Ақтөбе қалалық соты Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығының директоры мен жеке кәсіпкерге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығының директоры жеке кәсіпкермен келісе отырып, жол белгілерін қою жұмыстары орындалды деп жалған келісім-шарт жасасқан. Тергеу барысында жұмыс орындалмай, бюджет қаржысының есепшотқа түскен бойы қолма-қол ақшаға аударылғаны анықталды.
Қалалық сот орталық директоры мен жеке кәсіпкерді ҚР ҚК 189-бабы 4- тармағымен айыпты деп танып, тапсырыс берушіні 8 жылға, мердігерді 7 жылға бас бостандықтарынан айыру жазасына кесті.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Орталық директоры сегіз жыл жаза мерзімін өтегеннен кейін де өмір бойы мемлекеттік қызметке алынбайды. Сондай-ақ, сотталушы мердігер де жазасын өтегеннен кейін 10 жыл кәсіпкерлікпен айналыса алмайды.