30 сәуір – 6 мамыр аралығында Перудің астанасы – Лимада ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің жалауы желбірейді. Бұл бәсекеде еліміздің жеті өрені өнер көрсетеді.
Жаһанның ең мықты жас әрі жалынды зілтеміршілерін анықтайтын жарыста ел намысын Едіге Егемберді мен Ерасыл Сәулебеков қорғайды. Екеуі де 81 кг салмақ дәрежесінде сынға түседі. Астанада туып-өскен Едіге жергілікті бапкер Айбек Аманиязовтың қол астында жаттығады. Қазақтың аса дарынды зілтеміршісі бұған дейін жастардың әлемдік додасында үш рет дара шықты. Соңғы рет былтыр Испанияның Леон қаласында 89 кг салмақта күш сынасты. Барлық алты мүмкіндігінде мүлт кетпеген ол басты қарсыластары ирандық Әлиреза Абаспур мен колумбиялық Джоксер Альборносты артқа тастап, бас жүлдені қанжығасына байлады. Пиреней түбегінде Егемберді 352 (153+199) кг салмақты еркін еңсерді. Сондай-ақ ол құрлық біріншілігінде де алдына жан салмады. Егер Едіге осы жолы да топ жарып жатса, онда өзінің туған күніне үлкен сый жасамақ. Өйткені дәл сол жарыс аяқталатын күні Е.Егемберді 20 жасқа толады.
Ерасыл Сәулебековтің де есімі спортсүйер қауымға жақсы таныс. Былтыр дәл сол Испанияда әлем чемпионатының қола медалін мойнында жарқыратты. Сонымен қатар Сыр бойының сайыпқыраны 2022 жылы Мексикада, 2023 жылы Албанияда өткен жасөспірімдердің дүниежүзілік додасында бас жүлдені олжалады. Осы жайттардың өзі-ақ Лимадағы жарыста Ерасылдың да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуге жақсы мүмкіндігі бар екенін айғақтайды.
Жасөспірімдердің әлем біріншілігінде қызылордалық Бейбарыс Ерсейіт (61 кг) пен Ернұр Мырзахмет (81 кг), Алматы облысының өкілі Ксения Прозорова (61 кг), ақмолалық Кира Данилова (81 кг), алматылық Махамбет Алпысбай (102 кг) өнер көрсетеді.