Ақтау қаласында Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес өтті. Онда Президент облыстың білім сапасына жіті назар аударуды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президенттің сөзінше, облыста екіден алты жасқа дейінгі балалардың 93,9 пайызы балабақшаға барады, яғни, 46 мың бала. Бірақ орын тапшылығы әлі жойылған жоқ. 3,5 мыңға жуық бала кезекте тұр.
«Білім сапасына қатысты түйткілдер бар. Былтыр мектептегі білім деңгейін бағалау үшін облыста арнайы тест өткізілді. Оған қатысқан балалардың 37 пайызының білімі төмен екені анықталды. Былтырғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері де мәз емес. 1,5 мыңға жуық бала, яғни, 20 пайызы оқуға түсуге қажетті ең төменгі балдың өзін жинай алмаған. Бұл – еліміздегі ең нашар көрсеткіштің бірі. Биыл қаңтар айындағы тестілеуге 8 мыңнан астам оқушы қатысқан. Оның үштен бірі шекті көрсеткіштен өте алмаған», деді Қ. Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы облыста үш ауысымды мектептердің әлі шешімін таппағанын сынға алып, «Самұрық-Қазына» қоры облыс әкімдігімен бірлесіп, жайлы мектептердің құрылысын тездетуі қажет екенін атап өтті.