• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет 22 Наурыз, 2025

Киім мәдениеті

228 рет
көрсетілді

Атырауда ұлттық киімдер шеруі өтті. Биыл екінші рет өткен шеруге қатысушылар қазақтың ұлттық киімін киіп шықты.

«Бұл шеру ата-бабамыздан қалған асыл мұраны құрметтеудің, ұлттық болмысымызды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Әсіресе жастардың санасына ұлттық құндылықты сақ­тау­дың маңызын сіңіргіміз келді. Өйткені қазақтың ұлттық киімі – тарихымыз бен мәдениетіміздің айнасы», дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.

Ал облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлттық киім – ұлттың көркі» уақытша көрмесі ашылды. Көрмеге қазақ халқының санғасырлық тарихынан сыр шертетін 30-дан астам ұлттық киім коллекциясы қойыл­ды.

«Әр ұлттың өзіндік ерекшелігін көрсететін маңызды белгілерінің бірі – ұлттық киімі. Қазақ халқының ұлттық киімдері әсемдігімен, қолөнерлік нақыштарымен және символдық мәнімен дараланады», дейді музей директоры Мұхамбетқали Кипиев.

Музей қызметкерлері көрмеге келушілерге ұлттық киім түрлерінің да­йындалу жолын, ондағы қолөнер ерекшелігі туралы ақпарат берді.  Кол­лекцияда музей қорында сақталған шапан, күзен ішік, шекпен, көйлек, кәжекей, бешпент секілді сырт киімдер бар.

Сондай-ақ түлкі тымақ, құндыз бөрік, тақия, күләпара, сәукеле, кимешек, қасаба секілді баскиімдер ұсынылды. Жәдігерлер қатарын көк­сауыр кебіс, шоңқайма етік, саптама етік, мәсі түріндегі сирек кездесетін аяқкиімдер толықтырды.

 

Атырау облысы