Тарихы сонау XX ғасырдың ортасынан бастау алатын Мырзашөл өңіріндегі алғашқы білім ошақтарының бірі – Түркістан облысы Жетісай ауданы Жылысу ауылдық округіндегі ұлт зиялысы, Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай атындағы №26 орта мектеп туралы айрықша айтуға болады.
Білім мекемесі 1966 жылы ашылғанымен, тарихы сонау 1957 жылдан басталады. Сол жылдың жазында орыстың атақты жазушысы Константин Симонов Мырзашөлге келіп, алғашқы тың игерушілермен танысты. 2000 жылғы 23 мамырдан бастап, оқу ордасы Үкіметтің №775 қаулысымен қазақтың біртуар ұлы Мұстафа Шоқай есімімен аталды. Қазір білім ордасын білікті педагог Ұлжалғас Прімбекова басқарады.
Жыл сайын бірнеше ондаған түлекті үлкен өмірге қанаттандырып отырған білім ұясы талай талантты шәкірттің шырағданын жақты. Олардың үмітін үкілеп, дүбірлі додаларға қосты. Шәкірттеріміздің арасында түрлі мамандық иелері бар.
Бүгінде білім сапасы жоғары, білікті ұстаздар сабақ беретін мектептің қол жеткізген жетістігі аз емес. 2023–2024 оқу жылында 6 оқушы «Алтын белгі» алса, 2 оқушы «Үздік аттестат» иегері. Биылғы оқу жылында озат оқушыларымыздан осындай үміт күтіп отырмыз.
Біздің мектепте тәрбие ісі жақсы жолға қойылған. Басты мақсатымыз – оқушының дүниетанымдық қабілетін дамыту арқылы оқу мен тәрбие жұмысындағы жаңашыл іс-әрекетпен шығармашыл тұлға тәрбиелеу. Әсіресе «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында бірнеше бағытты қамтыған іс-шара ұйымдастырылды.
Айталық, тәрбие жұмысында әкенің орны бөлек. Отбасында баласының болашағына көбірек көңіл бөлген әкелер мектепте өткен іс-шараларға, жалпы тәрбие жұмыстарына барынша атсалысады. Бұл – өте қуанарлық жайт. Жуырда мектепте «Әкелер кеңесі» өтті. Оған Жылы су ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Мырзалиев, ауылдың аға биі Е.Биболов, ауыл әкімінің орынбасары А.Алдешов, ауылдық полиция инспекторы Н.Орманов, Әкелер кеңесінің төрағасы А.Сүттібаев және мектептің ата-аналары қатысты. Онда қоғамдағы ер-азаматтардың рөлін арттыру туралы айтылды. Сонымен бірге ұлттық құндылық арқылы заманауи, парасатты әкелердің жаңа бет-бейнесін қалыптастыру мәселелері сөз болды.
– Қазір бала тәрбиесінде әке рөлі әлсіреп барады. Мектептегі ата-аналар жиналысына тек аналар келетіні де белгілі. Осыған байланысты тәрбие жұмысымен тек ұстаздар ғана емес, отбасында әкелер де айналысуы керек, – деді мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Бауыржан Әуелбеков.
Кеңесте ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Мырзалиев бала тәрбиесінде әкелер рөлі шынында да төмендеп кеткенін, баланың келешекте мықты азамат болуы үшін жасынан әке тәрбиесін көріп, ал әкелер баласына қай кезде де үлгі көрсетуі керектігіне назар аударды. Сондай-ақ «Есірткі тұтыну, темекі шегу, алкоголизмнің алдын алу» тақырыбына байланысты жоғары сынып оқушыларына арнайы жиын өтті.
Бүгінде Мырзашөл жеткіншектерінің жұлдызын жағып, шамшырағын жарқыратқан білім мекемесінің құрылғанына алпыс жылдан аса уақыт өтті. Осы аралықта іргесі мықты, білікті педагогтер қызмет істейтін оқу ордасы біраз биікті бағындырды. Ұлт қайраткерінің есімін иеленген мектептің алда да алар асуы биік, мақсаты айқын, болашағы жарқын деуге әбден лайықты.
Болат СЕРАЛИЕВ,
М.Шоқай атындағы №26 орта мектебі директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі
орынбасары
Түркістан облысы