Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы ТМККК, МӘМС шеңберінде медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдар мен республикалық ғылыми орталықтардың рейтингін жариялады.
Рейтингтік бағалауға меншік нысанына, бейіндік бағытына қарамастан 20 өңірдегі 772 медициналық ұйым таңдалған. Оның ішінде ғылыми зерттеу институттары, ғылыми орталықтар, ересектерге арналған көпбейінді стационарлар, балаларға арналған көпбейінді стационарлар, босандыру ұйымдары, МСАК көрсететін медициналық ұйымдар, онкологиялық орталықтар, диспансерлер, туберкулезге қарсы диспансерлер, фтизиопульмонология орталықтары, психикалық денсаулық орталықтары, аудандық ауруханалар қамтылған.
Әдістемеге сәйкес, рейтингті есептеу кезінде 14 клиникалық индикатор, аккредиттеу туралы ақпарат, негізделген шағымдардың саны туралы мәліметтер ескерілген. Республиканың 17 ғылыми зерттеу институты мен ғылыми орталығының ішінде Алматыдағы «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ, «А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығы» АҚ, сонымен қатар Астанадағы «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ рейтингке қатысқан ғылыми зерттеу институттарының арасында көшбасшы деп танылды.
15 онкология орталығының арасында клиникалық индикаторлар мен менеджмент көрсеткіштері бойынша Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы «Алматы онкология орталығы» мекемесі, «Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты» акционерлік қоғамы, Шығыс Қазақстан облыстық көпбейінді «Онкология және хирургия орталығы» үздік атанды.
Ересектерге арналған 84 көпбейінді стационардың ішінде медициналық көмек көрсету деңгейі бойынша Қарағанды қаласының №1 көпбейінді ауруханасы, Қонаев қаласының көпбейінді қалалық ауруханасы, Астана қаласы әкімдігінің №2 көпбейінді қалалық ауруханасы үздіктердің алды болды.
24 көпбейінді балалар стационарының ішінде Алматы қаласының №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасы, Қызылорда облысының көпбейінді облыстық балалар ауруханасы, Қарағанды қаласының көпбейінді балалар ауруханасы топ жарды. 178 аудандық аурухананың қызметін бағалау қорытындысы бойынша Қарағанды облысы Абай аудандық ауруханасы, Ақтөбе облысы «Әйтеке би АА» ұйымы, «Хромтау АА» мекемесі үздік атанды.
МСАК-тің 385 ұйымының ішінде менеджмент және клиникалық көрсеткіштер бойынша ең жоғары нәтижеге қол жеткізген 5 үздік қалалық емхана анықталды. Олар – Астанадағы Республикалық медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы, Алматы қаласының №17 қалалық емханасы, Батыс Қазақстан облысының №4 қалалық емханасы, Ақтаудағы «Sofie Medgroup» көпбейінді клиникасы» ЖШС, Павлодар қаласы әкімдігінің №3 емханасы.
2023 жылдан бастап елдегі медициналық ұйымдарды, ғылыми зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың қызметін рейтингтік бағалау жаңарғаны белгілі. Мұнда өңір мен республика деңгейінде медициналық көмек көрсету бейіндері бойынша талдау жүргізуге мүмкіндік беретін өзекті әдістеме қолданылады. Бұл да болса пациенттерге сапалы медициналық көмек ұсынатын үздік ұйымдарды анықтауға септігін тигізеді, рейтингтен қалыс қалғандарды жігерлендіреді.