• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Марапат 11 Сәуір, 2025

Бір топ ғалым мемлекеттік марапатқа ие болды

46 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым күні қарсаңында ғалымдарды марапаттау рәсіміне қатысып, кәсіби мерекесімен құттықтады. Президент ғылымның әр саласында табысты еңбек етіп, мемлекетімізді өркендетуге атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.

– Ғылым жолы – күрделі жол. Өз ісіне адал, табанды, еңбек­қор, жаңашыл әрі жасампаз адам­дар ғана ғылым жолындағы қиын­дыққа төзе алады. Біз шын мәнінде озық ойлы ұлт боламыз десек, қоғамда осы қасиеттерді дәріптеп, орнықтыруымыз қа­жет. Ұлы Абай да өз заманында «Ғы­лым таппай мақтанба» деп өсиет қал­дырды. Қазір технология қар­қынды дамыған кезеңде біз үз­дік­сіз ізденіске, терең бі­лім мен ғылымға ерекше мән беруіміз керек. Мен Бурабайда өткен Ұлт­тық құ­­рыл­тай кезінде арнайы осы мә­­се­леге то­қталдым. Бұл рет­те ғы­­­лыми қа­уым­­дас­тыққа айрық­ша жа­уап­кершілік жүк­теледі. Өйт­кені ғалым – ұлттың шам­­шы­рағы, – деді Мемлекет басшысы.

Басқосуда Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарында ғылымға баса мән берілмегені, көптеген ғалымның басқа салаға ауысып кеткені жайында айтылды. Соның салдарынан Қазақстандағы ғылыми қызметкерлердің саны үш есе азайып, бұл ахуал ұлттың зияткерлік әлеуетіне орасан зор кесірін тигізген. Бұған қоса Мемлекет басшысы ғылым саласында жемқорлық фактілері­нің көбейіп кеткенін де тілге тиек етті. Мәселен, «Парасат» холдингін басқарған белгілі академик оны әбден тонап, кейін балаларымен бірге АҚШ-тың азаматтығын алып, мұхиттың ар жағына қашып кеткен. Дегенмен бүгінде жағдай оңалып, ғылым қайтадан төрге шыққанын атап өтті. Бұл – мемлекеттің нағыз, адал ғалымдарға сенімі деген сөз.

– Мемлекет ғылымды дамыту үшін нақты шаралар қабыл­дап жатыр. Мен осыдан үш жыл бұ­рын Ғылым академиясын жаң­ғыр­ту туралы тапсырма бердім. Содан бері ауқымды жұ­мыс жа­салып ке­ле­ді. Академияға жоға­ры ғы­лы­­ми ұйым мәртебесі беріл­ді. Ин­­­фра-

құрылым жүйесі жа­ңар­ты­­­лып жатыр. Кадр даяр­лау ісі жолғ­а қо­йылды. Был­тыр қа­был­­дан­ған «Ғы­лым және тех­но­ло­гия­­лық сая­­сат туралы» заң осы үр­­­діс­тер­ге тың сер­пін бер­ді. Құ­жат­­­та ғылым­­ды басқару тәсіл­дері нақ­ты­лан­­ды. Ға­лым­дар­ды әлеу­­­меттік қол­дау шаралары ай­­қын­­­далды. Бір сөзбен айтсақ, заң­да ғы­лым жо­лын­да еңбек етіп жүр­­­ген аза­мат­тар­дың мүддесі барын­­ша ескерілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ғылым стратегиялық маңызы бар сала болғандықтан, кейінгі жылдары бұл бағытқа бөлінетін қаржы 3,5 есе артты, жас зерттеушілерге қолдау күшейді. Мемлекет басшысының пікірінше, осындай қадамдар еліміздің ғылыми әлеуетін арттыра түседі. Қазір Қазақстанда 25 мыңнан аса ғалым болса, олардың жартысы – 40 жасқа толмаған мамандар. Бұл елімізде ғалымдардың жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымның алдында тұрған бірқатар маңызды міндетке назар аударды.

