• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Сенат 08 Сәуір, 2025

Келісімді ратификациялау туралы заң қаралады

40 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен бюро өтті. Онда депутаттар 10 сәуірде болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.

Соған сәйкес алдағы бейсенбіде сенаторлар «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды. Заңның мақсаты Кипрмен қылмыстық сот ісін жүргізу саласында толық құқықтық база қалыптастыру және шетелде сотталған азаматтарды елге қайтару, олардың қоғамға тез бейімделуіне ықпал ету екенін атап өткен жөн.

Келісімге сәйкес тараптар өз азаматтарын беру жөніндегі міндеттемелерді қабылдайды. Ол үшін сотталушының ерікті келісімі, оның тараптардың бірінің азаматы болуы және жасалған әрекет екі елдің заңнамасы бойынша қылмыс деп танылуы­мен қатар бірқатар негізгі шарт сақталуы қажет.

Сонымен қатар палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бірінші оқылымда қара­ла­ды. Заң Денсаулық сақтау саласын­дағы заң­намалық реттеуді жетілдіру, ойын биз­несі саласындағы жарнамалық қызметті реттеуді оңтайландыру, құмар ойындарға қатысуды бақылауды күшейту, сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығын арттыру мақсатымен әзірленді.

Сондай-ақ бюро мүшелері 11 сәуірде сот және құқық қорғау жүйелерінің және заң шығару қызметінің сапасын арттыру мақсатымен мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің кадрлық әлеуетін нығайту аясында заң білімін дамыту мәселелері бо­йынша парламенттік тыңдау өткізу жөнінде тиісті қаулы қабылдады.

Бұған қоса бюро мүшелері осы аптада өтетін комитет отырыстарында қозғалатын тақырыптарды талқылады және осыған дейін Мәжіліс қабылдаған заңдарды жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөліп берді.