• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп 17 Сәуір, 2025

Артур Ластаев: Омбудсмен институтына сенім артып келеді

20 рет
көрсетілді

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев өткен жылды қорытын­дылаған баяндамасында құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелерге кеңінен тоқ­талып, қабылданған шаралар мен заңнаманы жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстарын жария етті. Осы орайда Омбудсменмен сұхбаттасып, елі­міздегі құқық қорғау күн тәртібінің қалыптасу барысы туралы сұрап білдік.

– Артур Ермекұлы, 2024 жыл Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты үшін қандай жыл болды? Қандай нәтижелерді атап өтер едіңіз?

– Ең алдымен Омбудсмен институтына деген сенімнің артып келе жатқанын атап өткім келеді. Былтыр бізге 6 748 өтініш келіп түсті. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 17%-ға көп. Әрбір өтініштің артында адам, оның мұңы, алаңдаушылығы, әділдікке ұмтылысы жатыр.

Мазмұндық тұрғыда ең көп көтеріл­ген мәселелер – тергеу және анықтау органдарының әрекеттеріне шағым, қылмыстық-атқару жүйесіндегі ұстау жағдайлары және сот шешімдеріне келіспеушілік. Сонымен қатар денсаулық сақтау құқығының бұзылуына қатысты шағымдар 2,5 есеге артты. Адамдар меди­циналық қызмет сапасының төмен­дігіне, медицина қызметкерлерінің салғырт­тығына және емдеу мен дәрі-дәрмек­пен қамтамасыз етудегі қиындықтарға шағымданды.

Біз тек өтініштерді тіркеумен шектел­мейміз. Құқық бұзушылықтар растал­ған жағдайда нақты нәтижелерге қол жеткізуге тырысамыз. Өткен жылы өті­ніш­терді қарау нәтижесінде 97 лауазымды тұлға тәртіптік, 5 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 4 жағдайда қылмыстық іс қозғалды.

– Жабық мекемелердің адам құ­қық­тарын сақтау деңгейі мемлекет дамуының көрсеткіші ретінде қа­рас­тырылады. Сондықтан оларға әр­дайым ерекше назар аударылады. Бұл бағытта қандай өзгерістер бар?

– Жабық мекемелердегі құқықтар­дың сақталуы – аса өзекті әрі сезімтал тақырыптардың бірі. Бізге қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен, арнайы қабылдау орындарынан, сондай-ақ пси­хиатриялық және наркологиялық стационарлардан тұрақты түрде өтініштер түсіп отырады. Бұл мекемелер әлі де адам құқықтарын бұзу қаупі жоғары аймақтар қатарында қалып отыр.

Оқшаулану адамның негізгі құқықта­рынан айырылуы дегенді білдірмеуге тиіс. Жабық мекемеде отырған әр адам қауіпсіздікке, денсаулыққа, қадір-қасиет­ке ие болуға құқылы. Алдын алу (пре­вентивтік) шаралары құқық бұзушы­лықтарды ерте кезеңде анықтап, мекемелерде құқықты құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

2024 жылы бұл бағыттағы жұмысы­мыз күшейе түсті. Жабық мекемелерге ша­мамен 800 рет бардық. Түрлі аймақ­тар­дағы сапарларды қоса есептегенде мұның жалпы саны 1 200-ден асты. Осы сапарлар барысында заңсыз күш қол­дану, санитарлық-тұрмыстық жағдай­дың нашарлығы, медицина қызмет­керлерінің жетіспеушілігі, дәрі-дәрмекке қолжетімділіктің шектелуі сынды мәселе­лер анықталды. Әрбір осындай жағ­дай бойынша прокуратура мен басқа да құзырлы органдарға ақпарат беріліп, тиісті шаралар қабылданды.

– Сіз білім беру, отбасы, әйелдер мен балалар құқықтары мәселелері бойынша өтініштердің артқанын атап өттіңіз. Мұның себептері неде деп ойлайсыз?

– Бұл екі маңызды үрдісті көрсетеді. Біріншіден, азаматтардың, әсіресе ата-аналардың, аналардың, жастардың құқықтық сауаты артты. Екіншіден, бұрын елеусіз қалып келген мәселелер қазір терең­дей түсті.

