Үшқатты – облыс орталығынан 350 шақырым, Әйтеке би ауданы орталығы Темірбек Жүргенов ауылынан 75 шақырым қашықтықта орналасқан, 400-ге жуық тұрғыны бар, шекарадағы ауыл. Қыр астында Орынбор облысының Домбаровка елді мекені мен Ясный қаласы тиіп тұр.
Ауыл ортасынан көрші елдің «Оңтүстік – Орал» теміржолы өтіп жатыр. Бұл жерде ресейлік пойыздар тоқтамай өте шығады. 2000 жылдардың басында шекараны демаркациялау кезінде екіжақты келісіммен теміржолды сол күйі қалдырған. Ауылдағы «Әйтеке би – Союзная» жеңілдетілген өткізу бекетінен Орынбор облысының Домбаровка елді мекені мен Ясный қаласына кідіріссіз өтуге болады. Әйтеке би ауданы диқандары осы жерден Ресейге астық өткізеді. Домбаровка ауданының шаруалары күзде көкөніс пен дәнді дақылдарын бері қарай саудалайды. Ауылы аралас, қойы қоралас деп осыны айтуға болады.
Үшқатты ауылдық округін 2010 жылдан бері осы жердің тумасы Гүлнара Алдабергенова басқарады. 1996 жылы Ор қаласындағы педагогикалық институтты бітіріп келіп, еңбек жолын мұғалімдіктен бастады. Алаңсыз еңбек етіп жүргенде адамы көшіп, үйлері тозып, барша игіліктен құр қалып жатқан ауылды көтеруге ұсыныс түскенде бас тарта алмады. Бюджеті жоқ ауылды басқару оңай емес. Әкімі әркімге жалынышты болады. Соған қарамастан, уақыт өте келе тәжірибе жинады. Алғашқы қиындық ауызсу жетіспеушілігінен басталды. Жерасты суын алатын ұңғы ауылдан 18 шақырым жерде болатын. Жарамсыз қондырғы, тозған мотор, ескірген құбырдан су үйлерге сыздықтап қана жетіп тұрды. Қондырғыны жаңарту туралы өтінішпен көп мекеменің есігін қақты, жобалау-сметалық құжатын әзірледі, мердігер жұмысын жіті қадағалады. Бақылау қатаң болған жерде іс жедел әрі сапалы аяқталады. Қазіргі кезде ауызсудан шағым жоқ. Гүлнара түйткілді мәселенің шешілу жолын тез таба біледі.
Тұрғындардың тағы бір өтініші көктем мен күзде мибатпаққа айналатын жолды ретке келтіру еді. Тиісті мекемелерге арыздана жүріп, мәслихат депутаттарының қозғауымен Үшқаттының кіреберіс жолы дұрысталды. Әйел адам басшылыққа келсе, әлеуметтік нысандардың жарқырап тұруын талап етеді. Себебі мектеп пен балабақша, мәдениет үйінің тазалығы мен ауласындағы сәнмен өсірілген жасыл желегі сол елді мекен тұрғындарына берілетін баға. Үшқаттыда жаңа балабақша салынды, дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізілді, ауыл клубы бой көтерді. Екі қабатты мәдени ошақта кітапхана, түрлі мерекелік іс-шаралар өтетін сахна мен залдар бар, бір жағында ауыл әкімдігі орналасқан. Мұндағы оқу залы кең де ыңғайлы, кітап қоры жеткілікті. 2022 жылы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, жылу жүйесі жаңартылды. Бұл күндері оқушылар кең де жарық, жылы, пәндік кабинеттер толық жаңғыртылған жерде білім алып жатыр. Сол жылы көгілдір отын келді. Қысы қытымыр, аязы мен бораны көп, жазы ыстық жерде отын-су мен мал азығы алты ай қысқа жеткілікті етіп дайындалады. Ауылға тартылған газ құбыры тұрғындарды көмір жағудан құтқарды. Гүлнараның тынымсыз еңбегінің арқасында көшелер түгел жарықтандырылды.
Ауылдық округте астық егетін шаруашылықтар көп. Шекара сызығындағы елді мекеннің тағы бір артықшылығы – 60-жылдары салынған үлкен элеватор әлі жұмыс істеп тұр. Бұл жерде Әйтеке би ауданының барлық шаруашылығы астық сақтайды. Аумағы атшаптырым, мезгіл-мезгіл бидай кептіретін қондырғылары бар, желдеткішпен жабдықталған орын. Елімізде астық, көкөніс сақтайтын қамбалар мен қоймалардың жеткіліксіздігінен, шаруалар жыл сайын жинаған өнімдерін күзде су тегін бағамен өткізуге мәжбүр. Үшқатты жұртының ұқыптылығы осында, элеваторды сатқан да жоқ, бұзған да жоқ. Меншік «Даут-М» серіктестігіне қарайды, оның директоры Айтқали Муширов бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Қамбада жақсы сақталған өнімді қымбат бағамен қайта сатуға болады. Көктемде тұқымдық картоп пен бидай іздегендер элеваторға бас сұғады.
Гүлнара Байеділқызының айтуынша, ауылда жұмыс жеткілікті. Тек ерінбей еңбек ете білу керек. Алдағы күндері су тасқынынан қиындықсыз өтсе, егіс науқаны басталады. Бұл уақытта әкімге тыным жоқ. Шаруалардың тұқым қорының жеткілікті болуы, тыңайтқыш жеткізу, Үкімет қорынан бөлінетін арзандатылған жанар-жағармай алуға қамдану қажет.
Елді мекендердегі адам санын тұрақтандыруға сапалы мектеп, жайлы балабақша, интернет байланысы, көгілдір отын, сумен жабдықталу жүйесі қажет. Алақандай ауылдың шаруасын дөңгелетіп отырған Гүлнара тағы да бірнеше жобаны жоспарлап қойды. Жас отбасылар мен оқу бітірген жастардың келгенін құп көреді. Бірақ бүгінгі жас елге көп жоламайды. Қол еңбегіне ұмтылмайды. Қолдағы бар дүниені ұқсата білетін, артық уәде бермейтін басшы Үшқаттыны табысты ауылға айналдыруды мақсат етеді. Мұның төте жолы – ауызбіршілік пен еңбек қана. Анығы сол, еңбекқор, бірлігі мол адамдары көп ауылдың босағасына береке ұялайды.
Ақтөбе облысы