Оңтүстіктен солтүстікке көшу бағдарламасы бойынша былтыр 7 мың квота бөлінген. Оған биыл Қарағанды, Абай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары сияқты 7 облыс қамтылып отыр.
Көші-қон саясатын іске асыруға маңызды мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар жұмыла атсалысады. Олардың ақпараттық жүйелері арасындағы байланыс, жұмысты атқару бойынша тиімді әдісті бірлесе табу ісі жетіле түссе, құба-құп. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің облыста ашқан мансап орталығының мақсаты – еңбек мобильділігін қамтамасыз ету. Қай жерде қандай мамандыққа сұраныс бар, қандай жағдай жасайды, мектебінің жай-күйі, т.б. осындай ақпараттарды береді. Ал жұмыс тиімділігін арттыруға халықпен тікелей жұмыс істей алатын азаматтық институт өкілдері, яғни қоғамдық ұйымдарға тиімді жобалар ұсынуға мемлекеттік органдар белсенділік танытса деп ойлаймыз.
Үш-төрт жылдан бері Қызылжар өңірінде шырылдап, «Теріскей бізге аманат!» деген ұран тастап, «Тәуекел» деген ұйым құрған Бурахан Дахановтың ұсынған жобаларын қолдап, бастамасының іске асуына қолғабыс тигізсе, біршама іс оңынан шешілер еді. Мысалы, Бурахан оңтүстік өңірден қоныс қарап, жағдайды барлауға келген азаматтарды, тіпті отбасымен көшіп келген жандарды жайғастырып, жөн сілтейтін орталық құрсам деген ой айтады.
– Петропавлдан 15 шақырымдай жерде алыстан келген қандастарға арналып салынған «Бәйтерек» ауылы бар. Бұл – кезінде «Элитный» деп аталған ауылдың орны. Қазіргі тұрғындарының бәрі – «Нұрлы көш» бағдарламасымен алыс шетелдерден оралған қандастар. Осы ауылда бұрынғы кеңшардан қалған екіқабатты ғимарат тұр. Аумағы – 900 шаршы метр шамасында. «Соны иесінен сатып алып, жөндетіп, маған жалға беріңіздер, мен оны көшіп келген қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдайтын орталыққа айналдырайын» деген ұсыныс айттым. Осы жерде алыстан келген ағайынға жөн сілтеп, қай жерлерге қоныстану тиімді екенін, қай жерде қандай жұмыс орны барын, қай жерде немен айналысуға болатынын, баспаналардың қайда тиянақты екенін айтып, барлық ақпаратпен таныстыруға болады. Ас-суларын беретін шағын асхана да ашуды ойладым. Аудандарға өзіміз апарып, көрсетіп келеміз. Бұрын келген жерлестеріне де жолықтырамыз. Сөйтіп, алыстан келген ағайынның көңілін аулап, мұнда жалғыз еместігін, оларға қуаныш сыйлайтын, қолдайтын, қоштайтын жандар бар екенін көрсетуге болар еді. Оңтүстіктен келген адамның ділі басқа, ортасы басқа. Мұнда ол климаттық, психологиялық өзгешеліктерге тап болады. Адам қоғамның өнімі, өзінің үйренген ортасын көрмеген соң олар жатырқайды, жалғызсырайды, жаны ауырады. Сондайда біз қазақы кеңдік көрсетіп, жанашырлық жасаймыз. Бейімдеу, әлеуметтендіру дегеніміз осы ғой. Қызылжарға оңтүстіктен халықты жеткізетін жалғыз пойыз – «Қызылорда-Петропавл». Ол кейде кешігіп, түн ортасында да келуі мүмкін. Сондайда пойыздан жердің суығынан қорқасоқтап түскен адамдар таңсық қалада қайда барарын білмей қаңтарылып, мансап орталығын іздеп аяғынан сарсылады. Ал бізді олар сайтымызда көрсетілген телефонымыз арқылы тауып, қашан келетінін, қай вагоннан түсетінін айтса болғаны, тәуліктің кез келген уақытында қарсы алар едік. Орталыққа таксимен апарып, жоғарыда айтылған жағдайларды жасар едік. Бірақ соны ешкім қолдамайды. Тіпті қалталы азаматтар да қолдау білдірмей тұр, – дейді Бурахан.
Міне, өз аяғымен келіп, қоныс аударушыны да, алыстан оралған қандастарды да қоныстандырғысы келіп, жан-тәнімен кірісіп жүрген осындай азаматтарды да қуана қолдау жоқ. Бурахан тіпті өздігінен демеушілер тауып, ондаған ұлттық іс-шараларды ұйымдастырып жүр. Жуырда ғана ол облыстық музейде қазақ кимешектерінің көрмесін де ұйымдастырды. Мақсаты келген ағайын теріскейді жатырқамасын, мұнда да қазақы орта, өнер барын көрсету екенін айтты.
Ресми ақпарат бойынша, 2023–2024 жылдары Солтүстікке жалпы саны 5 245 адам немесе 1 636 отбасы қоныс аударған. Оның 445-і – шетелдерден келген қандастар. Жалпы санын айтсақ, 2023 жылы 2 698 адам, 821 отбасы қоныс аударса, былтыр 2 547 адамы бар 815 отбасы ғана қоныс аударып, көшіп келушілер саны азайып кетті.
Мемлекет тарапынан көші-қон мәселесіне байланысты арнайы субсидия алған адамдар саны жоғарыда аталған 5 245 адам болса, соның еңбекке жарамдысы – 2 271, 18 жасқа толмағаны – 2 512. Сондай-ақ 162 зейнеткер, 103 студент, декреттік демалыстағы 197 әйел бар.
