• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Технология 16 Сәуір, 2025

«Қазақстан темір жолы» роботтармен жабдықталды

0 рет
көрсетілді

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында бизнесті трансформациялау орталығының мамандары ETL процестері (деректерді алу, түрлендіру және жүктеу) аясында әртүрлі көздерден ақпаратты автоматтандырылған жинау мен өңдеуді қамтамасыз ететін роботтарды әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Ұлттық компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл құралдар аналитиканы дайындау уақытын айтарлықтай қысқартуға, сондай-ақ адам факторының әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Заманауи құралдар компания қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетумен қатар, кез келген ақпаратты жылдам алып отыруына мүмкіндік тудырады.

«Сыртқы аудиториямен өзара әрекеттесу үшін орталықтың Telegram арнасымен біріктірілген Telegram боты құрылды. Бұл шешім жедел байланыс пен ақпаратты таратудың ыңғайлы арнасына айналды. Сонымен қатар, жедел әрекет етуді қамтамасыз ететін және деректердің жоғалуын болдырмайтын цифрлық процестердің жұмысында ақаулар туындаған жағдайда жауапты қызметкерлерді дереу хабардар ететін автоматты хабарландыру жүйесі енгізілді», деп хабарлады компания.

Осынау бастамалардың мақсаты – ақпаратты өңдеу мен талдауды жеделдету, сонымен қатар уақыт пен операциялық шығындарды қысқарту мен жалпы жүйенің ашықтығы мен басқарылуын арттыру. Сөйтіп жұмыс процесі тиімді үйлестіріледі.

Анығында бизнесті трансформациялау орталығы автоматтандыру мен цифрландыру дирекциясымен бірлесіп, инфрақұрылымға қызмет көрсетуге ұшқышсыз технологияларды енгізуге бағытталған пилоттық жобаны да жүзеге асырып жатыр. Әңгіме теміржол инфрақұрылымының нысандарын тексеру үшін дрондар мен өнеркәсіптік роботтарды пайдалану туралы болып отыр. Бұл тәсіл жолдар мен көпірлердің және басқа да объектілердің жай-күйін жедел бақылауға, жұмыс орнында персоналдың тұрақты болуы қажеттілігін азайтуға, жету қиын немесе ықтимал қауіпті аймақтарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұл сынды сауалнаманың нәтижелері инфрақұрылымды тексеру және мониторингі, өндірістік процесті бақылау, 3D картасын жасау және ақауларды ерте анықтау сияқты салаларда осы технологиялардың әлеуетін дәлірек бағалауға мүмкіндік береді деп күтілуде. Мұндай жобалар компанияның цифрлық трансформацияға бағытталған стратегиялық курсында маңызды рөл атқарады және теміржол саласының қауіпсіздігін, тұрақтылығын және тиімділігін арттыруға ықпал етеді.