• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Президент 19 Сәуір, 2025

Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – басты мақсатымыз

10 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өтті.

Өңірдің жалпы өнімі 1,3 есеге өсті

Президент сөзінің басында Ақтауға жұмыс сапарымен арнайы келіп отырғанын, басты мақсат облыстың ахуалымен танысу, аймақтағы өзекті мәселелерді талқылау екенін атап өтті.

– Еліміз үшін Маңғыстаудың орны бөлек. Бұл – стратегиялық маңызы бар аймақ. Маңғыс­тауды батыс қақпасы деуге болады. Мен облыстың тыныс-тіршілігін ерекше на­зарда ұстаймын. Сондықтан бүгін аймақ­тың әлеуметтік-экономикалық даму барысын жіті талқылауымыз қажет. Аймақ­тың жалпы өнімі екі жылда 1,3 есеге өсті. Өткен жылдың бастапқы 9 айында өңірлік жалпы өнім 3,7 трлн теңгеге жетті. Бұл көр­сеткіш, бір қарағанда, жаман емес. Биыл бірінші тоқсандағы экономикалық индикатор 104,8 пайыз болды. Облысқа кейінгі екі жылда 2 трлн теңгеден аса инвестиция тартылды. Аймақ тұрғындарының саны үздіксіз өсіп келеді. Қазір мұнда 800 мыңнан аса адам тұра­ды. Жақында мен Шымкентке барғанда кө­ші-қонды, яғни миграцияны бақылаусыз қал­дыруға болмайды деп айттым. Болжам бойын­ша көп ұзамай облыстағы халық саны бір мил­лионға жетуі ықтимал, тіпті, одан асуы да мүмкін. Бұл жағ­дай экономикаға және әлеу­мет­тік ин­­фра­құ­рылымға қосымша салмақ түсіре­ді. Бұл фа­кторды ұмытпауымыз керек, популизмге ұрынбаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұған дейін таза ауызсу мәселесін шешуді, білім беру және денсаулық сақтау жүйесін жақсартуды тапсырғанын, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік-логистика әлеуетін арттыру және туризм саласын дамыту жөнінде нақты міндеттер қойылғанын айтты. Бұл ретте біраз шаруа жасалғанын айта келе жетістіктермен қатар кемшіліктер де бар екенін алға тартты.

– Нақты жоспар бар, міндеттер – белгілі. Өзекті мәселелерді шешу үшін Үкімет пен әкімдік күш жұмыл­дырып, белсенді жұмыс істеуге тиіс. Әкім Нұрдәулет Қилы­бай жұмысына белсенді түрде кірісті, алдында тұрған міндеттерді, мәселелерді түсінеді, оларды шешу жолдарын біледі. Таяу арада нәтижелерді күтемін. Оның көтер­ген мәселелері өте өзекті, бұл мәсе­лелерді Үкімет мұқият қа­рауы керек. Басты мақсат – облыс тұр­ғын­­дары­ның тұрмыс сапасын жақ­сарту. Бұл – анық нәрсе, – деді Президент.

 

Су тапшылығын шешуде нақты әрекет керек

Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәселеге жеке тоқта­лып өтті. Біріншісі – облыс­тағы басты міндеттің бірі тұрғын­дар­ды таза ауызсумен қамтамасыз ету. Табиғи өсімге және көші-қон үдері­сіне байланысты аймақтағы халық саны үздіксіз өсіп келеді. Сон­дықтан ауызсу мәселесінің өзекті­лігі күн өткен сайын арта түседі.