– Стратегиялық міндеттердің бірі – ядролық ғылым мен технологияны дамыту. Бұл салада Қазақстанның әлеуеті зор. Алматыдағы Ядролық физика институты мен Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық сияқты алдыңғы қатарлы ғылыми мекемелер іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіп, мамандар даярлап келеді. Атом энергиясын өндіру – тұрақты энергия көзі ғана емес, экономика мен ғылымның жаңа бағыттарын дамытудың негізгі кілті. Бұл ретте ядролық медицина, сутегі энергиясы, суды тұшыту, синтетикалық отын өндіру, шағын модульді реакторлар, тағы басқалары туралы сөз болып отыр. Осы бағытта зор табысқа жету үшін зерттеу инфрақұрылымын нығайту, ғылыми жұмысты күшейту, инженерлік білімді жаңғырту қажет. Президент жанындағы Ғылым және техника жөніндегі ұлттық кеңестің алдағы отырысында атом энергетикасын дамыту күн тәртібіндегі басты мәселе болуға тиіс. Сондай-ақ мен Ұлттық құрылтайда ғылым қалашықтарын құру мәселесін көтердім. Ұлттық кеңес осы жұмысқа айрықша назар аударуы қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы әлемде жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды және Қазақстанның аталған салада алдыңғы қатардан көрінуіне толық мүмкіндігі бар деп санайды.

– Адам капиталы – еліміздің осы бағытта атқаратын жұмысының бас­ты кепілі. Яғни талантты және білімді азаматтарға арқа сүйейміз. Сондықтан ІТ-мамандарды даярлауды күшейтіп, оқушылар мен студенттерге жасанды интеллект дағдыларын үйретеміз. Отандық ғылымда мұндай келешегі зор бағыттар көп. Жалпы, ғылымның жүйелі дамуы үшін мемлекет пен бизнес, университеттер мен ғылыми орталықтар күш біріктіруі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, университеттер тың зерттеулер мен жаңалықтардың бастауында тұруға тиіс. Ал еліміздегі білім мекемелері ғылымнан гөрі маман даярлау ісіне көбірек басымдық береді. Бұл оқу орындарының тікелей міндеті болғанымен, білім мен ғылымды қатар алып жүру керек.

– Қазақстанда зерттеу университеті деген мәртебеге лайық 10 оқу ордасы бар. Ғылымды дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Осы жұмысты күшейтуіміз керек. Сондай-ақ ғылым елге нақты пайдасын тигізуге тиіс. Бұл бағытта біршама жетістігіміз бар. Қолданбалы зерттеу­лермен айналысатын ғылыми ұйымдар­дың кірісі кейінгі бес жылда 40 млрд теңге­ден асты. Қазынаға 10 млрд теңгеден аса салық түсті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая бермек. Ғылым саласына 14,5 млрд теңге жеке инвестиция тартылды. 2 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, ғалымдарымыз экономиканы өркендетуге атсалысып жатыр. Оқу орындары кәсіпорындар­мен тығыз байланыс орната баста­ды. Мысал ретінде Satbayev University зерттеушілерінің жұмысын атап өтуге болады. Университет ғалымдары селен элементін жоғары дәрежеде тазартатын жаңа технология ойлап тапты. Соның нәтижесінде бір кило селеннің құны 15 есе артып, оны өндіретін компанияға 1,2 млрд теңге қосымша пайда әкелді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жас академик Сұраған Дүрбітханның еңбегін ерекше атап өтті. Оның математикалық физика саласындағы ғылыми зерттеулері криптография және мәліметтерді қорғау жүйесінде сәтті қолданылып жатыр. Президент цифрландыру дәуірінде мұны өте маңызды жетістік ретінде бағалап, бұл қазақ ғылымының әлеуеті жоғары екенін көрсеткенін айтты.

