Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында адам өмірін қиятын оқиға бола жаздады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ащы судың әлегінен ерлі-зайыптының арасында жанжал шыққан. Күйеуінің өзіне қол салуы мүмкін екендігінен қорыққан әйел көршісінің үйіне қашып кеткен. Біраз уақыттан соң, күйеуі есін жинаған шығар деп оралса үйдің отқа оранып бара жатқанын көреді. Есі шыққан әйел дереу учаскелік инспектор Қадырбек Исинге хабарлайды. Шұғыл «Жедел жәрдем» мен «өрт сөндіру» қызметін шақырған инспектор өзі дабылын безілдетіп жанып жатқан үйге жетеді.
Үйде адам барын білген ол аял қылмай оттың ортасына кіріп, есінен танған 42 жастағы үй иесін алып шығады. Бұл уақытта жедел жәрдем де жетіп, ер адамға алғашқы көмектерін көрсеткен. Сөйтіп инспектор бір адамды өлімнен алып қалды. Ал өрт сөндірушілер үйдегі отты өшіргенімен тілсіз жау көп шығын келтірді. От сөндірілмеген темекімен мас күйінде ұйықтап қалғаннан шыққан деген қорытынды жасалды.