргізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сауалнаманың басты мақсаты - қазақстандық жазушылардың шығармаларын насихаттау, оқуға деген қызығушылықты арттыру және баспа ісін қолдау. Бұл халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, отандық әдебиетті дамытуға үлес қосады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтыр Ұлттық құрылтайдың отырысында «Ұлттық кітап күнін» белгілеу идеясын қолдады. Президент: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп айтқан еді. Бүгін біз алғаш рет «Ұлттық кітап күнін» атап өтіп отырмыз. Осынау айтулы күні  төл әдебиетіміздегі 100 таңдаулы кітапты айқындауға арналған жалпыұлттық сауалнама басталды. Бұл тізім кітап оқуға деген қызығушылықты арттырады және әдебиетімізді дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын», деді ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин

Сауалнама «Электронды үкімет» инфрақұрылымы арқылы өткізіледі. EGov.kz ресми сайтында сауалнама жүргізу үшін арнайы форма орналастырылған, онда әр азамат сүйікті қазақстандық жазушысының шығармаларын таңдай алады.

Қатысушылар прозадан бастап поэзия, фантастика, публицистика және тарихи романдарға дейін әртүрлі жанрларда 10 кітапты таңдай алады. Сонымен қатар, қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары қарастырылған. Алғашқы 1000 қатысушыға Meloman-Marwin желісінен кітап және арнайы номинациялар бойынша қосымша сыйлықтар  беріледі. 

Айта кетейік, сауалнама 3 ай бойы жалғасады, осы уақыт аралығында қазақстандық әдебиет туралы кең ауқымды пікірлер қалыптасады. Сауалнама нәтижелері 10 тамызда жарияланады, бұл күні Абай күнін атап өтумен бірге, оқуға деген қызығушылықты арттыруға және ұлттық әдебиетті дамытуға жаңа қадам болады.

Бұл жоба Ұлттық құрылтайдың бастамасымен жүзеге асырылып отыр.

Ұлттық кітап күні - тек мерекелік күн ғана емес, қоғамымыздың дамуына бағытталған маңызды бағдар. Әлемдегі қысқа мерзімді трендтерге қарамастан, оқу мәдениетін дамытуды ерекше атап көрсету - болашаққа арналған маңызды қадам. Білімнің көзі ғана емес, сондай-ақ құндылықтардың жолы болған кітаптар, біздің болашағымызды нығайтуға ықпал етеді.

Бүгінде Ұлы Абайдың «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген сөздері өте өзекті. Әлемдік ақпараттық толқында шынайы маңызды нәрселерді ұмытпау үшін кітап оқу қажет. Кітап күні – бұл бізге және балаларымызға кітаптың тек білімнің көзі ғана емес, сонымен қатар құндылықтарымызды көрсету құралы екендігін еске салатын мүмкіндік.