Мемлекет басшысының пікірінше, еліміздегі кәсіпорындар да ғылымды дамытуға үлес қосуға тиіс. Олар университеттермен және ғылыми орталықтармен бірлесіп, жаңа өнімдер шығаруы керек. Қазақстандағы ірі өндіріс орындары өз табысының 1 пайызын ғылым саласына аударып келеді. Президент мұны стратегиялық маңызға ие бағыт деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдік ахуалға тоқталды.

– Көптеген сарапшы дүниежүзі кейінгі ондаған жылда болмаған ең ауыр дағдарыстың табалдырығында тұр­ғанын мәлімдеді. Алпауыт мемлекеттер бір-біріне қарсы «тариф майданын» ашқан соң, өндіріс пен сауда тізбегі­нің бұзылғаны, нарықтардың құлдырап, шикізат бағамының тұрақсыздана бастағаны байқалады. Бұл барлық елге, соның ішінде Қазақстанға әсер ететіні сөзсіз. Қазір жоғары тарифтер енгізуге 90 күндік мораторий жарияланғаны­мен, нарықтағы жағдай өте тұрақсыз. Сондықтан осынау экономикалық дүрбелеңнің Қазақстан экономикасына тигізетін салдарын жоюмен айналысып жатырмыз. Алайда дүрлігуге себеп жоқ екеніне сенімдімін. Біз сын-қатерлер­дің бәрін әрдайым өзіміздің басым бағыттарымызды басшылыққа ала отырып еңсеріп келеміз. Сыртқы қолайсыз факторлардың ықпалына қарамастан, дамудың даңғыл жолын жалғастыра береміз. Негізгі инфрақұрылымдық жобалар мен басқа да бастамалар толығымен орындалады. Кеше Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл жоспарын шұғыл аяқтауды тапсырдым. Бұл қадам өсім қарқыны мен инвестиция көлемін төмендет­пеу­ді көздейді. Бүгінде инвестиция үшін кү­рес үдеді. Сондықтан әбжіл қимыл­дау­ға тиіспіз. Барлық сын-қатерге дайын болғанымыз жөн. Жұмыстың бәрін ба­йыппен әрі сенімді түрде атқару керек. Өздеріңізге белгілі, дағдарыстың да өз қайыры бар. Ол басшылық қызметтегі азаматтардың іскерлік қабілетінің бар-жоғын айқындап береді. Сондай-ақ жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сыртқы ахуал түбегейлі өзгерген кезеңде ұлттық эконо­миканың орнықтылығы мен әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін мұның маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымы дамыған ел кез келген сын-қатерге төтеп бере алатынына баса мән берді. Сондай-ақ Қазақстан­ның болашағы отаншыл әрі білікті ғалымдардың қолында екенін, мемлекет оларға жан-жақты қолдау көрсете беретінін атап өтті.

– Біздің ортамызда майталман мамандар отыр. Арамызда бүкіл саналы ғұмырын ғылым-білімге арнаған ардагерлер мен дарынды жас ғалымдар да бар. Баршаңызға тағы да алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

Жиын соңында Президент бір топ ғалымды мемлекеттік наградамен марапаттады. Іс-шарада «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағы тұңғыш рет тапсырылды. Сондай-ақ бір топ жас ғалымға баспана кілті берілді.

Салтанатты рәсімде Президент жанындағы Ұлттық ғылым акаде­миясының академиктері Жұмабай Бәкенов пен Сұраған Дүрбітхан, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының кіші ғылыми қызметкері Анастасия Капытина сөз сөйледі.

Жалпы, Ғылым күні қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ ғалымды елеулі жетістіктері үшін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Атап айтқанда, 4 ғалым «Парасат», 15 адам «Құрмет» орденіне ие болды. Бұған қоса 6 маманға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілсе, тағы 2 ғалымға «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағы табыс етілді.