• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Құқық 17 Сәуір, 2025

Авторлық меншік құқын қайтсек сақтаймыз?

0 рет
көрсетілді

Интернет дамып, әлеуметтік желілер қанатын кеңге жайғалы ақпарат ағыны жеделдеді. Бүгінгі таңда кез келген туынды, өлең-жыр, әңгіме, хикаят, ән, сурет, мақала, ғылыми еңбек, т.б құндылықтар интернет тораптары арқылы оңай таралады. Әлеуметтік желілерді кезіп жүрген сол шығармалардың артында қаншама автордың ой еңбегі, алтын уақыты, білігі мен білімі жатқаны анық. Бірақ көп жағдайда авторлардың меншік құқығы ескерілмейді. Бұл олқылықтың орнын қалай толтырамыз?

Зияткерлік еңбекті пайдалану мәдениеті кемшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым халықтың құқығы қорғалатын, заң мен тәртіп үстемдік құратын Әділетті Қазақстанды құру керектігі жайлы жиі айтып келеді. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалататын» ол әділетті қоғамның салтанат құруы үшін шығармашылық адамдарының да еңбегі әділ бағаланып, қадірленуге тиіс.

Бірақ мамандардың айтуынша, дәл қазіргі уақытта шы­ғар­ма­шылық өнімдердің меншік құқығын толықтай қорғау қиын­дық туғызып отыр. Оған себеп, елімізде интеллектуалдық туын­ды­лардың авторлық меншік құқы­ғын сақтаудың мәдениеті толық қалыптаспаған. Әлдебір туын­дыны пайдаланар сәтте жеке және заңды тұлғалар оның артында шығар­машыл тұлғаның еңбегі жатқанын біле бермейді.

Заңгер Ерболат Емілдің ай­туын­ша, дамыған елдерде автор­дың туындысын иелену, пай­далану, көшіру, тарату, өзгерту және басқаларға лицензия беру секілді құқықтар қатаң сақтала­ды. «Егер бір автордың еңбегін рұқсатсыз пайдалансаңыз, сот алдында жауап беріп, қаржылай өтемақы төлейсіз. Кез келген азамат, я заңды тұлға біреудің туын­дысын пайдаланар алдында авторлық құқықты бұзып алмау­ды жіті қадағалайды. Заманның көшімен сол үрдіс бізге де келіп жатыр. Сондықтан да қазіргідей әлеуметтік желілердің қарқынды дамып жатқан кезеңінде әр азамат абай болуы керек», дейді заңгер.

 

Авторлар құқығы һәм бірыңғай жүйе

Елімізде авторлардың құқығын қор­ғай­тын түрлі ұйымдар бар. Олар шығар­машыл тұлға мен оның зияткерлік меншігін пайдаланушылар арасындағы байланысты жүйелеп, ортадан өздері де табыс табады.

Автор – көп. Мәселен, телеарна, театр, радио секілді ұйымдар әр әнші, әр ақын, әр драматург, әр композиторға жеке-жеке қалам­ақы төлей алмайтындықтан ав­тор­лардың құқығын қорғайтын ұйымдармен келісімшартқа отырады. Ол ұйымдар жан-жақтан сыйақыға деп жинаған қаржысын авторларға әділ үлестіріп беруі керек. Бірақ бұған дейін көп жағдайда авторға қанша сыйақы беретіні белгісіз болып келді. Қаламақысын даулаған шығармашыл тұлғалар­дың жанайқайы елімізде авторлар мен олардың құқығын қор­ғайтын ұйымдардың жұмысын қада­ға­лай­тын бірыңғай жүйе қалып­тасу керектігін көрсетті.

Осы орайда Орталық коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихаты өтіп, Зият­керлік меншік комитетінің төр­ағасы Шолпан Әбдіреева Әділет министрлігінің бастамасымен авторлық құқықты қорғау саласында бірыңғай цифрлық платформа жасау қолға алынып жатқанын мәлімдеді.

