«Yandex Qazaqstan» мен «Kundelik» компаниялары оқушыларға, ата-аналарға, мұғалімдерге арналған алғашқы білім беру браузерін іске қосты. Жаңа браузер нейрожелілердің көмегімен оқушыларға тек ақпарат іздеп қана қоймай, оқуды жеңіл әрі қызықты етуге көмектеседі.
Оқушылар браузерді «Kundelik» сайты арқылы тегін жүктей алады. Сонымен қатар порталдың басты бетінде «Яндекс Іздеу» арқылы интернеттен ақпаратты жылдам табу мүмкіндігі пайда болды.
«НейроІздеу» түрлі пәндердің сұрақтарына нақты әрі қысқа жауап береді. Мәселен, «Абай қашан және қайда туған?» немесе «Тұрақты ток пен айнымалы токтың айырмашылығы неде?» деген сияқты сұрақтарға лезде жауап алуға болады. Сонымен қатар жауап алынған сайттарға сілтемелер көрсетіледі, бұл оқушыны ақпараттың шынайылығын тексеріп, тақырыпты тереңірек зерттеуге үйретеді.
Бұдан бөлек, ЖИ-көмекші математикадан 5-8 сынып оқушыларына арналған есептерді шешуге көмектеседі. Ол дайын жауапты бірден айта салмай, кеңес беріп, диалог құру арқылы оқушыны дұрыс шешімге жетелейді. Бұл тәсіл баланың өз бетінше ойлануына мүмкіндік береді.
ЖИ-аудармашы шет тілдерін меңгеріп жүрген оқушыларға да пайдалы құрал болмақ. Ол 100-ден астам тілді түсінеді және мәтіндерді, құжаттарды, сайттарды әп-сәтте аударады. Нейрожелінің көмегімен бейнемәтіндерді қазақ және орыс тілдеріне тәржімалау мүмкіндігі де іске қосылған. Бұл мүмкіндік «Coursera», «YouTube», «VK Видео», «Vimeo» және «Twitch» платформаларындағы бейнежазбаларды қарапайым әрі түсінікті етеді.
Сонымен қатар «Яндекс Кітаптар» қызметінде мектеп бағдарламасына енген әдеби шығармалар мен нақты ғылымдарға арналған басылымдар бөлімі пайда болды. Енді оқушылар Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын электрондық форматта оқи алады.