• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Медицина 07 Сәуір, 2025

Шұғыл медицина орталығы бірыңғай базалық алаңға айналады

82 рет
көрсетілді

Бүгін Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының (ҰШМҮО) базасында түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің арасында Шұғыл медициналық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Іс-шараға ТМҰ елдерінің денсаулық сақтау министрлері қатысты, деп жазады Egemen.kz.

«Біздің санитариялық авиация  пациенттерді ел ішінде және шетелде емделу орнына жеткізу  үшін жылына 2 мыңнан астам әуе тасымалын жасайды. 15 өңір тікұшақпен қамтамасыз етілді, жыл соңына дейін тағы екі тікұшақ жеткізіледі. Санавиациямыздың көп елдерден айырмашылығы – мүлде тегін және шалғай аудандардың тұрғындары үшін қолжетімді, мемлекет есебінен болады, әрбір ұшудың артында азаматтарымыздың өмірін сақтап қалу тұр», деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова құжатқа қол қойғаннан кейін.

Қазақстанда алғаш рет шұғыл медицина орталығы төтенше жағдайлар, пандемия, техногендік апаттар жағдайында өзара іс-қимыл жасау және уақтылы медициналық көмек көрсету үшін бірыңғай базалық алаңға айналады.

«Біз өзбек әріптестерімізбен симуляциялық орталықтың базасында мастер-кластар өткізуге келістік, онда біз жедел жәрдем дәрігерлерін әлемдік стандарттар бойынша медициналық көмек көрсету дағдыларына үйретеміз. Біздің орталықтың жанынан инсульт болған жағдайда науқастарға шұғыл көмек көрсету жөніндегі қызметті үйлестіретін республикалық инсульт орталығы жұмыс істейді. Акушерлік, токсикология және басқа да бағыттар бойынша шұғыл орталықтар ашу жоспарда бар», деді ҰШМҮО басшысы Ержан Әділбеков.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ҰШМҮО – медициналық авиация, жедел жәрдем қызметтері мен қабылдау бөлімшелерінің жұмысын үйлестіретін озық көпфункционалды орталық. Кешенде 250 орындық стационар бар, оған 9 клиникалық орталық кіреді: жалпы хирургия (оның ішінде септикалық), акушерлік, политравма, терапия, кардиоторакалдық хирургия және кардиология, амбулаториялық хирургиямен урология, жалпы хирургия, гинекология және нейрохирургия департаменттері, сондай-ақ ЛОР бөлімшесі және 29 медициналық бейінді қамтитын офтальмология бөлімшесі. ҰШМҮО заманауи медициналық жабдықтармен (КТ 256 кескін, МРТ-3 тесла, ангио, рентген және ультрадыбыстық аппараттар) және 12 операциялық залмен жабдықталған. Сондай-ақ, ауруханада KINEVO 900 роботты хирургиялық бейнелеу жүйесі бар, ол жоғары дәлдік пен бейнелеу операцияларына мүмкіндік береді.