«Біз бұл платформа арқылы авторлар мен олардың зияткерлік өнімдерін пайдаланушыларды бір жүйеге біріктіруді көздеп отырмыз. Яғни цифрлық платформаға авторлардың, орындаушылар­дың, өндіру­шілердің толық тізімі енгізіледі. Осы тізімнен авторлық құқық объектілерін заңды түрде кімдердің қолданғанын көре аламыз. Сондай-ақ авторларға ақша­ның қайдан келетінін, оларға қай ұйымның қанша қарыз екенін біліп отырамыз», дейді Ш.Әбдіреева.

Сондай-ақ спикер зияткерлік өнімдерді иелену құқығын жүйе­­леу, авторларға төленетін сыйа­қы­ның ашықтығын, әділ бөлінуін қам­­тамасыз ету арқылы талай проб­леманы шешуге бола­ты­нын айтты. Мысалы, былтыр қараша айында Instagram әлеу­мет­тік желісінде еліміздегі автор­лардың музыкалық шы­ғар­ма­ла­ры­на шектеу қойылған еді. Сол сәтте бұл жағдай «Қазақ­стан автор­лар қоғамы» мен «Meta» ком­паниясы арасындағы келі­сім мерзімінің аяқталуынан туын­дағаны айтылды. Елімізде кең қол­даныстағы желілерден отандық туындылардың жоғалып кетуі қо­ғамдық резонанс туғызып, қалың бұқара алаңдаушылық білдір­ді. Ш.Әбдірееваның пікіріне қара­ғанда, бұл мәселеге Әділет министр­лігі араласып, «Мeta» компаниясы мен авторлық қоғам арасында келісім түзіліп, шартқа қол қойылған.

«Бүгін біз «Meta» мен ұжым­дық құқықтарды басқару ұйымы арасын­дағы келісімге қол қойылға­нын қуана хабарлаймыз. Instagram және Facebook-те отандық музы­каны пайдалануды реттейтін «Меtа» мен Қазақстан авторлар қо­ға­мы уағдаластыққа қол жет­кіз­ді. Өткен аптада контент әлеу­мет­тік желілерге қайта орала бас­тады», деді Зияткерлік меншік комитетінің төрағасы.

Яғни спикер айтқан бірыңғай цифрлық платформа, біріншіден, бұл салаға ашықтық саясатын ен­гізіп, автор мен оның құқығын қор­ғайтын ұйым арасындағы қар­жылық қатынастар реттеледі. Екін­шіден, автор құқығын қор­ғай­тын ұйымдарға жан-жақтан құйы­ла­тын қаржының есебін білуге мүм­кіндік туады. Үшіншіден, қазақ әнде­рінің танымал желілерден жо­ға­лып кетуі секілді проблемаларды болдырмауға да септігі тиеді.

 

«Құқығымызды қалай қорғаймыз?»

Цифрлық платформа іске қо­сылса, қоғамдық ұйымдар қа­лам­­ақыны уақтылы төлей бас­тары анық. Бұл жағдайда авторлар тарапынан «құқығымызды қалай тіркетеміз?» деген сұрақты өздігінен туындатары анық.

«Ақын, жазушы, суретші, ком­позитор секілді өнер иелері авторлық құқық иелену үшін әр жазған туындысына жеке-жеке құжаттық тіркеуден өтудің қажеті жоқ. Автор бір туындыны дү­ниеге әкеліп, жариялаған сәтте оның зияткерлік меншік құқы­ғы автоматты түрде пайда болады. Ол туындыны өзге тұлғалар заң­сыз пайдаланған жағдайда заң шеңбе­рінде құқығын қорғай алады. Десе де, жеке тұлғаға туын­дысын заңсыз пайдаланудан қор­ғау, қаламақы өндіру секілді жұ­мыс­тарды атқару қиын болған­дық­тан, шығармашыл тұлғалар автор құқығын қорғайтын ұйым­дар­ға мүше болып, екіжақты келісім­шарт жасасқаны дұрыс», дейді заңгер.

