• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» 19 Сәуір, 2025

Тегін көшет таратты

0 рет
көрсетілді

Орал қаласында тұратын белгілі бағбан, Сергей Исаев атын­дағы экс­пе­римен­тал­ды коллекциялық питомник-бақтың иесі Қайрат Кәрімов 1 500 түптен аса алма көшетін тегін таратты.

Өткен жылы Батыс Қазақстан өңірі алапат су тасқынын бастан кешірді. Соның ішінде Орал қаласының маңында тұратын саяжай иелері қатты зардап шекті. Қайраттың өзінің де тәлімбағы екі айдай су астында тұрды. Шаған өзені жағасында орналасқан аумағы 7,6 гектар болатын бұл бақта алманың қатаң конти­ненталды климатқа арналған 200-ден аса сорты, 80 түрлі алма телтүбірі (подвой), жүзім­нің 200-ден аса ерекше түрі, сондай-ақ деко­ративті, емдік қасиеті бар теректер мен бұта­лар, қылқанжапырақты ағаш­тың бірнеше түрі өсе­тін. Дәл мұндай гено­фонд, ерекше тәлімбақ еш жерде жоқ еді. Өкініш­ке қарай, көпжылғы еңбек­тің көбі еш кетті, көп терек су астында тұн­шы­ғып қал­ды. Қазір Қайрат жары Розамен бірге ерек­­ше тәлімбақты қалпына келтіруге күш салып жатыр.

– Былтырғы табиғат апатынан біз ғана емес, көптеген саяжай иелері көпжылғы жеміс ағашынан айырылды. Олардың мұң-мұқтажын бізден артық білетін кім бар? Сон­дықтан алманың әр түрінен, біздің жері­мізге, қатаң табиғатымызға үйренген сорт­тарынан 1 500-ден аса түп көшетті тегін тара­туға шешім қабылдадық, – дейді Қайрат Боран­байұлы.

Қайраттың бұл бастамасына орал­дықтар қатты риза болды. Әйгілі бағбанның қолынан алма көшетін алуға алыс-жа­қыннан арнайы келгендер аз болмады. Бақ иесі келушілерге жеміс ағаштарын өсіру, күтіп-баптау туралы ақыл-кеңесін аямады. Осылайша, бағбанның қарапайым акциясы қайырымдылыққа тұнған керемет іс-шараға айналды.

 

Батыс Қазақстан облысы