Осы орайда Президент МАЭК-тің су тұшыту қуаты жеткіліксіз болып тұрғанынан хабардар екенін білдірді. Соның кесірінен әсіресе, жаз айларында ауызсу тапшылығы қатты сезіледі. Үш қалаға және орталық құбыр желісі бар 59 елді мекенге ауызсу белгілі бір уақытта ғана беріледі. Су тапшылығы – күніне 23 мың текше метр. Қазір су тұшытатын 6 зауыт пен қондырғы салынып жатыр. Кендірлідегі жоба іске қосылған соң, Жаңаөзен қаласының, Теңге, Қызылсай, Рахат және Кендірлі ауылдық округтерінің тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ қосымша жұмыс орындары ашылады. Мемлекет басшысы бұл жобаны кешіктірмей, дер кезінде, яғни, мамыр айында аяқтауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2023 жылы «Астрахань – Маңғышлақ» магистральды су құбыры жаңғыртылды. Оның су өткізу мүмкіндігі күніне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін артты. Бірақ бұл құбыр батыс аймақтың суға сұранысын толық өтей алмайды. Оның үстіне, құ­быр арқылы келетін суды әбден та­зарту керек. Сондықтан су­дың өзін­дік құны қымбатқа түседі. Үкімет «Самұрық-Қазына» қоры­мен бірге осы аймақтағы су тапшы­лығын азайту үшін нақты шешім қабылдауға тиіс.

– Сарапшылар таза судың тағы бір көзі бар дейді. Бұл – Ақтөбе облысындағы Көкжиде жерасты сулары. Оны игеруге қатысты жобаны жан-жақты пысықтап, оның экономикалық тиімділігін зерттеу қажет. Сарапшылар Көкжиде, Айшуақ және Солтүстік Айшуақ жерасты суларынан Маңғыстау және Атырау облыстарының елді мекендеріне дейін су құбырын тартуды ұсынып отыр. Су құбырының ұзындығы шамамен 1 400 шақырым болады, су өткізу мүмкіндігі – күніне 170 мың текше метр. Сол арқылы 1,2 миллион адамды таза ауызсумен қамтамасыз етуге және оның көлемін арттыруға мүмкіндік туады. Ақтау қаласындағы су құбыры желісі әбден тозған, тозу көрсеткіші – 77 пайыз. Соның кесірінен судың 16 пайызы ысырап болып жатыр. Жалпы, аймақтағы су құбыры мен кәріз желісінің тозуы аса күрделі мәселе болып тұр. Мәселен, су құбыры Ақтауда жаңа айттым, 77 пайыз, Жаңаөзенде 59 пайыз тозған. Кәріз желісі Ақтауда шамамен – 76 пайыз, Жаңаөзенде 72 пайыз тозған. Бір сөзбен, нақты шараларды қолға алу керек. Ал шалғайда тұратын малшылардың өз бетімен құдық қазу туралы бастамасына келсек, бұл – жалпы құптарлық іс. Бұл жұмысқа 100 млн теңге қажет деп отыр. Кемінде 50 малшы суға қол жеткізеді екен. Қолдауға болады деп ойлаймын. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев әкіммен бірлесіп бұл мәселені пысықтауы керек, – деді Президент.

 

Инфрақұрылым – ерекше назарда

Мемлекет басшысының екінші тоқталған мәселесі жылу мен тозығы жеткен тұрғын үйлер жайы болды. Қазір Ақтауға жылуды «МАЭК» компаниясы береді. Бірақ облыс орталығы тез өсіп жатыр. Қаланы жылумен толық қам­тамасыз етуге кәсіпорынның қуаты жетпейді. Былтыр Ақтауда ұзын­дығы 12 шақырым болатын жылу желісі салынып, жаңғыр­тыл­ды. Нәти­жесінде, қалаға жылу­дың дұ­рыс жетуіне мүмкіндік туды. Осы ба­ғыт­тағы жұмысты жалғастыру ма­ңыз­ды. Былтыр облыста 846 мың шар­шы метр тұрғын үй салынды. Бұл – жоспардан 20 пайызға артық.

– Дегенмен облыстағы тұрғын үй қорының 7 пайызы әбден ескірген. Көппәтерлі 177 үй күрделі жөн­деуді қажет етеді. Сондықтан тұр­ғын үйлерді жаңғырту мәселе­сіне айрықша назар аудару керек. Маған түскен ақпарат бойынша Ақ­тауда үлескерлер қаржы сал­ған 6 үйдің құрылысы бітпей тұр. Орын­сыз, яғни бейберекет салынған құрылыс нысандары да бар. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет әкімдікпен бірге нақты шаралар қабылдауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы, үшіншіден, бұған дейін Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытын 2024 жылға қарай іске қосу туралы тапсырма бергенін, бірақ түрлі рәсімдер созылып, мерді­гермен келісімшартқа былтыр ғана қол қойылғаны, соның салдарынан зауытты іске қосу мерзімі 2027 жылға қалғанын айта келе, мұны Үкі­меттің өрескел олқылығы деп мәлім­деді. Сөйтіп, Үкіметке осы мәсе­лені қатаң бақылауға алуды тапсырды.

