• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Су тасқыны 08 Сәуір, 2025

Тасқын судың әлегі

45 рет
көрсетілді

Көктем жылдағыдай қарбаласты ала келді. Өңірдің Атбасар, Бұланды, Астрахан, Шортанды тәрізді бірқатар аудандарда қызылсу жүріп, кәдімгідей қауіп төндіріп тұр. Адам өмірі үзілген қайғылы оқиға да болды.

Астана-Қостанай бағытында, Жақсы ауданының аумағында Перекатное ауылын жанай өтетін жол үстінен қызылсу жүріп кеткен. Тереңдігі 50 сантиметр, ені 400 метр шамасында. Қапелімде жолаушылар тым асығыс болды ма екен, кім білсін, көлік жүргізушісі тәуекелге бел буып, арыны қатты ағын суды көлігімен кесіп өтпек болған. Ағыстың қатты болғандығы соншалық, көлікті жол үстінен сырғытып, еңіске түсіріп жіберген. Көліктегі екі жолау­шы аман қалғанымен, жүргізуші қайғылы қазаға ұшырады.

Биыл қар дәл былтырғыдай қалың түспегенімен, Бұланды ауданында қызыл­судың қарқыны қатты болды. Жергілікті жұрттың айтуына қарағанда, Мақпал тауының бауырынан кілкіп аққан дала суы Құдықағаш, Сәуле ауылдарын жанай өтіп, Макинск қаласына құйылған. Қаланың шеткі көшелерін су басып қалды. Су тасқынының зардабын жоюға облыстық төтенше жағдайлар департаменті бар күш-мүмкіндіктерін жұмылдырды. Көкшетау, Атбасар, Астана қалаларынан да қосымша күш тартылды. Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментінен де көмек келеді деп күтіліп отыр. Қала шетіндегі бөгеттерді нығайтып, табиғи су жолдарын бөгеу үшін инертті материалдар салынған қапшықтарды төсеу жұмысы жалғасып жатыр. Қызылсудың алдын алуға 400-ге жуық адам мен жүзден астам арнайы техника жұмылдырылған. Қырдан құлаған қызылсуды қауіпсіз өткізу үшін автожолдарды ашу туралы шешім қабылданды. Бұл шара лықсып келген судың кідіріссіз өтуіне мүмкіндік береді. Түнде бірлескен жұмыстың арқасында 10 мың текше метр­ден астам су сорылып, жеті мың қап су жолын бөгеуге жұмсалды. Ерекше назар аударатын тұстардың картасы белгіленді. Макинск қаласында 12 учаскеде қауырт жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі күні қауіп сейілді. Иванковка ауылында 4 тұрғын үйді су басты. Капитоновка ауылының жанынан өтетін Боқсық өзенінің деңгейі көтеріліп, жағалаудан шығып кетуіне байланысты қауіп төнді. Түн ішінде 41 адам эвакуация­ланды. Новобратское ауылында 70 адам қауіпсіз жерге орналастырылды. Қызыл­судың құрсауынан 757 бас мал мен 471 құс құтқарылды.

«Қазгидромет» мамандарының айтуына қарағанда, облыстағы арнасы кең өзендердегі жағдай мұқият бақыланып отыр. Қылшақты, Шағалалы, Мойылды, Сілеті өзендері жуасыған. Әйтсе де су деңгейінің біршама ауытқуы байқалады. Оған себеп болған дүние, орман алқаптары мен сай-салалардағы кеш еріген қардың суының құйылуы. Қазіргі уақытта Есіл, Жабай, Қалқұтан, Нұра өзендері мен олардың салаларында тасқын су молы­нан жүріп жатыр. Қалқұтан, Жабай өзендеріндегі су мөлшерінің біршама көбеюі алаңдаушылық туғызып отыр.

«Қазавтожол» ҰК» АҚ Ақмола облыс­тық филиалы директорының орынбасары Рүстем Әбілев жол қызмет­тері де күшейтіліп жатқандығын мәлімдеді. Облыста су басу қаупі бар 48 жер анықталған. Оның 12-і көпір, 32-і құбыр. Өткен жылы бұл тұстарды бекітуге 30,5 миллиард теңге қаражат бөлініпті. Оның 20 миллиард теңгесі орташа жөндеу ­жобаларына бағытталған. Басқарма басшы­сының айтуына қарағанда, биылғы су тасқыны кезінде автожолдардың ­35 телімін су басқан.

– Су деңгейі түскеннен кейін жолдарды жөндеу жұмыстары бірден басталды, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков, – арнайы техникалармен жабдықталған бригадалар ұйымдастырылды. Жалпы, 20 шақы­рым жолда қырыққа жуық учаске су тас­қынынан зардап шекті. Үш көпір бүлінді.

Шортанды ауданындағы жағдай да алаңдатарлық. Балықтыкөл айдынындағы су деңгейі күрт көтерілген. Бұл көлге де қырдан құлдилай аққан қызылсу үздіксіз құйылып жатыр. Су ауылға кіргенімен, тұрғын үйлер зардап шеккен жоқ. Ауыл тұрғындары қатынайтын дала жолы жүруге жарамсыз. Қазір Камышенко ­ауы­лы­ндағы жағдай тұрақты бақылауда. Бұл елді мекенде 37 отбасы бар. 68 тұр­ғынның жай-күйі ескеріледі. Жергілікті биліктің мәлімдеуіне қарағанда, азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Бір жақсысы, ауылда ауру-сырқау жоқ.

Атбасар ауданы жыл сайын көктемде қарбалас күйге енетіні белгілі. Наурыз айының орта шенінде аудан тұрғындары күн қабағын бағумен болды. Жабай өзенінің арнасы тез толды. Наурыздың 20-ы күні ауданда облыстық, аудандық маңыздағы тас жолдың сегіз телімін қызылсу басты. Қазір қауіп аздап сейілген тәрізді.

Сындарлы шаққа аудан ерте қамданған сыңайлы еді. 240 мың текше метр қар шығарылып, он шақырым арық бойы тазаланған. Наурыз айының орта шенінде Жыланды, Жабай, Есіл өзендерінің мұзы жарылып, арнасынан ағын су кідіріссіз өтетін жағдай жасалған болатын.

Жыл сайын адамдардың апшысын қуыра келетін көктемгі қызылсудың тақсыретімен келген шығын әлі толық есептелген жоқ.

 

Ақмола облысы