• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Сәуір, 2025

Аймағамбетов магистратура мен докторантураға түсуді жеңілдетуді ұсынды

60 рет
көрсетілді

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында магистратура мен докторантураға түсу талаптарын қайта қарау қажеттігін көтерді. Атап айтқанда, ол талапкерлерге ағылшын тілінен емтихан тапсыру міндетін қайта қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Асхат Аймағамбетов қазіргі таңда кез келген білім беру бағытына, соның ішінде қазақ филологиясы, этнография, музыка сияқты салаларға түсу үшін де ағылшын тілінен емтихан тапсыру міндетті екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл талап кезінде орынды болғанымен, бүгінде технологиялық даму жағдайында бұл кедергіні қайта қарастыру маңызды.

«Әрине, ғылыммен айналысу үшін ағылшын тілін білу маңызды. Себебі күн сайын жарияланып жатқан ғылыми жаңалықтардың көпшілігі – ағылшын тілінде. Оларды оқу, түсіну, пайдалану — әр зерттеушіге қажет. Сондықтан бұл талап кезінде заманға сай, орынды шешім болды. Ашығын айтқанда, бұл талапты кезінде министр болғанда қолдаған да, бекіткен де өзім болатынмын. Алайда қазір жағдай өзгерді», деді депутат.

Депутат еліміздің бес жыл ішінде жасанды интеллект дәуіріне қадам басқанын, сондай-ақ технологиялық революция орын алғанын тілге тиек етті.

«Қазір ChatGPT, Gemini сияқты құралдардың көмегімен кез келген ағылшын мәтінін санаулы секундта, сапалы түрде қазақ немесе орыс тіліне аударуға болады. Иә, ағылшын тілі ғылым үшін әлі де қажет. Қажет болады да. Бірақ қазіргі технологиялардың арқасында бұл талап магистратураға түсуге кедергі болмауы тиіс. Өйткені енді осы технологиялармен, жастар ғылыми жұмысын бастай алады.  Оның үстіне, шыны керек, айтылған талап студенттердің тілдік деңгейін айтарлықтай көтере алған жоқ», деді А.Аймағамбетов.

Депутаттын пікірінше, ең қиыны – қазақ әдебиеті мен өнерін зерттегісі келетін жастар ағылшын емтиханынан өте алмағаны үшін магистратура мен докторантураға түсе алмай жүр. Бұл ретте ол ағылшын тілін қолдай отырып, талаптарды өзгерту қажеттігін айтты.

Осыған байланысты депутат бірнеше нақты ұсыныс жасады:

Ағылшын тілін мектептен бастап сапалы түрде оқытуды күшейту; Қазақ және орыс тілдерінде оқытылатын бағыттарда ағылшын тілінен емтиханды оқу аяқталған соң тапсыруды қарастыру; Ағылшын тілінде оқытатын және қосдипломды бағдарламалар үшін бұл талапты керісінше күшейту; Ғылыми мақалаларды халықаралық базаларда жариялау талабын мамандықтың ерекшелігіне қарай саралау. Қазақ филологиясы, музыка сияқты бағыттарда балама жолдар ұсыну.

«Бастысы – диссертацияның сапасы мен ғылыми ортаға қосқан нақты үлесі маңызды. Оны конференцияларда талқылау мен ғылыми жұмыстың нақты пайдасы керек. Жалпы, бұл талаптарды университеттердің академиялық еркіндігі аясында реттеген дұрыс деп есептейміз», деді Асхат Аймағамбетов.

Депутаттың айтуынша, бұл өзгерістер білім беруді әділетті, қолжетімді және заман талабына сай етуге бағытталған.