 

Өңдеу секторын өркендеткен жөн

– Төртінші. Аймақ экономикасы тұрақты және әртарапты болуы үшін кәсіпкерлікті дамыту аса маңызды. Қазіргі таңда облыста 77 мың шағын және орта бизнес ны­саны жұмыс істеп тұр. Олар 150 мың адамға жұмыс беріп отыр. Былтыр кәсіп иелері шығарып жатқан өнім көлемі 270,5 млрд-қа өсіп, 2,2 трлн теңгеге жетті. Биыл аймақтағы ша­ғын және орта бизнесті қолдау үшін мем­лекеттік бюджеттен 16 млрд теңгеден аса қаржы бөлінетін болды. Қазірдің өзінде 12,5 млрд теңге бөлініп, 150 жобаға қолдау көрсетілген. Бұған қоса жақын арада «Mangystau Business» бағдар­ламасы іске қосылады. Осы ауқым­ды жұмыстың аясында 30 жаңа жобаға қаржы бөлінбек, жалпы сомасы 1,5 млрд теңге болады. Өздеріңіз білесіздер, облыстың өз ерекшелігі бар. Атап айтқанда, мұнай өндірісінің басым болуы, шөлді жерде тұрғаны, су тапшы­лы­ғы, азық-түлік импортына тәуелді­лік. Сондықтан жоспардағы барлық шаруаны тиімді іске асыру үшін мемлекеттік органдар жұмыла жұмыс істеу керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы облыстағы кәсіпкерлікті дамытуға ерекше серпін беретін орталық болуға тиіс. Қазір онда 22 жаңа жоба жү­зеге асырылып жатыр. Арнайы эконо­микалық аймаққа салынған инвестицияның жалпы көлемі – 337 млрд теңге болды, соның тең жартысы – шетел инвестициясы. Биыл арнайы экономикалық аймақтың аумағын жеті есе ұлғайту жоспарланып отыр, яғни 3,7 мың гектардан 26,5 мың гектарға дейін. Бұл – орынды шешім. Әкімнің де экономикалық аймаққа қатысты ұсыныстары бар. Халық тұтынатын тауарларды, соның ішінде азық-түлік өндірісін экономикалық қызмет түріне қосуға болады. Дегенмен жоғары сапалы өнім шығарып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін өңдеу секторына басымдық беру қажет. Үкімет пен әкімдік осы салаға егжей-тегжей талдау жасап, тиімді жұмыс жүргізуге тиіс. Қағазбастылық болмауы керек, нақты, нәтижелі жұмыс қажет.

 

Туризмді дамытуға жол ашатын бағыттар

Туризм – аймақ экономикасы­ның мұнай-газ саласынан кейінгі маңызды секторы. Бұл – Президент атап өткен бесінші мәселе.

Былтыр облысқа шетелден 43 мың турист келіпті. Еліміздің басқа аймақтарынан келген қонақтардың саны 460 мыңға жуықтады. Кейінгі үш жылда жалпы туристер саны 1,5 есе артты. Жазда қонақүйлердің 90 пайыздан астамы бос болмайды. Бекет Ата жерасты мешітіне, Бозжыра шатқалына, Айрақты­дағы «Қамалдар алқабына» және Торыш­тағы домалақ тастарға турис­тер өте көп барады. Маңғыстауға келетін әрбір оныншы адам осы нысандарға арнайы соғады.

