Өткен аптада жарық көрген «Азияның мықтылары белдеседі» атты мақалада Иорданияның астанасында шымылдығы түрілген Азия чемпионатын тілге тиек ете отырып, еліміздің грек-рим күресі шеберлерінің өнеріне баға берген едік. Бүгінгі мақалада еркін күрес шеберлері туралы баяндауды жөн көріп отырмыз.
Еліміздің еркін күрес шеберлері Азия чемпионатына 1993 жылдан бері үздіксіз қатысып келеді. Сол аралықта аталған жарыстың жалауы 29 мәрте желбіресе, соның екеуінің командалық есебінде көш бастадық. Алғашқы толағай табысқа 2006 жылы қол жеткіздік. Алматыда ұйымдастырылған байрақты бәсекеде Леонид Спиридонов (66 кг), Нұржан Қатаев (96 кг), Марид Муталимов (120 кг) қарсы келгендердің барлығын алып та, шалып та жығып, құрлық чемпионы атанды. Бауыржан Оразғалиев (60 кг) пен Геннадий Лалиев (84 кг) қола медаль еншіледі. Одан кейін 2023 жылғы дүбірлі додада атой салдық. Астанадағы аламанда Санжар Досжанов (70 кг), Дархан Есенғали (74 кг), Болат Сақаев (79 кг), Азамат Дәулетбеков (86 кг) сынды саңлақтар дара шықты. Ризабек Айтмұхан (92 кг) мен Юсуп Батырмұрзаев (125 кг) күміспен күптелсе, Рахат Қалжан (57 кг) қолаға қол созды.
2021 жылы Алматыда да үш алтын алған едік. Алатау баурайында Сырбаз Талғат (70 кг), Нұрқожа Қайпанов (74 кг), Олег Болтиннің (125 кг) бағы жанса, Адлан Асқаров (61 кг) пен Әлішер Ерғали (97 кг) финалда ұтылды. Бірақ медальдардың саны мен сапасы жағынан Иран құрамасы алдымызды орап кетті. Үш жарыста (2018, 2019, 2020) екі алтыннан олжаласақ, 12 байрақты бәсекеде бір ғана бас жүлдеден бұйырды. Сондай-ақ аталған додада тағы 11 мәрте туымыз көкте желбірегенімен, әнұранымыз бірде-бір рет шырқалмады. Яғни сол бәсекелерде отандастарымызға алтын медаль бұйырмады.
Еркін күресте алып Азияда Иран құрамасына тең келер команда жоқ. Олар 1993 жылдан бері жалпы есепте 22 рет (1993, 1995–1997, 2001, 2003–2005, 2007–2010, 2012, 2014–2017, 2019–2022, 2024) жеңіс тойын тойлады. Еліміз Тәуелсіздік алмай тұрған кезде жалауы желбірген сегіз жарыста да (1979, 1981, 1983, 1987, 1988, 1989, 1991, 1992) Парсы елі пехлевандары алдарына жан салмады. Ирандықтардан бөлек, командалық сайыста тек Өзбекстан (1999, 2000, 2011, 2018), Қазақстан (2006, 2023), Үндістан (2013) ғана озды. Өзге мемлекеттетердің өрендеріне ондай бақ бұйырмады.
1993–2024 жылдар аралығында Иранның 101 еркін күрес шебері Азия чемпионы атанды. Өзбекстанның 29, еліміздің 28 балуаны сол межеден көрінді. Өзге елдердің көрсеткіштері мынадай: Солтүстік Корея – 17, Жапония – 14, Қырғызстан –13, Оңтүстік Корея – 12, Моңғолия – 11, Үндістан – 9, Қытай мен Бахрейн – 3, Тәжікстан – 2.
Қазақ елі балуандары арасынан Марид Муталимов (2005, 2006, 2010), Дәулет Ниязбеков (2015, 2016, 2018), Азамат Дәулетбековтің (2022, 2023, 2024) өзгелерден көш ілгері. Олардың Азияның үш дүркін чемпионы деген атақтары бар. Осы көрсеткішті жаңартуға Семей өңірі тумасының жақсы мүмкіндігі бар. Өйткені Иордан өзенінің жағалауына аттанғандардың қатарында Дәулетбеков те бар. Азамат Амманда атой салса, онда төрт дүркін Азия чемпионы атанады. Данияр Қайсанов (2019, 2020) пен Нұрқожа Қайпанов (2019, 2021) екі жарыста жеңімпаз атанса, Елмәди Жабырайылов (1995), Мәулен Мамыров (1999), Ислам Байрамуков (2000), Леонид Спиридонов (2006), Нұржан Қатаев (2006), Дәурен Жұмағазиев (2011), Расул Қалиев (2014), Ақжүрек Таңатаров (2017), Нұрислам Санаев (2018), Юсуп Батырмұрзаев (2020), Сырбаз Талғат (2021), Олег Болтин (2021), Санжар Досжанов (2023), Дархан Есенғали (2023), Болат Сақаев (2023) бір-бір реттен алтын тұғырдан қол бұлғады.
Жерлестеріміз былтыр Бішкекте өткен Азия чемпионатының жалпы есебінде үздік үштікті түйіндеді. Азамат Дәулетбеков (86 кг) қарсылас шақ келтірмеді. Финалда ол жазғы Азиаданың қола жүлдегері, өзбекстандық Жабырайыл Шәпиевке шаң қаптырды. Асыл Айтақын (61 кг) мен Ризабек Айтмұхан (97 кг) күміс медальды мойындарында жарқыратты. Финалда Асыл қырғыз Тайырбек Жұмашбекұлынан жеңілсе, Ризабек атағы алысқа жайылған бахрейндік Ахмед Тәджудиновтен ұтылды. Жартылай финалда сүрінген Мейрамбек Қартбай (57 кг) қола жүлдені еншіледі.
Қырғызстанның бас шаһарында да Иран құрамасы (5+0+3) қарсылас шыдатпады. Сарапқа салынған 10 бас жүлденің тең жартысын еншілеп, өздерінің үстемдігін паш етті. Екінші орында – Жапония (2+1+2). Қарымды Қырғызстан (1+1+2) мен кілең дағыстандық легионерлерден жасақталған Бахрейн (1+0+3) төртінші, бесінші сатыларға жайғасты.
Еркін күрестен 2024 жылы Азия чемпиондары: 57 кг – Кенто Юмия (Жапония), 61 кг – Тайырбек Жұмашбекұлы (Қырғызстан), 65 кг – Рахман Амузат (Иран), 70 кг – Әмір Яздани (Иран), 74 кг – Кота Такасахи (Жапония), 79 кг – Мұхаммад Ноходи (Иран), 86 кг – Азамат Дәулетбеков (Қазақстан), 92 кг – Әмір Хоссейн Фирузпур (Иран), 97 кг – Ахмед Тәжудинов (Бахрейн), 125 кг – Әмір Хоссейн Заре (Иран).