Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов шектен тыс бюрократиядан арылу қажеттілігін айтып, адами ресурсты тиімді пайдалануға шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтуды басты басымдықтардың бірі ретінде атады. Бұл – мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Президент артық құжат айналымын қысқартып, басшылардың жауапкершілігін күшейтуге шақырды. Осыны іске асыруға арналған заң жобасы ұсақ әрі жиі өзгерістерді болдырмас үшін егжей-тегжейлі нормаларды қысқартуға бағытталған. Бұл адами ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады», дейді депутат.
Бұған қоса ол мемлекеттік бюджетті артық шығындардан сақтау керектігін жеткізді.
«Заң жобасында әкімшілік жазаларды орындау жүйесіндегі нақты мәселелер де қамтылған. Солардың бірі – арнайы қабылдау мекемелерінде орын жетіспеуі. Қазір бұл мекемелерде жүктеме аса жоғары. Ал кейбір өңірлердегі қабылдау орындары шалғайда орналасқандықтан логистикалық қиындықтар туындатуда. Сонымен қатар материалдық-техникалық базаның ескіруі сот актілерінің орындалуына кедергі келтіруде. Заң жобасы әкімшілік қамауға алынғандарды уақытша ұстау үшін қолданыстағы қабылдау-тарату мекемелерін пайдалануды ұсынады. Бұл жүйеге түсетін салмақты мемлекеттік бюджеттен қосымша шығынсыз шешуді көздейді», деді Н. Байтілесов.