– Туристерге, әсіресе, мүмкін­дігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау қажет. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы бағыт­тағы жұмысты жалғастыру қажет. Бекет Ата жерасты мешітіне көтері­лу үшін автоматты қондырғы орнату туралы ұсынысты мұқият қарау керек. Жалпы, туристік нысандарға сондай жүйе орнату әлемдік тәжірибеде бар. Бірақ кесене – халқымыз үшін киелі орын. Сондықтан жұртшылықпен, түрлі маманмен ақылдасып, жан-жақты ойластырып шешім қабыл­даған жөн. Мен бұл ұсынысты қолдаймын. Былтыр туризмді дамыту жөніндегі жиында әлеуеті зор бағыттарды атап өттім. Ал нақты Ақтауға келетін болсақ, бұл – көлік-логистика, туризм тұрғысынан бірегей қала. Бұл әлеуетті тиімді пайдалануымыз керек. Сондай-ақ теңіз туризміне баса назар аудару қажет. Бес елдің теңіз айлақтары бір-біріне жақын орналасқан. Ресей, Иран және Кавказ елдерінің миллионнан астам тұрғыны бар 10 қаласынан туристер шақыруға болады. Ыстанбұл, Анталья, Лондон, Мәскеу, Астрахань, Тбилиси, Баку және басқа да қалалардан шығатын ұшақтардың транзиттік дәліз­дері осы жерде тоғысады. Мұның бәрі туризмнің қарқынды дамуы­на жол ашады. Ақтау портында жаңа теңіз портын салу қажеттігі туындап отыр. Айлақтарды жолау­шы таситын кемелер тоқтауға болатындай етіп жаңғырту керек. Үкімет «Маңғыстау» туристік аймағын дамытудың кешенді жос­парын шұғыл түрде бітіруі керек. Маусым айында бұл жоспарды мақұлдаймыз.Облыс әкімдігі Үкіметтің қолдауымен осы салаға жеке инвестиция тарту мәселесін пысықтауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мән берген тағы бір мәселе – іс-шаралар туризмі (Event tourism). Ақтау түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алды. Жақында ашылу рәсімі жақсы өтті. Бұл іс-шараға өз азаматтарымызбен қатар, түркітілдес елдер де зор қызығушылық танытты. Алдағы уақытта 30-дан астам іс-шара өткізіледі. Осының бәрі аймаққа туристер тартуға жол ашуға тиіс. Бұл жұмысты белсенді жүргізу қажет. Жалпы, аймаққа шетел инвестициясы тұрақты келіп жатыр. Бірақ оның үштен екісі мұнай-газ секторына тиесілі. Сондықтан басқа да салаларға белсенді түрде инвестор тарту қажет.

 

Транзиттік әлеуетті арттыруға күш салынады

– Алтыншы мәселе. Маңғыстау облысы еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру ісінде маңызды рөл атқарады. Бұл – Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы халықаралық көлік дәліздері тоғысқан бірегей жер. Біз теңіз инфрақұрылымын, соның ішінде Ақтау және Құрық порттарын дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Осы айлақтар Транскаспий халықаралық көлік дәлізіндегі негізгі тораптың бірі саналады. Кейінгі жылдары бұл дәліз арқылы жүк жеткізу мерзімі үш есе қысқарды. Тасымал құны тұрақталды. Озық технология­лар жаппай енгізіле бастады. Халықаралық логистикалық компаниялар еліміздің көлік саласына инвестиция салуға қызығушы­лық танытып отыр. Олар, әсіресе, те­ңіз порттарын дамыту ісіне қар­жы құюға мүдделі. Үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп, шетел инвес­торларымен белсенді жұмыс істеуі керек, – деді Президент.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы еліміздің Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретіндегі рөлін арттыра түсу қажет екенін атап өтті. Көлік, темір жол және теңіз порты инфрақұрылымын дамытуға арналған жобаларды тездетіп жүзеге асыру керек. Биыл Құрық-Жетібай тасжолын жөндеу жұмысы аяқталады. Енді Түрікменстан бағыты бойынша көлік-тасымал әлеуетін арттыру қажет. Жаңаөзеннен шығып, Кендірлі арқылы Түрікменстан шекарасына дейін баратын күре жолды жөндеуге биылдан бастап кірісуді тапсырамын. Теміржол бекеттерін жаңғырту және жаңарту жұмысы басталды. Еліміз бойынша 125 вокзалды жөндеу жоспарланып отыр. Оның ішінде Маңғыстау, Бейнеу және Шетпе бекеттері бар. Жолаушыларға, әсіресе, өз бетімен жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолайлы жағдай жасалады. Бұл шаралар облыстағы әрі жалпы еліміздегі көлік қатынасын жақсарта түсетіні сөзсіз.

