• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Экономика 17 Сәуір, 2025

Бағалы металл нарығы: мүдде мен мүмкіндік

0 рет
көрсетілді

Сирек және сирек кездесетін металдар саласын дамытуға Үкімет айрықша басымдық беріп отыр. Бұл металдардың бай қоры Қазақстанға әлемдік көшбасшылардың біріне айналуға мүмкіндік береді.

Тауарлардың 9 тобы экспорттық әлеуетке ие

Сарапшылар пікірінше, елімізде сирек кездесетін металдарды өндіру өсімі Еуроодаққа тиімді. Қазір бұл нарықта өндірістің 80%-дан астамын Қытай бақылайды. Бейжің өзінің ұстанымын саяси мақсатта пайдалануға тырысады. Бірақ 2020 жыл­дан бастап сирек кездесетін металдар экспортындағы ҚХР үлесі қысқа­рып жатыр. Қытайға Аустралия мен АҚШ бәсекелес бола алады, дегенмен көшбасшы елдер қатарына қосылуға еліміздің де мүмкіндігі бар.

Қазір ел көлемінде 12 учаскеде гео­логиялық барлау жүр­гізіліп жатыр. 800 мың тоннаға жуық сирек кездесетін металл қоры бар Құйрық­тыкөл учаскесінің геологиялық барлау жұмысын америкалық «Cove Capital» компаниясы мен германиялық «HMS Bergbau» жүргізбек.

2040 жылға қарай сындарлы мате­риалдар мен сирек кездесетін метал­дарға әлемдік сұраныс төрт есе артады деген бол­жам бар. Дүниежүзілік банк дерегінде елімізде құны 46 трлн дол­лардан асатын 5 мыңнан астам игеріл­меген кен орны бар екені айтылады. 2024 жылы «Астана» халықаралық қар­жы орталығы (АХҚО) әкімшілігінің сарап­шылары тау-кен өндіру саласына тал­дамалық шолу дайындап, аса маңыз­ды минералдарды үздіксіз жеткізуді қам­та­масыз ете алатынымызды мә­лімдеді. Онда тауарлардың 9 тобы экспорт­тық әлеуетке ие екені айтылады. Мыс, мырыш, алюминий, күміс және қорғасын экспортталып, «әлемдік нарықта салыс­тырмалы артық­шылық» көрсетіп жатыр. Никель, литий, сирек кездесетін металдар мен алтынның толық экспорттық әлеуеті «әлі ашылуға тиіс».

2023 жылы желтоқсанның соңында сегментті дамыту жөніндегі Үкімет тұ­жырымдамасы жарыққа шықты. Тұжы­рымдаманың басымдығы – өндiруден бастап түпкiлiктi өнiм өндiруге дейiн құн құрудың бүкiл тiзбегiн дамыту. Құрал­дар – инвестиция, салық жеңіл­дік­тері, арнайы экономикалық аймақ­тар құру, ғылым мен білімді дамыту, халықаралық ынтымақтастық. Сарап­шылар арасында жаңа мұнайға бағала­нып отырған кейбір металдың грамы 100 доллардан асып кетеді деген пікір бар.

 

Оңтүстік Корея өндіріске кірісуге дайын

Бағалы металдарды барлау және өнді­ру – қымбат үдеріс, сондықтан жүздеген миллионнан миллиард долларға дейін талап етілуі мүмкін. Бұл біздің бюджет үшін тым ауыр жүктеме, сондықтан Үкі­мет саланы шетелдік инвестиция есебі­нен дамытуға ниетті. Қазір біздегі байлық­қа Оңтүстік Корея, Қытай, Герма­ния, Франция, Ұлыбритания, Аустралия инвесторлары қызығушылық танытып отыр.

Экономист Арман Бейсембаевтың ай­туынша, өндірістің толық циклі­не қолымыз жеткенде ғана өз-өзін қам­тама­сыз ететін, экономикалық тұрғы­дан тәуел­сіз мемлекетке айналамыз. Бұл өнді­ріс­тен түсетін пайданың қомақты бөлі­гін елімізде қалдыруға мүмкіндік береді.

«Сирек кездесетін металдар – Менде­леев кестесінің 17 химиялық элементін қамтитын лантаноидтер тобы: скандий, иттрий, лантан, церий, празеодим, неодим, прометий, самарий, европий, гадолиний, тербий, диспрозий, гольмий, эрбий, тулий, иттербий, лютеций болып жалғасып кете береді. Сирек кездесетін металдарды (лантаноид­терді) қолдану саласы екі топқа бөлінеді. Біріншісі – оны қоспа ретінде пайдалану, ол металдар мен керамиканы бірнеше есе нығайтады. Мысалы, алюминийге 0,05% скандийдің қосылуы жұмсақ алюминийді 7 есе берік етеді. Алюминий сияқты жеңіл бола отырып, алюмо-скандий қорытпасы болаттан мықты болады», дейді А.Бейсембаев.

Наурыз айының басында Оңтүстік Кореядағы Геоақпарат және минералдық ресурстар институты (KIGAM) еліміздің шығысында болашағы зор литий кен орнын игеру жоспары туралы хабарлады. Оңтүстік Кореяның геологтері 2023 жылдан бастап Үкіметтің сұрауымен бойынша ауданы 1,6 шаршы километр учаскені зерттеген. Кореялық ғалымдар табылған литий қорының құнын шамамен 15,7 млрд долларға бағалаған.

KIGAM 2025 жылдан бастап осы аудан­да литий өндірісін бастауға бұрғы­лау жұмыстарын жүргізу құқы­на өтінім беруді жоспарлап отыр. Ко­реялық геологтердің литий өндіруге дайын екені туралы жаңалық әлемдік деңгейдегі инвесторлардың қазақ нарығына шындап бет бұра бастағанын көрсетеді. Бірақ бұл бағытта зерттеу жұмыстары әлі кемшін.

 

Ел мүддесін қорғай білу маңызды

Былтыр шетелдік инвесторлармен өндіріс, оның ішінде жоғары техноло­гиялық өнімдер тізбегін құру туралы меморандумдарға қол қою туралы көп­теген хабарлама жарияланды. Алай­да меморандум кепілдік болып саналмайды. «Innovative Geophysical Service Corporation» (АҚШ) жобаларын дамыту жөніндегі директор Евгений Пущик Алматыда өткен жиындардың бірінде осы тақырыпта пікір білдір­ген еді. Оның айтуынша, пайдалы қаз­балардың бұл түрінің пайдасын мұнай табысымен теңестіру әзірге аңыз ғана.

«Мысалы, мұнай нарығының тәу­лік­тік айналымын 7,5 млрд долларға теңестіру үшін кемі 20 жыл кетті. Демек сирек кездесетін металдар нарығына осындай цифрларға жету үшін әлі көп уақыт пен қаражат керек. Бұл сегменттің болашағы жарқын. АҚШ Геологиялық қызметі де, Франция да, Ұлыбритания да үлкен гранттар бөліп үлгерді. Қазір әлемдік нарықта қазақ қазба байлығы үшін күрес жүріп жатыр. Осыған дейінгі кемшіліктердің қайталану қаупі жоғары. Жылына 90 млн тонна мұнай және 60 млрд текше метр газ өндірсеңіздер де мұ­най мен газды қайта өңдеу технология­сын дамыта алмадыңыздар. Мұнай-хи­мия саласында салмақты жоба жоқ. Бұл жобаға алдымен өздеріңіз мүдделі болу­ларыңыз керек еді. Сирек кездесетін металдар нарығын дамытуға кешенді түрде қарау қажет», дейді Евгений Пущик.

 

АЛМАТЫ