«Turkistan» телеарнасы жасанды интеллект арқылы дайындаған алғашқы анимациялық туынды «Түркістан сақшылары» деп аталады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Идея авторы – телеарна қызметкері Ғасыр Құралбайұлы. Жасанды интеллектпен жұмыс істеуді жетік меңгерген маман мультфильмнің бірінші сериясын 7 күнде жасап шыққан. Бірінші серияға бар болғаны 70 мың теңге қаржы жұмсалған. Ғасырдың айтуынша, жасанды интеллект бағдарламасының ақылы нұсқасына жазылуға – 100 АҚШ доллары, анимациялық фильмнің саундтрегін жаздыруға 20 мың теңге жұмсалған. Сондай-ақ ол мультфильмнің келесі сериялары дайындалып жатқанын, болашақта кинотеатрларда көрсетілетін толыққанды коммерциялық мультфильм түсіруді жоспарлап жүргенін айтты.
Фильм кейіпкерлері – Ақпантер жылдам әрі батыл барыс, Алтынқанат – бәрін байқағыш бүркіт, Тасбатыр ата – ғасыр жасаған ақылгөй тасбақа. Туынды сюжеті қасиетті қала Түркістанды қауіп-қатерден қорғап, балаларды адамгершілікке, мәдениеттілікке тәрбиелейтін мифологиялық кейіпкерлердің әрекеттерінен құралған.