Алты жылдан бері тоқтап тұрған «Бейнеу астық терминалы» биыл қаңтарда іске қосылды. Қазір онда бір мезетте 100 мың тонна астық сақтауға болады. Сондай-ақ күніне 150 тонна – ұн, 50 тонна жем шығаруға мүмкіндік бар. Ал жаңғырту жұмысынан кейін бұл көрсеткіштер 400 тонна ұн және 100 тонна жемге дейін артады. Астық терминалының қуатын арттырып, толық жұмыс істеуін қамтамасыз еткен жөн. Оны құрлықтағы Өткел кешені ретінде пайдалану қажет. Сол арқылы Каспий маңындағы елдерге өз өнімдерімізді экспорттай аламыз.

 

Әлеуметтік салаға –айрықша басымдық

Президент, жетіншіден, аймақ­тағы экология мәселесін шешу­ге ерекше назар аудар­ды. Оның айтуынша, облыс орта­лығы­ның маңайында өнер­кәсіп­тік кә­сіп­орындар көп. Олар міндетті түрде экология талаптарын сақтауға тиіс. «Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасына қатысты түйткіл талайдан бері шешімін таппай келеді. Онда Каспий маңы тау-кен металлургия комбинатына қарасты 3 за­уыттан шыққан 105 млн тонна қалдық жатыр. Бұдан бөлек, аймақтағы полигондарда 200 мың тоннадан аса қоқыс жиналып қалған. Рұқсат етілмеген жерге заңсыз тасталған қоқыс таа көп. Жалпы, облыста қоқыс тастайтын 68 рұқсат етілмеген орын бар. Оның алпысы жойылды, сегізі кәсіпкерлерге тиесілі жерде орналасқан. Мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Осы мәселелерді шұғыл шешу үшін Үкімет облыс әкімдігімен бірге қажетті іс-шараларды қабылдауға тиіс. Бұл мәселе бойынша Үкімет тоқсан сайын Мемлекет басшысына тікелей баяндауы керек.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында елді ме­кен­дерді абаттандыру ісін жалғас­тыру, Ақтауда ағаштарды көбірек отырғызу тапсырылды.

– Сегізінші. Аймақта білім сапасын жақсарту үшін бірқатар шара қабылданды. Бірақ жұмыс­тың нәтижесі көңіл көншіт­пей тұр. Екіден алты жасқа дейін­гі бала­лардың 93,9 пайызы бала­бақшаға барады, яғни 46 мың бала. Бірақ орын тапшылығы әлі жойылған жоқ. 3,5 мыңға жуық бала кезекте тұр. Білім сапасына қатысты түйткілдер бар. Былтыр мектептегі білім деңгейін бағалау үшін облыста арнайы тест өткізілді. Оған қатысқан балалардың 37 пайызының білімі төмен екені анықталды. Былтырғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері де мәз емес. 1,5 мыңға жуық бала, яғни 20 пайызы оқуға түсуге қажетті ең төменгі балдың өзін жинай алмаған. Бұл – еліміздегі ең нашар көрсеткіштің бірі. Биыл қаңтар айындағы тестілеуге 8 мың­нан аса оқушы қатысқан. Оның үштен бірі шекті көрсеткіштен өте алмаған. Облыстағы ауыл және қала мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығы – өзекті мәселенің бірі. Тіпті Ақтау мен Жаңаөзендегі мектептердің білім деңгейінде айырмашылық бар. Мектептегі орын тапшылығы азаймақ түгілі көбейіп барады. Қазір 14 мыңға жуық орын жетіспейді. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. «Самұрық-Қазына» қоры облыс әкімдігімен бірлесіп, жайлы мектептердің құрылысын тездетуі қажет. Бұған қоса сапалы стандартты мектеп салу жұмысын жалғастыру керек. Жалпы, осы саладағы түйткілдерді шешу үшін Білім жүйесін дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасы қабылданды. Алайда нақты нәтиже жоқ. Жол картасын сапалы әрі толық жүзеге асыру үшін жұмысты барынша жандандыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының тоғы­зын­­шы тоқталған мәселесі – об­лыстың денсаулық сақтау жүйесін­дегі кемшіліктер. Кейінгі жылдары аймақта нәрестелердің өлімі аза­йып келеді. Бірақ елдегі жағдай­мен салыстырсақ, бұл көрсеткіш бәрі­бір жоғары. Қазақстан бойын­ша – 6,01. Аймақта қатерлі ісік дерті­не шалдығу және одан көз жұму деректері азайған. Онкологиялық ауруын асқындырып алған адамдар әлі де көп. Облыста жедел жәрдем бригадалары жетіспейді.