Бала құқықтарына қатысты шағым­дар 2,5 есе өсті. Мектептердегі буллинг, кейде жергілікті атқарушы органдардың әрекетсіздігі, көпбалалы отбасылар­дан шыққан балалардың сапалы білім­ге қол жеткізе алмауы – ерекше алаң­датарлық жайттар. Біз мұндай отбасылар үшін мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау квотасын ұлғайту бастамасын көтердік.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерден де көптеген өтініш келіп түсті. Соның бірі – көп­балалы ананы психиатриялық мекемеге заңсыз мәжбүрлеп жатқызу әре­кеті. Біздің араласуымызбен бұл факт бойынша қылмыстық іс қайта тергеліп жатыр. Бұл – жекелеген құқықтық көмектің жүйелі өзгерістерге негіз бола алатынының нақты мысалы.

– Азаматтық шағымдардың саны мен мазмұны қоғамда жүйелі сипат­тағы проблемалардың бар екенін көрсетеді. Осы бағытта Уәкіл институты шешім қабылдау процесіне қалай тартылып отыр?

– Әрине, біздің қызметкерлер заң­нама мен құқық қолдану тәжірибесі­не тұ­рақты түрде талдау жүргізіп, азамат­тар­дың құқық­­тарының бұзылуына алып келуі мүмкін олқы­лықтарды анықтап отырады. Бұл – жұмысымыздың басты бағыт­тарының бірі.

2024 жылы қолданыстағы заңнаманы жетіл­діруге бағытталған 20-дан аса ұсыныс әзір­леніп, уәкілетті органдарға жолданды. Негізгі басымдық – азамат­тар­дың құқықтарын қорғауға кедергі кел­тіретін немесе оны мүмкін етпей­тін құқықтық нор­малар мен қайшы­лықтарды жоюға аударылды.

Мысал ретінде мүгедектігі бар адам­дардың құқықтарын қорғау кепіл­діктерін кеңейту, белгілі бір санат­тағы сотталғандар үшін шартты түр­де мерзімінен бұрын босатуға қолжетім­ділікті жеңілдету, білім беру жүйесін­де балалардың қорғалуын арттыру, сон­дай-ақ бас бостандығынан айы­ру орында­рындағы жағдайды жақсарту жөніндегі бастамаларды атап өтуге болады.

Сот алқаларының қолжетімділігін арт­тыру және сот процестерінің ашықты­ғын қалыпты тәжірибеге айналдыру бағытында да белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз заң шығару жұмысына бастама кезеңінен бастап қатысып, қабылданатын нормалардың әділет пен құқықтық айқындық қағидаттарына сай болуын қамтамасыз етуге тырысамыз.

– Халықаралық серіктестік бағы­тында қандай жұмыстар атқарылды?

– 2024 жылы біз БҰҰ, ТМД, АҚШ, Еуропа Кеңесі, ЕҚЫҰ және Еуропалық одақ өкілдерімен қоса алғанда, халықара­лық серіктестермен 50-ге жуық кездесу өткіздік. Еліміз БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Әмбебап кезеңдік шолуына ұлттық баяндамасын ұсынып, арнайы іс-шара өткізді. Бұл кездесулер­де еліміздің азаптауларға қарсы күрес сала­­сын­дағы тәжірибесі жоғары баға­ланды.

Біз өз жұмысымызды мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғамның жауап­ты өкілдерімен бірлесіп, ха­лықаралық қауым­дастыққа жағу үшін емес, ең алдымен, өз халқымыздың мүддесі үшін жүр­­­гі­земіз. Өйткені бұл саладағы негіз­гі әрі жалғыз бенефициарлар – еліміз­­­дің аза­маттары.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты адам құқықтарының мүлтік­сіз сақталуын қамтамасыз ету бағы­тын­дағы қызметін жалғастыра отырып, ха­лықаралық стандарттар мен ұлт­тық құқықтық жүйе арасындағы үйлесім­ділікті одан әрі нығайтуды көздейді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»