Ал өнертапқыштар ойлап тапқан технологиялары мен инновацияларын міндетті түрде тіркетіп, патент алып, авторлық құқығын ресми тіркетуге тиіс. Қа­зір елімізде өнертапқыштардың меншік құқықтарын тіркейтін 32 орталық бар. Университеттер базасында жұмыс істейтін ол орта­лықтар еліміздің 18 өңірін қамтуға қабілетті. Сарапшылар өнертапқыштардың идеясын қолдау, қорғау, тіркеу жүйе­лен­се, өңірлердегі инновация­лық кәсіп­керлікті дамытуға жол ашы­латынын айтады. Ол үшін аталған орта­лықтар авторлардың зият­кер­лік меншік құқығын дер кезін­де жылдам ресімдеп беруге қабі­летті болуы керек. Мұндай мін­дет­ті жоғары оқу орындарына ғана жүктеп қоймай, өндіріс ошақ­тарынан да зияткерлік меншік құқықтарын тіркейтін орталықтар ашу қажет.

 

Талап пен алаяқтық арасы

Интернеттің дамуы мен әлеу­меттік желілерді қолданушы­лардың санының артуы автордың рұқсатынсыз туындысын көшіру, тарату, өзгерту немесе басқа адам­ның атымен жариялау секілді проб­лемаларды туғызып жатыр. Ресми деректерге қарағанда қазір елі­міз­де авторлық құқықтың бұзылуы­на қатысты ай сайын 50-60 әкімші­лік іс қаралады екен. Болашақта бұл статистика өсе түсуі мүмкін. Мамандардың пікі­­рінше, оған кейбір ақпарат құрал­дарының қызметкерлері де зият­керлік еңбекті пайдалану тәртібін білмейтіні себеп болып отыр.

«Мысалы, журналистер ма­қа­ла­ларына көрнекілік үшін суретт­і интернеттен алып жария­лай салуды әдетке айналдырып алған. Ақпарат құралының қыз­мет­керінің мұндай біліксіздігі салдарынан отандық баспасөз құралдары зор шығынға ұшырап жатыр. Суреттің авторы кім еке­ніне мән бермейтін сайттардың көбеюі кейбір фототілшілер үшін табыс көзіне айналып отыр. Олар өздері түсірген суретті әлеуметтік желілер арқылы жариялап, оны әдейі басқалардың заңсыз пайдалануына жол ашады. Сөйтіп, жемтігінің қармағына түсуін асық­пай күтеді», дейді Ерболат Еміл.

Ұлттық құрылтай мүшесі, заң ғы­лым­дарының кандидаты Қазы­бек Дәуітәлі кез келген тұлға интеллектуалды ең­бегін қорғауға, одан табыс табуға құқылы екенін, нарықтық қоғамда әр өнер иесі өз туындысын өзгелердің рұқсатын­сыз пай­далануына жол бер­мей­тінін, десе де жоғары­дағы фото­тілшілердің әрекетін алаяқтық деп тануға болатынын айтады.

«Әрине, бұл жерде авторлық құқықты өрескел бұзған біліксіз журналистерді ақтауға негіз жоқ. Бірақ сіз айтқан фото­тіл­шілер пай­да табу мақсатында ашық интернет көздері арқылы өздерінің туындыларын таратып, оны еркін пайдалануға жол ашып, қармаққа түскендерді сотқа сүйреу фактісі көбейсе, яки бірнеше рет ақпарат құралдарын бопсалап, ақша талап етсе, оны алаяқтық деп тануға негіз бар», деді.

Жалпы, жаһандану заманы зият­керлік туындылардың тек бір елдің ішінде емес, бүкіл әлемге тара­лу мүмкіндігін туғызып отыр. Сол себепті қазақ қоғамы ав­тор­­­лық құқықты халықаралық дең­гей­­де қорғауға дайын болуға тиіс. Ол үшін бұл тақырып жиі талқыланып, біз айтқан авторлық құқықты сақтау мәдениетін қалып­тастыруға бәріміз атсалысуымыз керек.