Солтүстік Қазақстан облысында да «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жақсы нәтиже беріп келеді. Жүйелі жобаның маусымдық іс-шаралармен, сенбіліктермен шектеліп қалмай, әлеуметтік нормаға айналып, халық санасында орнығып, жалғасын тауып келе жатқанына қалың бұқара куә болып отыр.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыста акция аясында шамамен 90-ға жуық іс-шара өткізілді. Соның бәрі дерлік, жастардың бастамасымен, түрлі форматта ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 38 тазалық марафоны, 5 экофестиваль, 8 конкурс, 8 челлендж, 5 жабық орындарда көгалдандыру акциясы, 15 тренинг, 9 вандализмнің алдын алу іс-шарасы болды.
Петропавл қаласының мектептерінде белсенділер мен волонтерлер оқушылар арасында қоршаған ортаны таза ұстау жөнінде қызықты акциялар өткізді. «Қоршаған орта – ол да сенің үйің сияқты, үйіңнің ішін қалай таза ұстасаң, есік алдын, ауланы, көшені де солай таза ұстау керек. Өйткені бұл сенің өмір сүру, өсу аумағың, қуанышпен күлетін, жадырап-жайнап жүретін ортаң» деген ұғымдарды балалардың қалай түсінгені туралы конкурстар ұйымдастырылды, оқушылардың экологияны таза сақтау, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы шығармашылықтары сараланды. Оған талапкерлер салған суреттерімен, жазған өлеңдерімен, көркем шығармаларымен қатысты. Үздік шыққан оқушыларға сыйлықтар мен Алғысхаттар табыс етілді.
«Осы іс-шараның бәрі жас жеткіншектердің бойында экологиялық тазалықты сақтау ұғымын қалыптастыру, дамыту мақсатында өткізілді. Сайып келгенде, бұл жұмыстар жастардың патриоттық сезімін оятып, өз еліне, өз жеріне деген махаббатының жандануына әсер етеді. Оқушылардың іске деген ынталылығы біздің де құлшынысымызды арттырды», дейді Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дамир Әбдин.
«Наурызнама – 2025» онкүндігі аясында аулаларды тазарту, жалғызілікті қарт адамдарға көмектесу жөнінде қырыққа жуық іс-шара ұйымдастырылды. Былтыр жыл бойы осындай қамқорлық іс-шарасы, экологиялық акцияларға жастар арасынан 5 мыңдай волонтер қатысты. Тазалық сақтау акцияларына 10 мыңнан артық адам тартылды. Биыл да 300-ден астам экологиялық акция мен іс-шара жоспарланып отыр. Соның ішінде тұрақты жүргізілетіндер қатарында «Таза аула – таза Отан», «Табиғатты аяла!», тағы басқа да баталы бастамалар бар. Жастар ресурстық орталығы жалғызілікті қарттардың аулаларын тазарту, отынын дайындап беру, күл-қоқысын сыртқа шығару жөніндегі «Қамқор», «Көмек келіп қалды», «Қайырымдылық» акцияларын тұрақты жүргізеді.
Акциялар мен іс-шараларды ілгерілету мақсатында әлеуметтік желілерде экотрендтер жасалып, оған аймақтық блогерлер, қоғамдық пікірдің көшбасшылары, депутаттар, ардагерлер, волонтерлер, танымал спортшылар тартылады.
Солтүстік Қазақстан облысы