Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында спортты дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Жуырда сенаторлар «Денешынықтыру және спортты дамыту туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдаған еді. Аталған заң спорттың басым түрлерін айқындауға, оларды қаржыландыруға және денешынықтыру мен спорт субъектілерімен өзара іс-қимылға бағытталған. Кеше Мемлекет басшысы осы заңға қол қойды. Заң төңірегінде Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Әсем Рахметоваға бірер сұрақ қойған едік.
– Әсем Қалашбайқызы, аталған заңда спорттың қай түрлеріне басымдық берілді?
– Заң денешынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ әкімшілік реформаның екінші кезеңін іске асыру аясында орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыреттердің аражігін ажырату мақсатында әзірленді.
Заңда спорттың 60-қа жуық басым түрі айқындалды. Олардың қатарында Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Паразия ойындарының бағдарламаларына енген спорт түрлері бар. Сонымен қатар олимпиадалық емес спорт түрлерінен Азия және Паразия ойындарына енген спорт түрлері және ұлттық спорт түрлері толық қарастырылды. Бұл жерде басым спорт түрлерін рейтинг негізінде ғана емес, олардың ойындарында өнер көрсету нәтижелері бойынша қалыптасады.
Еліміздің жоғары жетістіктер спортын халықаралық тәжірибе негізінде тікелей басқару арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізу жоспарланып отыр.
– Заңда спорт саласына бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін ережелер қамтылған. Оның ішінде ел азаматы болып саналмайтын спортшыларды бюджет қаржысы есебінен қаржыландыруға тыйым салынған тармақ бар. Легионерлерді қаржыландыру тетіктері қандай болмақ?
– Командалық спорт түрлері бойынша кәсіпқой спорт клубтарының қызметін қолдауға бөлінген бюджет қаржысын тиімді және ұтымды пайдалану мақсатында АЕК-тің (айлық есептік көрсеткіш) белгіленген мәні негізінде жалпыкомандалық спорт түрлері бойынша кәсіпқой спорт клубтарын ұстауға лимиттер белгіленеді. Бұл инфляцияны ескере отырып, қаржыландыру көлемін автоматты түрде түзететін жыл сайынғы төмендеуді болдырмайды.
Кейінгі жылдары спортқа бюджет шығыстарын қайта бөлу үрдісі орын алды. Мұнда бұқаралық және жастар спортын қолдауға баса назар аударылатынын ескере отырып, кәсіпқой клубтарды қаржыландырудың жоғары деңгейі белгіленді.
Бурабай қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы атап өткендей, футбол клубтары жекешелендіруге жатады және халықаралық тәжірибе көрсеткендей футбол командалары өздігінен қаржы табуы керек. Клубта легионерлер болса, оларды демеушілердің немесе өз қаржысы есебінен қаржыландыруы қажет. Осылайша, Қазақстан азаматтары болып саналмайтын спортшыларды бюджет қаржысы есебінен қаржыландыруға тыйым салынады. Яғни мемлекеттен ешқандай ақша бөлінбейді.
– Ал спортшылар мен бапкерлерге көрсетілетін мемлекеттік әлеуметтік қолдау мәселесі қалай болады?
– Енді әкімшілік-аумақтық деңгейдегі басшылардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған ротация 5 жыл сайын жүргізіледі. Мемлекеттік денешынықтыру және спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау тиісті әкімшілік-аумақтықта жүзеге асырылады. Егер облыстағы әкімшілік-аумақта бір ғана ұйым болса, онда басшыларды ротациялау жақын маңдағы аудандардың, облыс ішіндегі қалалардың басшыларымен бірге жүргізіледі. Сонымен қатар бүгінде министрлік салалық заңға өзгерістер мен толықтырулардың екінші топтамасын әзірлеп жатыр. Олардың ішінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру ұғымдары мен өкілеттіктерін айқындау, уәкілетті органға әдістемені, жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидаларын, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің мемлекеттік тапсырысын орналастыру қағидаларын және балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін аккредиттеу қағидаларын бекіту бойынша құзыреттер беру тәртібі қарастырылады.
Осы норманың аясында жаттықтырушылардың еңбекақысын одан әрі арттыру мақсатында министрлік тиісті жұмыстарды жүргізіп, жаңартылған бірыңғай спорт стандарттары бойынша бағдарламаларды іске асырғаны үшін орташа еңбекақысын шамамен 30%-ға арттырады.
Одан бөлек, қолданыстағы заңның ережелеріне сәйкес спорт түрлері бойынша еліміздегі құрама командалардың (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамына кіретін спортшыларға, олардың жаттықтырушыларына, сондай-ақ спорттың ойналатын түрлері бойынша ел құрама командаларының құрамдарына қатысатын спортшыларға, олардың жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай жабдықталым төлемінің мөлшері бекітіледі.
– Аталған құжатта республикалық және өңірлік спорт федерацияларының мәртебесі өзгертілген. Нақты айтқанда, олар енді ұлттық спорт федерациялары болды. Мәртебесімен бірге қызметі, міндеттері де өзгере ме?
– Республикалық және аймақтық аккредиттелген спорт федерацияларының мәртебесін ұлттық аккредиттелген спорт федерацияларына өзгерту мәселесі енгізілді. Оларға спорт түрі бойынша Ұлттық федерация құрамындағы жергілікті аккредиттелген федерацияға мүшелік ету, белгілі бір спорт түрі бойынша спорттық дайындықтың ұлттық стандарттарын әзірлеу секілді қосымша талаптар қойылып отыр. Сондай-ақ олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша ұлттық спорт федерациялары еліміздің атынан Халықаралық Олимпиада комитеті мойындайтын халықаралық спорт федерациясының мүшесі болуға тиіс.
– Сондай-ақ балалар-жасөспірімдер спорттық білім ұйымдарының жаттықтырушы-оқытушыларына аптасына 18 сағаттық нормативтік оқу жүктемесін енгізу қарастырылған. Бұл олардың жұмысын жеңілдету ме, керісінше жүктемелерін арттыра ма?
– Иә, мұндай жаттықтырушы-оқытушыларға қатысты жүктеме бастапқыда енгізілген еді, алайда бұл норма Үкіметтен қолдау таппады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Гүлнар ЖОЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»