– Білім мекемелерінде болып жатқан келеңсіз оқиғаларды айтпай кетуге болмайды. Балалар­дың тамақтан жаппай улану дерек­тері азаймай тұр. Бұл – әбден ұят нәрсе. Былтыр 400-ден аса бала, биыл 42 бала зардап шеккен. Бұл оқиғалар мектептерде азық-түлік қауіпсіздігі сақталмай жатқанын көрсетеді. Үкіметке жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Білім беру мекемелері қызмет көрсететін ұйымдармен сапалы әрі нақты жұмыс жүргізуі керек. Әкімдік осындай өрескел жағдайларға мүлде жол бермеуге тиіс. Жалпы, әлеуметтік саланың маңызы айрықша. Себебі біз – әлеуметтік елміз. Қандай жағдай болса да, мем­лекетіміз тиісті әлеуметтік міндет­темелерді орындайды. Мұқтаж жандардың бәріне қажетті көмек көрсетіледі. Әлемде мұндай тәжірибе сирек кездеседі. Бірақ біз үшін бұл – мызғымас ұстаным. Сондай-ақ мәселенің екінші жағы бар. Әлеуметтік жеңілдіктер мен жәрдемге ие болу үшін қитұрқы әрекеттер жасайтындар аз емес. Тіпті әлеуметтік алаяқтық пайда болды деп айтуға болады. Ондай алаяқтар мемлекетке де, қоғамға да зиянын тигізіп жатыр. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, әлеуметтік қолдау жүйесін мұқият зерделеу керек. Облыс әкімі сирек кездесетін металдардың көзін ашу үшін геологиялық барлауды белсенді түрде жүргізу керек деп ұсыныс айтты. Қолдаймын. Үкімет бұл мәселеге ерекше көңіл бөлу қажет. Осымен күн тәртібіндегі мәселенің бәрін қарадық. Барлық тапсырмалар уақтылы орындалуға тиіс. Әр мәселе менің жеке бақы­лауым­да болады. Тағы да айтайын, еліміздің болашағы – тек өзі­міз­дің қолымызда. Сырттан біреу келіп, бізге жұмысымызды істеп бермейді. Бұл – Маңғыстау облысына тікелей қатысты сөз. Қорыта айтқанда, бірінші талабым – бәріміз адал жұмыс істеуіміз керек. Екінші тала­бым – бәріміз озық ойлы болуы­мыз қажет. Үшінші тала­бым – жастарымызға дұрыс білім мен тәрбие беріп, оларға жол ашуымыз керек.Ал Маңғыстау облы­сы­на келсек, біз бұл аймақты же­­дел да­­мудың үлгісі ретінде көрсе­туі­міз керек. Облыстың әлеуеті зор. Со­ны тиім­ді пайдаланбасақ, бәрі­міз­ге ке­шіріл­мес күнә болады, – деді Президент.

Жиында Маңғыстау облысы­ның әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Премьер-министрдің орынбасар­лары Қанат Бозымбаев пен Ермек Көшербаев, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов баяндама жасады.