Кейбір отбасылық, климаттық, экономикалық себептермен кері қайтып кеткен адамдар да бар. Олардың жалпы саны 560-тан асады. Яғни орта есеппен 10 пайызы қайта кеткен деген сөз. Облысқа көшіп келгендердің 90 пайызы – этностық қазақтар, қалғаны – басқа этностардың өкілі, бірақ Қазақстан азаматтары. Ал алыстан келгендердің бәрі – қазақтар.
Жылына 2,5 мың адамның ғана келуі өте аз. Бұл қарқынмен 10 жылда 25 мың адам ғана келеді деген сөз. Ал қазір облыс халқының жалпы санының өсуі өте мардымсыз, алыс шетелдерге көшіп кетушілер де азаяр емес. Сондықтан көші-қонның тұрақтылығы ғана емес, оның артуына жанашырлықпен қараған жөн. Квота санын екі есе арттырса, құба-құп болар еді. Оның үстіне көшіп келген жандарды тұрақтандыру үшін қосымша шаралар қабылдаған жөн. Мұндағы халықтың шығындары оңтүстікке қарағанда артық екенін де ескеру керек. Әсіресе қыста жылы киім, отын, жылу, қуатты тағам мұнда оңтүстікпен салыстырғанда әлдеқайда көбірек қажет.
Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Солтүстікке келіп, еңбекте табысқа жетіп жатқан қандастарымыз да бар. Мысалы, Түркістан өңірінен келген Жәнібек Асқарбекұлы Ғ.Мүсірепов ауданындағы теміржол бөлімшесіне жұмысқа тұрып, алдымен қатардағы жұмысшы болып, қазір осы кәсіпорын басшыларының бірі. Жуырда ол Мансап орталығы қызметкерлерімен бірге Түркістан өңіріне барып, теміржолға жұмыс істеуге ниет білдірген 18 адамды әкелді. Қызылжар ауданындағы Подгорное ауылына түстіктегі Арыс ауданынан қоныс аударған Нұрсұлтан Қуатов қазір осы ауылдық округтің әкімі болып сайланды. Ол да қоныс аударушыларды шақыру үшін түстікке талай рет ат басын тіреді.
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ал жылыжай орнатып, жеміс-жидек, гүл өсіріп сатып, табыс тауып отырғандар қаншама. Тіпті бір қоныс аударушы бөдене өсіріп, табысқа кенеліп отыр. Жалға алған 30–40 гектар жеріне мал өсіріп, бірнеше қара малды бордақылап, тұрмысын түзеп жатқандар да бар. Қалай десек те, оңтүстіктен қоныс аударған ағайын дүниеге солтүстіктегілерге қарағанда епті екенін көрсетіп жатыр. Еңбек еткендерінің бәрі жаңа ортада өздерінің жоба-жоспарларын жылдам іске асырып жүр.
Жалпы, шекаралық аймақтардың бос қалмай, халықтың қоныстану жиілігі қалыпты деңгейде болғаны маңызды. Сол үшін оңтүстіктегі тығыз қоныстанған халықты солтүстікке тартып, көші-қонның барлық шығынын өтеумен қатар жеңілдетілген бағамен баспана салып беру қолға алынды. Бірақ үй салуға жалданған кейбір құрылыс компаниялары қадағалаудың кемшілігінен суыққа шыдас бермейтін, сапасыз баспаналар тұрғызып, миллиондаған қаражат босқа шашылды. Соның кесірінен талай үй бос қалды. Одан соң қоныс аударушының сатылатын үйлерді өзі таңдап алып, белгілі шектегі бағаның көлемінде жарты ақшасын бюджеттен (ұтқырлық сертификаты деп аталады) беріп, сатып алуына жол берілді. Мұның да шикілігі шығып, прокуратура органдары талай алаяқтықты әшкереледі.
Әрине, ауырдың үсті, жеңілдің астын қалап, оңай ақша тапқысы келген қулар да жоқ емес. Ондайларды да айтпай кетуге болмайды. Жуырда облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеме жасап, жоғарыда айтқанымыздай, қоныс аударушылар тарапынан мемлекетке 11 млн теңгеден артық шығын келтірілген фактіні ашқанын айтты. Бұл қылмыстар Айыртау, Ғ.Мүсірепов және Жамбыл аудандарында тіркелген. Ұтқырлық сертификатымен жарты ақшасын бюджеттен төлеу арқылы үй сатып алғысы келген қулар сатушымен келісіп, үйдің бағасын жымысқылықпен өсіріп көрсеткен. Ал үйдің нарықтағы бағасы әлдеқайда төмен болған.
«Осы фактілерге сүйене отырып, прокуратура Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, қорытындысында, аудандық сот үкімімен бағдарламаның үш қатысушысы бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасымен сотталды», деп хабарлады СҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ мемлекеттен қаржылай көмек алған бір қоныс аударушылар басқа өңірлерге көшіп кеткен. Соған қарамастан, жергілікті атқарушы органдардың шенеуніктері 103,6 млн теңге көлеміндегі төлемдерді өндіріп алу шараларын жасамаған.
«Прокурорлық қадағалау актілеріне сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың 25 қызметкері, оның ішінде мансап орталықтары филиалының 11 басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 19,1 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты қайтарылды. Қалған сомалар бойынша талап-арыздар сотқа беріліп, қаралып жатыр», делінген баспасөз хабарламасында.
Терістіктегі көші-қон жағдайы осындай. Адами тұрғыдан жанашырлық көбейе түссе, оның жандануы да арта түсер деген ойымыз бар. Ал көп ішінде кездесетін соңғы айтылған фактілер көштің көлікті болуына зардабын тигізе қоймас деп ойлаймыз.
Солтүстік Қазақстан облысы