Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына сапары барысында әлеуметтік саладағы олқылықтарға тоқталып, тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді. Президент денсаулық сақтау мен білім беру жүйелерінде әлі де шешімін таппаған түйткілдер бар екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президенттің мәлімдеуінше, облыста нәресте өлімінің көрсеткіші төмендеп келе жатқанымен, бұл көрсеткіш республика бойынша орташа деңгейден жоғары қалып отыр. Қазақстанда орташа көрсеткіш – 6,01. Сонымен қатар, қатерлі ісікке шалдығу мен осы дерттен қайтыс болу жағдайлары азайғанымен, ауруды асқындырып алатын азаматтар саны әлі де көп. Облыста жедел жәрдем бригадалары жетіспейді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мектептерде оқушылардың жаппай улану фактілерін сынға алды. Былтырдың өзінде 400-ден астам бала, биыл 42 бала уланған. Бұл – мектептерде азық-түлік қауіпсіздігі талаптарының сақталмай отырғанының айқын көрінісі.
«Үкіметке жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Білім беру мекемелері қызмет көрсететін ұйымдармен сапалы әрі нақты жұмыс жүргізуі керек. Әкімдік осындай өрескел жағдайларға мүлде жол бермеуге тиіс. Жалпы әлеуметтік саланың маңызы айрықша. Себебі, біз – әлеуметтік елміз», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз әлеуметтік бағыт ұстанатынын және қандай жағдай болмасын, халық алдындағы міндеттерін орындауға дайын екенін ерекше айтты. Мұқтаж азаматтарға қажетті көмек көрсетіледі, бұл – мемлекеттің мызғымас ұстанымы.
«Сондай-ақ мәселенің екінші жағы бар. Әлеуметтік жеңілдіктер мен жәрдемге ие болу үшін қитұрқы әрекеттер жасайтындар аз емес. Тіпті әлеуметтік алаяқтық пайда болды деп айтуға болады. Ондай алаяқтар мемлекетке де, қоғамға да зиянын тигізіп жатыр. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, әлеуметтік қолдау жүйесін мұқият зерделеу керек. Облыс әкімі сирек кездесетін металдардың көзін ашу үшін геологиялық барлауды белсенді түрде жүргізу керек деп ұсыныс айтты. Қолдаймын. Үкімет бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуі қажет. Осымен күн тәртібіндегі мәселенің бәрін қарадық. Барлық тапсырмалар уақтылы орындалуға тиіс», деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Мемлекет басшысы барлық тапсырмалардың уақтылы әрі нақты орындалуы қажет екенін айтып, оларды жеке бақылауына алатынын жеткізді.
«Қорыта айтқанда, бірінші талабым – бәріміз адал жұмыс істеуіміз керек. Екінші талабым – бәріміз озық ойлы болуымыз қажет. Үшінші талабым – жастарымызға дұрыс білім мен тәрбие беріп, оларға жол ашуымыз керек. Ал Маңғыстау облысына келсек, біз бұл аймақты жедел дамудың үлгісі ретінде көрсетуіміз керек. Облыстың әлеуеті зор. Соны тиімді пайдаланбасақ, бәрімізге кешірілмес күнә болады. Рақмет, баршаңызға», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Премьер-министрдің орынбасарлары Қанат Бозымбаев пен Ермек Көшербаев, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов баяндама жасады.