• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Мәселе 02 Сәуір, 2025

Сарсаңға түскен саяжай тұрғындары

225 рет
көрсетілді

Атырау қаласының маңында 45 бау-бақша қоғамдастығы бар. Оған кіретін саяжайларда инженерлік инфрақұрылымдар оң шешімін таппай отыр.

Мұнайлы шаһарға жақын орналасқан «Речник», «Рыбник», «Химик», «Гидротехник» бау-бақ­ша қоғамдастығындағы сая­жайлардың тұрғындары бас­панасын жеке тұрғын үй секторына ауыстыруды сұрап жүр. Тұрғындардың шағымы саяжай­лар аумағында жол салын­баға­нына, электр энергиясының қым­баттығына байланысты туын­даған. Саяжайларды мекендеген тұрғындардың осындай түйткілге байланысты жанайқайы облыс асып, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр­ға жетті.

«Рыбник» бау-бақша қоғам­дас­тығының тұрғыны Қайыржан Оразғалиевтің айтуынша, жер­гілікті атқарушы орган өкілдері мәселені шешуге құлық танытпай отыр. Жолдың жоқтығы әбден шаршатқан. «Жергілікті әкімдіктің мәселені шешіп бе­реміз дегеніне біраз жыл өтті. Тұрғын үйлерініңіз жеке секторға ауыстырылады деген уәдесі де орындалмай келеді», дейді Қ.Ораз­ғалиев.

Сәлима Изгиеваның айтуына қарағанда, күйеуінің бірінші санаттағы мүгедектігі бар. Ем­ханаға апаруға шақыртқан инватакси үйіне дейін келмейді. «Өйт­кені көшеміздегі жол көліктің жүруіне жарамайды. Сол себептен инватакси де, жедел жәрдем көлігі де көшемізге өте алмайды. Күйеуімді трассаға дейін арбасымен өзім итеріп барамын, үй маңында серуендете де алмаймын. Жаңбыр жауған кезде батпақпен жүру тіптен қиын», дейді С.Изгиева.

Саяжайда жаяу жүргіншілерге арналған жол жоқ. Сондықтан тұрғындардың бәрі көлік жолымен жүреді. Ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды. «Біз қала­да жөнделген жолдан алын­ған асфальт­­тың қалдығын көшеге төсеу­­ге ұсыныс айтып едік. Алай­да оған рұқсат берілмей келеді. Сая­жай тұрғындары оны өз қар­жы­­сына сатып алады», дейді Қ.Ораз­ғалиев.

Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ержан Хайноллаев мұндай деректің барын жоққа шығармады. Тіпті шенеуніктер тұрғындардың ескі асфальттың қалдығын сатып алатынынан хабардар болып шықты.

«Ескі асфальттың қалдығын жеке иелігінде жүк көлігі бар адам­дар тасымалдайды. Бірақ оларды ұдайы бақылау мүмкін емес. Өткен жылы тұрғындардың осын­­дай дерекке байланысты ша­ғымы тексерілді. Фрезаны сат­қан көлік жүргізушісі жұ­мыс­тан шыға­рылды. Ал фрезаны бар­лық саяжайдағы көшеге төсеу мүм­кіндігі жоқ. Тұрғындар ма­ңызды көшелердің тізімін жасап берсе, соған асфальт қал­ды­­ғын төсеуге болады», дейді Е.Хайноллаев.

«Атырау-Жарық» АҚ прези­дентінің орынбасары Тұрлан Дошатовтың пікірінше, бау-бақша қоғамдастығына электр энергиясы техникалық шартқа сәйкес беріліп отыр. Алайда әр тұрғынмен жеке келісімшарт жасалмаған.

«Мұнда тұрғын үйлер жеке сек­торға жатқызылмаған. Сол себептен келісімшарт қоғам­дас­тықтың төр­­ағасымен ғана жасалады. Тұр­ғын­­­дар тұтынған электр энер­гия­сы­­ның көрсеткіші ортақ трансформатор­дан алынады», дейді Т.Дошатов.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқа­совтың мәліметінше, «Қазақстан» сая­жай және бау-бақша шаруа­шы­лық­тарын дамыту жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған Жол картасы аясында Атырау облысын­да жұмыс тобының құрамы бекітілген, жос­пары жасалған.

«Биыл саяжайлардағы трансформаторларды «Атырау-Жарық» АҚ-ның балансына беру көзделген. Сол кезде электр энергиясымен қам­­ту, тарифті реттеу мәселесі шеші­мін табады», дейді қала әкімі­нің орынбасары.

Оның дерегіне қарағанда, Атырау қаласының маңындағы 45 бау-бақша қоғамдастығының алабында 15 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Қазір әкімдік тарапынан түгендеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Соның қорытындысымен мәліметтер тағы жаңартылады. Сая­­жай­лардағы тұрғын үйлерді жеке сектор санатына жатқызу үшін Аты­рау қаласының бас жос­па­рына өзгеріс енгізу қажет. Бас жо­спар Үкіметтің 2016 жылғы 29 қара­­шадағы №749 қаулысымен бекітілген.

«Бас жоспарға өзгеріс енгізуге қатысты Атырау облыстық құры­лыс, сәулет және қала құрылысы басқар­масымен бірлескен жұ­мыс­тар­ды атқару қолға алынды. Шаһар­­­­дың қайта жасақталған бас жос­­па­рын Үкімет қаулысымен осы жыл­дың желтоқсан айында бекі­ту жос­пар­ланып отыр. Осы тетік­тер іске асырылғаннан кейін ғана сая­жай алқаптарына қажетті инже­нер­лік инфрақұрылымның бәрін тарту мүмкіндігі қаралады. Атырау қалалық сәулет, құрылыс және жер қатынастары бөлімі қолға алған түгендеу жөніндегі жұмысты жеделдетуге тапсырма берілді. Инфра­­құрылым са­луға қажет жоба­­лық-сметалық құжат­таманы жедел бастау, қала жолдарына құры­лыс-монтаж жұмыстарын жасақ­тау кезіндегі босаған фрезаны тапсырысқа сәйкес бөлу жос­парланады», дейді М.Мұқасов.

 

Атырау облысы