Биыл Атырауда маза бермейтін масамен күрес ерте басталды. Оған бюджеттен 244 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Almaty.tv дерегінше, қаладағы жағдайды былтырғы көктемгі су тасқыны одан сайын қиындатқан көрінеді. Атырау тұрғындары соңғы кезде жәндіктердің шамадан тыс көбейгенін айтады. Олар «қыруар қаржы бөлінсе де, дезинсекциялау жұмыстарын көріп жатқан жоқпыз» деп налиды.
Ауа райының күрт жылынуына байланысты масамен күрес жұмыстары ерте басталды. Шенеуніктер бұл шаруаға ашық конкурс арқылы екі бірдей компанияны тартыпты.
«Қала аумағын екіге бөлдік. Ашық конкурс жарияладық. Жеңімпаздар анықталды. Бірі 99 млн теңгеге қаланың оң жағын, екінші мердігер 93 млн теңгеге сол жағын масадан тазартады. Аталған қос мекеме жұмысты сәуірден бастады. Көпқабатты тұрғын үйлер мен саябақтарды улауға білек сыбана кірісті», дейді ТҮКШ және Тұрғын үй инспекциясының бас маманы Елтай Айбатов.
Қала әкімдігі масаны улау жұмыстарына былтырғыдан 2 есе көп қаржы бөлген. Алдымен көпқабатты үйлердің жертөлелері мен Жайық өзенінің жағасы, сосын саябақтар дезинсекцияланбақ.