БҰҰ штаб-пәтерінде өткен Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің конференциясына Қарағанды облысының делегациясы да қатысты. Өңірден барған делегация өкілдері Семей ядролық полигонының зардабын тартқан әлемге әйгілі суретші Кәріпбек Күйіковтің суреттерімен, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан «Полигон жаңғырығы» атты фотокөрмемен таныстырды.
Ядролық қаруды таратпау жөніндегі конференция – үкіметтерді, ғалымдарды, белсенділер мен азаматтық қоғам өкілдерін қоса алғанда, әлемнің түпкір-түпкірінен делегаттарды жинайтын әлемдік аренадағы маңызды оқиға. Көрме қатысушылардың назарын бейбітшілікті сақтау жөніндегі жаһандық күш-жігердің маңыздылығына аударды. Кәріпбек Күйіков көрмесі, сондай-ақ мұражай қорындағы фотокөрме конференция бойы жұмыс істеді.
Көрмеге күн сайын 100-ден астам адам келіп, олардың әрқайсысы Кәріпбек Күйіковтің өнеріне, Қазақстанның ядролық қаруды таратпау қозғалысына қосқан ерекше үлесіне тәнті болды.
– Семей полигоны – КСРО-ның ядролық сынақ полигондарының бірі, аса маңызды стратегиялық нысанасы болды. КСРО ядролық сынақ жүргізуге Қазақстанды таңдады. Өйткені далалық жері көп, халық саны аз. Қазақстанда 1949 жылы алғаш рет сынақ басталды. Семей полигоны жабылғанға дейін қазақ даласында қаншама жарылыс жасалды. Ата-анам сол сынақтарды өз көзімен көрген. Картиналарымда сол ядролық жарылыс сәтін, сынақтың зардабы тиген қазақ шаңырағын бейнеледім, – дейді суретші.
Кәріпбек өнерінің арқасында әлемдегі бейбітшілік және ядролық қарумен күрестің рәмізіне айналған жан. Картиналарында адамзаттың қасіретін жеткізді. Онысын әлем мойындады. Әлемнің бірнеше елінде Кәріпбек Телтайұлының картиналары көрмеге қойылды. Сондай-ақ ол «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының белсендісі болып, Семей ядролық полигонының жабылуына зор үлес қосты. Оның әр туындысында күрес, үміт, бейбіт өмірге ұмтылу бар.
Қарағанды облысы