Елімізде 2022 жылдың 1 шілдесінен бері 307 миллионнан астам дәрі-дәрмектер таңбаланса, 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап медициналық препараттарға міндетті таңбалау енгізілгеннен кейін қаптамаларға 262 миллион Data Matrix белгілері салынды.
Осы уақыт аралығында отандық өндірушілер шығарған 70 миллионнан астам дәрі-дәрмек айналымға енгізілген.
«Денсаулық сақтау министрлігінің, медициналық ұйымдардың және дәріханалардың негізгі ақпараттық жүйелеріне дәрілік айналымының барлық қатысушылардың интеграциясы аяқталды. Қазіргі уақытта жүйеде 19 отандық өндіруші, 130-дан астам шетелдік компания, 100 импорттаушы, 200-ден астам дистрибьютор мен дәріханалық қоймалар, 3 172 дәріхана және 1 789 медициналық ұйым жұмыс істейді», - дейді Tanba бірыңғай таңбалау операторының бас директоры Бикеш Құрманғалиева
Қазіргі таңда елімізде дәріханалардың таңбаланған дәрі-дәрмектермен жұмыстарын жеңілдету мақсатында әзірленген NS Pharm мобильді қосымшасының іске қосылуына арнайы назар аударылып отыр.
Барлық дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалау Қазақстан фармацевтикалық нарығында дәрі-дәрмектердің айналымын бақылауды жақсарту және қауіпсіздігін арттыру мақсатында енгізілді. Бұл жүйе өндірушіден соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік беріп, жалған немесе сертификатталмаған дәрілердің таралуын тоқтатуға ықпал етеді.
Қазақстанда міндетті таңбалауға үш тауар тобы жатады: аяқ киім, темекі бұйымдары және дәрі-дәрмектер. Мотор майлары, сыра өнімдері, зергерлік бұйымдар таңбалауды пилоттық режимде сынақтан өткізіп жатса, биылғы 28 наурыздан бастап тізімге биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) да енгізілді.