Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада жақында құрылған «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті академиясының жұмыс-жоспарымен таныстыру мақсатында Бас редакторлары клубы және қоғам өкілдерінің қатысуымен жиын өтіп, «Қазақ күшінің картасы» жобасы басталғаны туралы хабарланды, деп жазады Egemen.kz.
Іс-шараға танымал журналист, сенатор Бибігүл Жексенбай жетекшілік ететін «Бас редакторлар клубы» мүшелері, спорт пен мәдениет, білім-ғылым және ақпарат салаларының қайраткерлері мен өкілдері қатысты. Жиында қазақтың ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті туралы құнды ақпараттар берілді. Сонымен қатар белгілі күш мәдениетін зерттеуші, спорт мәдениетіне арналған бірнеше кітаптың авторы Абылайхан Қалназаровтың қазақ күресі мен балуандар, асық ату, көкпарға қатысты бірқатар кітабының «демо» версиялары және «Қазақ күшінің картасы» атты арнайы жобасы таныстырылды.
«Baluan tas» құрылтайшысы А.Қалназаров жаңа құрылымның миссиясы мен бағыт-бағдары, алдағы уақытта қолға алынбақ жоспарлар туралы айта келе, осы күні ұйымның тұңғыш жобасының басталатынын айтты. «Сүйіншілейтін жақсы жаңалығымыз бар. Бұл жобаны алдарыңызда таныстыру мен үшін зор мәртебе. Осы сәттен бастап «Қазақ күшінің картасы» жобасы ресми түрде бастау алады. Тұсауын сіздер кесіп отырсыздар! Оны түрліше атауға болады. «Қазақ күшінің картасы», яки «Қазақ күш-қайратының картасы» немесе «Ұлы даланың күш картасы» десек те, бәрінің мағынасы бір. Түркі әлемінің әлеуетін паш етеді. Басты мақсат – халқымыздың жауынгерлік-спорттық тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі – алып күш-қайрат иелерінің күш мұрасын тізімдеу мен зерттеу. Мұнда жұрт «Нақты не істейсіңдер?!» деп жатыр. Жауап айқын: Ел аузында «Балуан тас» деп аталатын ауыр тастарды іздеп тауып, олардың географиялық орналасу нүктелерін картаға түсіру мен ұлттық құндылық ретінде мәртебелеу мен насихаттау», деді ол.
Өз кезегінде жобаның басталуын білдіретін арнайы символдық қызыл лентаны «Бас редакторлар клубы» президенті Бибігүл Жексенбай, «Тас палуан» лақабымен танымал атлет, КИНЕС рекордтар кітабының рекордсмені Арман Сүлеймен және басқа да елге танымал азаматтар қиды.
Сенатор Б.Жексенбай тарихи-мәдени мұраның ішінде балуандық сынақтар рәсімінің маңызды болғанын айта отырып, ауыр тастардың қазақ халқының ерлік дәстүрін, күш пен батырлықты дәріптейтін элементтер ретінде ғасырлар бойы сақталып келе жатқанына тоқталды. «Қазақтың алып күш иелерінің тарихи рөлін насихаттау үшін ауыр тастарды зерттеу – ұлттық мәдениетімізді жаңғыртып, жастарға рухани мұрамызды түсіндіріп, насихаттаудың маңызды тәсілінің бірі. Бұл жағынан біз елімізде алғаш бастама көтеріп отырған Абылайхан Мамырайханұлын қолдауға қашан да әзірміз. Мен оның батыр, палуан, тіптен «түйе палуан» болған әйел-аналарымыз – Дариға, Айсәуле, Ұмсын, Күреш сұлулар туралы әңгімелерін талай естіген едім. Олар да назардан тыс қалмайды деп білемін», деп ойын жалғады.
«Қазақ күшінің картасы» жобасының басты міндеттері ретінде балуан тастардың географиялық орындарын карталық тізімге енгізіп, тарихи және мәдени-спорттық мұра ретінде сақтауға жол ашу, балуан тастарға қатысты аңыз-әфсана, хикаялары мен ел аузындағы әңгімелер, тарихи деректерді жинақтау және осындай көшпенділік саламатты өмір салты мен спорттық-жауынгерлік ерлік дәстүрін ғылыми айналым мен ақпараттық өріске енгізу, тарихтағы балуандар мен балуан тастарды қазіргі реалийлерге идеологиялық құрал ретінде ыңғайлау, ауыр тастарды таныстыру арқылы алып күш иелері мен қазақ күресінің тарихи рөлін көрсету және сол арқылы ұлттық идентификацияны күшейту, сондай-ақ Қазақстанның брендтік-туристік маршруттық әлеуеті мен спорттық-мәдени тартымдылығының артуына атсалысу секілді жұмыстар аталды.
Іс-шара соңында балуан Арман Сүлеймен, «Битва Титанов» турнирінің чемпионы Қуаныш Шәріпбекұлы күш ойынын көрсетіп, әйгілі жыршы Әлихан Дүйсенбай ән шырқады.
Айта кетейік, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті академиясы – қазақ халқының барлық дәстүрлі спортын сақтау, дамыту және халықаралық деңгейде танымал етуге бағытталған инновациялық орталық. Ол ұлттық спорт түрлерінің физикалық, рухани-мәдени және зияткерлік құндылықтарын зерттеп зерделеп, болашақ ұрпаққа жеткізуді және спорт арқылы елдік рухты күшейтуді көздейді. Ұйым 2025 жылғы 17 наурызда ұлттық спорт түрлері зерттеушілері мен ғалымдарының бастамасымен Астана қаласында құрылып, өз жұмысын бастады.