Мәжіліс депутаттары Үкімет сағатының қорытындысы бойынша атқарушылық іс жүргізу саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін Әділет министрлігі мен басқа да уәкілетті органдарға бірқатар ұсыныстар жолдады. Солардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі – алимент төлеуден жалтарған ата-аналардың орнына кәмелетке толмаған балаларға қаржылай қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік алимент қорын құру, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутаттар аталған бастаманы балалардың конституциялық құқықтарын қорғау қажеттілігімен түсіндіреді. Қор арқылы алимент уақытылы төленіп, кейін борышкерден мемлекет есебінен өндіріліп алынуы тиіс.
Сондай-ақ Мәжіліс өкілдері жеке сот орындаушыларына қатысты бірқатар түбегейлі өзгерістерді ұсынды. Олар:
Атқарушылық іс жүргізудің ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін жеке сот орындаушыларының тәртіптік жауапкершілігін күшейту; Кәсіби талаптарды қатаңдату: аттестаттаудан және тағылымдамадан өтпеген адамдарға лицензия бермеу; Мемлекеттен өндіріп алу, талап қоюды қамтамасыз ету сияқты кейбір істер бойынша оңайлатылған іс жүргізу тәртібін кеңейту.Депутаттар борышкерлердің табыс көздерін жасыру жағдайларын азайту үшін олардың электронды әмияндағы қаражатын, букмекерлік кеңселердегі ұтыстарын, бағалы қағаздар мен криптовалюталардан түскен кірісті, блогингтен және такси қызметінен немесе желілік маркетингтен тапқан табысын анықтауға мүмкіндік беретін тетіктерді әзірлеуді де ұсынды.
Сонымен қатар, ішкі істер органдарының сот орындаушыларының қатысуымен борышкерлерді мәжбүрлеп жеткізу функциясын нақты құқықтық негізге отырғызу қажет екені айтылды.
Жалпы, депутаттар Әділет министрлігіне өндіріп алушылар мен борышкерлердің құқықтарын тең дәрежеде қорғауға бағытталған, атқарушылық іс жүргізуді кешенді жетілдіруге арналған заңнамалық өзгерістер топтамасын әзірлеуді тапсырды.