• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Құрылтай 09 Сәуір, 2025

Кореяда өткен қазақ құрылтайы

90 рет
көрсетілді

Оңтүстік Кореяда Азия елдеріндегі қазақтардың екінші құрылтайы өтті. Бұл жолы Йонин қаласында Малайзия, Жапония және Моңғолиядағы қазақ диас­пора­лары­ның өкілдері бас қосты. Жиынға қатысу­шылар мәдени және экономикалық ынтымақтастық жөнінде пікір алмасты.

Іс-шара Сеулдегі «Qazaq Nomad Korea» ұйымының бастамасымен, Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшілігі және «Отандастар қоры» КеАҚ-ның қолдауы­мен 5-6 сәуір күндері ұйым­дас­тырылды. Сондай-ақ демеуші­лер қатарында Hankuk шет тілдері университеті (HUFS), «Air Astana» әуе компаниясы, «Pana» қонақүйлер желісі мен «ELSYM8» компаниясы бар.

Құрылтайдың алғашқы күні мәдениет саласы өкіл­дерінің қатысуымен мәдени блок және Қазақстан және Корея кәсіпкері­нің қатысуы­мен экономикалық блоктен тұратын екі пленарлы оты­рыс өтті. Онда Азия елдерін­дегі қазақ мәдени орталық­тары­ның қазіргі жағдайы мен бола­шақ жос­парлары, мә­дени-рухани байланыстарды ны­ғайту, сондай-ақ шетел­дегі отан­дастармен білім, ғылым және кәсіпкерлік сала­­ларын­да серіктестік орнату секілді ма­ңызды мәселелер талқыланды.

Жиынға «Отандастар» қоры қазақ тілін­дегі кітаптар­ды алып барды. Суретші әрі зергер Ақмарал Бақытова өз жұмыстарын көрсетті. Қазақ­станның еңбек сіңір­ген қайрат­кері Светлана Айтбаева қатысушыларды қазақ өнерімен таныстырды. Ал этнограф Айгерім Мұсағажинова қазақ­тың ұлттық тағамдарының пайдалы қасиеттері туралы айтып берді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Жұбаныш Жексенұлы көрер­мендермен бірге танымал қазақ әндерін шырқады. Құрылтайдың Хангук шетел тілдері университетінде өтуі кездейсоқ емес.

– Азияның әр түкпірі­нен келген делегаттардың Кореядағы басқосуы шетел­дегі қазақы құндылықтардың жаңғырып, жырақта жүрсе де, туған елмен байланысын үзбейтін отандастарымызбен арадағы ынтымақтастықты нығайтатын маңызды қадам екені сөзсіз. Биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай институты негізгі серіктес елдердің бәрін­де төл мәдениетімізді насихаттайтын орта­лық болуға тиіс деген еді. Осы тапсырма не­гізінде аталған жоғары оқу орнында Абай инс­титутын ашуды көздеп отырмыз. Әзір­­ге келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл ор­та­лық осы біздің диаспоралар мен басқа да шет­елдіктерге қазақ тілін үйрету құралы ретінде жұмыс істейтін болады, – деді «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров.

Фестиваль аясында Оң­түстік Кореяда алғаш рет қазақ тілінде шешендік өнер сайысы өтті. Оны Қазақстан­ның Сеулдегі елшілігі ұйым­дастырды. Финалға Хангук университетінің жеті студенті шықты. Олардың қабіле­тін Мәдениет қайраткері, әнші Қанат Айтбаев бастаған қазы­лар алқасы бағалады. Бірінші орын екінші курс студенті Ли Со Ёнға бұйырды.

– Мәдениет жай ғана ғи­ма­раттар, мекемелер емес. Бұл тұтас ұлттық сана-сезі­мін жаһандық деңгейде нығай­та түсетін мықты тұғыр. Сон­дықтан мәдени байланысымыз берік болуы үшін қазақ тілін үйреніп, екі ел арасын­дағы қарым-қатынасты одан әрі арт­тыруға ықпалдасқым келеді, – деді студент.

Қазақ тілі байқауының жеңімпазы Сеул-Алматы-Сеул бағытындағы тегін әуе биле­тін иеленді. Ұйымдастырушы­лар бұл сыйлық Ли Со Ёнға Қазақстанға барып, тілін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді деген ойда.

– Хангук университетін­де Орталық Азия елдерінің тану факультеті бар екен. Сол жерде қазақ-өзбек тілін үйренетін жастардың біз­дің мәдениетімізді, тілімізді еркін меңгеріп үйреніп жатқа­нын көріп көңіліміз біраз көтері­ліп қалды. Келбет­терінен емес, тіліне қарап қана корей не қазақ жастары екенін айырып тұрмыз, – деді әнші Қанат Айтбаев.

Ал екінші күні қазақ орта­лықтары­ның өкілдері мен отан­д­астарымыздың қатысуы­мен Наурыз мерекесін атап өту, ұлттық ойындар фестивалі және өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.