• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Сәуір, 2025

Вокзалды жаңарту басталды

20 рет
көрсетілді

Алғаш рет 1967 жылы ашылған «Маңғыстау» теміржол вокзалына арада отыз жыл өткенде ішінара жөндеу жұмысы жүргізілген екен. Туризмді дамытуды басым бағыт етіп қойған Маңғыстауда қонақ күтуге, алыс-жақыннан келген туристерге сапалы қызмет көрсетуге міндеттілік бар. Осы орайда аталған құрылыс жұмыстары Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына орай туризм саласын жандандыру мақсатында инфрақұрылымдық нысандарды дамыту бағытында қолға алынды.

763 шаршы метр аумаққа орналасқан «Маң­ғыстау» теміржол вокзалы кешенінің аума­ғын ұлғайту барысында «Қазақстан теміржолы» ҰК теңгеріміндегі 2 гектарға жуық жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, қазіргі таңда сүру жұмысы басталды, реконструкциялау жұмысына бай­ланысты «Маңғыстау» теміржол вокзалы уа­қытша жанындағы бос ғимаратқа ауыстырылды.

Көлік министрлігінің мәліметінде жария­ланғандай, еліміздің барлық өңірінде 125 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары басталған болса, Маңғыстау облысы «Маңғыстау» стан­са­сындағы теміржол вокзалын жөндеу жұмы­сы осы жаңғыртудың аясында қолға алынған.

Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиевтің айтуынша, «Маңғыс­тау» теміржол вокзалын жаңарту жұмысын би­ыл жыл со­ңына дейін аяқтау жоспар­ланған, жұм­ысқа әзірге 150-ге жуық жұмысшы жұмылдырылып отыр.

Маңғыстау өңірінде теміржол вок­залдарының жағдайы мәз емес – шағын бекеттерді айтпағанда, аты дардай вок­залдардың өзі көзге қораш, ескірген,  заманауи талаптарға сай келмейді. Мәдениеттің босағадан басталатынын ескерсек, бұл туризмді дамытамын деген өңір үшін қолайсыздық тудыратыны белгілі. Әсіресе облыс орта­лығы Ақтау қаласына жолаушы қабылдайтын «Маңғыстау» стансасындағы вокзалдың жұпыны халі тұрғындарды көптен толғандырып жүрген еді. Биыл ел Үкіметінің қолдауымен Маңғыстауда бір емес үш возкалға – «Бейнеу», «Шетпе», «Маңғыстау» вокзалдарына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Үшеуі де күре жолдың бойындағы ең ірі ор­талықтар, Ақтауға пойызбен келемін деген жолаушы Бейнеу мен Шетпе арқылы жетеді.

Алдымен қолға алынған «Маңғыстау» стансасын­дағы вокзалды жөндеу жобасы барысында вокзалдардың ішкі және сыртқы келбетін толық жаңартумен бірге сервистік инфрақұрылымы өзгертілмек. Бұл жөнінде Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашов айтып берді.

– Кешенді жаңғырту барысында кассалар, анықтама орны, дәретханалар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қол­жетімді болады. Сондай-ақ көтергіш құрыл­ғылар, тактильді жолақтар, индук­циялық панельдер орнатылып, арбалар жаңартылады. Жаңа дәмхана ашу, вендинг аппараттарын орнату, сақтау камераларын кеңейту, демалыс бөлмелерін және «Ана мен бала» бөлмелерін ұйымдастыру, күту залдарын тегін Wi-Fi желісімен жабдықтау жоспарланған, деді Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашов.

 

Маңғыстау облысы