2025 жылы 11 сәуірде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық музейде Қазақстанның монументалды өнерінің ең жарқын өкілдерінің бірі Михаил Антонюктің 90 жылдық мерейтойына орай «Өз дәуірінің суретшісі» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Михаил Яковлевич Антонюк 1935 жылы 12 наурызда Украинадағы Волынь облысының Туличев ауылында дүниеге келген. 1961 жылы ол Львов қолданбалы және сәндік өнер институтының монументалды өнер факультетін тәмамдап, сол жылы-ақ Қазақстанға қоныс аударады. Содан бері Целиноград (қазіргі Астана) қаласындағы монументалды өнердің дамуына зор үлес қосып, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарды витраждар мен мозаика туындыларымен безендірген жетекші шеберлердің біріне айналды.
1963 жылы Михаил Антонюк КСРО Суретшілер Одағына мүшелікке қабылданып, кейіннен Қазақстан Суретшілер одағының Целиноград бөлімшесін ұйымдастырушылардың бірі болды. Оның мозаикалық және витраждық туындылары Қазақстанның түрлі қоғамдық және мәдени нысандарын көркейтіп, өзі көптеген облыстық, республикалық және бүкілодақтық көрмелерге қатысқан. 1991 жылы суретшіге «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері» құрметті атағы берілген.
Көрменің ашылу салтанатына мәдениет пен өнер саласының танымал өкілдері қатысты. Атап айтқанда, «Еуразия» телеарнасы бас директорының бірінші орынбасары Светлана Жалмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Татарстанның халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Камиль Муллашев және Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, Халықаралық сәулет академиясының академигі Василий Тоскин. Қонақтар суретшінің кеңестік кезеңдегі шығармашылығы, мозаикалық туындылары мен витраждары туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
Көрме кураторы, суретшінің ұлы Ярослав Антонюк: «Әкемнің туындылары — әр адамның өміріндегі маңызды және өзгермес сәттерді бейнелейді», — деп көрермендерді экспозициямен жақынырақ танысуға шақырды.
Экспозицияда қазақ халқының тарихы мен ұлттық болмысын бейнелейтін, ою-өрнек элементтерімен көмкерілген картиналар, мозаикалар мен витраждар қойылған. Бұл туындылар — терең мағынаға, композициялық үйлесімге және көркемдік ырғаққа толы.
«Өз дәуірінің суретшісі» көрмесі 2025 жылғы 11 сәуір мен 11 маусым аралығында ҚР Ұлттық музейінің 7-қабатындағы уақытша көрмелер залында келушілерге ұсынылады.