Алматылық кәсіпкерлер үшін «Даму» қоры 20 мыңнан астам бизнес-жобаға 2,2 трлн теңге бағыттаған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қорының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры филиалының директоры Жандос Нұрғазинов, қолдауға ие болған жобалардың 85%-ы микро және шағын бизнес салаларына тиесілі екенін атап өтті.
«Қор қолдаған кәсіпорындар бүкіл кезең ішінде 16 619,9 млрд теңгеге өнім өндіріп, ал төленген салық көлемі 1 242,5 млрд теңгені құрады. 140 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, жаңадан ашылды. Осылайша, салынған әрбір 1 теңге 5 теңге мөлшерінде салық ретінде қайтарылады. Сонымен бірге Қор шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталған бірқатар құралдарды ұсынады. Олардың қатарында басым бағыттар бойынша 200 млн теңгеге дейінгі несиелерге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдік беру, жеңілдетілген несиелеу және жобалардың тиімділігін бақылау бар. Қолдау алу үшін кәсіпкер банкке өтінім тапсырып, мақұлдаудан өтіп, қажетті құжаттарды «Даму» қорына ұсынады. Кейін банкпен және қор өкілдерімен үш жақты келісімшартқа қол қойылады», дейді Ж.Нұрғазинов.
Жауаптылардың айтуынша, қала әкімдігімен бірлесіп іске асырылатын «Almaty Business/Jana Business» бағдарламасына ерекше назар аударылмақ. Бағдарлама аясында ШОБ өкілдеріне жылдық 7% мөлшерлемемен, 7 жылға дейінгі мерзімге және 100 млн теңгеге дейінгі сомаға несие беру ұсынылады. 2015 жылдан бастап бағдарламаға 32,5 млрд теңге бағытталған болса, ағымдағы жылы тағы 3 млрд теңге бөлу жоспарланып жатыр.
Бағдарлама аясында 852 кәсіпкерге қолдау көрсетіліп, жалпы сомасы 124,9 млрд теңгеге несие берілген. Соның нәтижесінде 1 214 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке 100,7 млрд теңге салық түскен.
АЛМАТЫ