Павлодарда мас отағасы қызы мен зайыбын ұрып-соққан. Ал патрульдік тәртіп сақшылары келгенде пышақ ала жүгіріп, инспекторды жарақаттаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
19 сәуір күні таңғы сағат 06.30-да Павлодар қаласының 102 қызметіне 15 жасар қыз бала хабарласып, әкесінің анасын ұрып-соғып жатқаны туралы хабарлаған. Қыз бала атаған мекенжайға полиция капитаны Алмаз Жақыпов пен полиция лейтенанты Төлеген Исинді дереу жіберіледі.
- Қызметкерлерді үйдің кіреберісінде хабарласқан қыздың өзі қарсы алды. Ол әкесі өзін ұрып-соққанын, одан соң пәтерде анасын жәбірлеп жатқанын жеткізген. Полицейлер кірген кезде мас күйде болған 40 жастағы ер адам қатты қарсылық көрсетіп, полиция капитаны Алмаз Жақыповтың сол қолының буынына пышақ салған. Полицей жарақат алғанына қарамастан жанжалқор отағасыны залалсыздандырып, ұстады,-деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Зардап шеккен полицейге медициналық көмек көрсетілген. Сарапшының қорытындысына сәйкес, бұзақы ер адам орташа дәрежеде мас болған. Полицейлерге шабуыл жасау дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы (Билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану) және 109-1-бабы (Ұрып-соғу) бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Павлодар облысы